АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри Ресейге барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри Ресейге барды

27.03.2016
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри Ресейге барды
Мәскеу мен Вашингтон Сирияда тамызға дейін өтпелі үкімет құрып, жаңа конституция жобасын әзірлеуге уағдаласты.

Сирияда атысты тоқтату туралы келісімнің күшіне енгеніне бір ай болды. Жалпы алғанда, бұл ымыра сақталып отыр деуге болар. Ендігі мақсат – елде барлық жанжалдасушы тараптардың мүддесіне сай келетін билік орнату.

Осы аптада АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри Ресей астанасына барды. Мәскеу мен Вашингтон Сирияда тамызға дейін өтпелі үкімет құрып, жаңа конституция жобасын әзірлеуге уағдаласты.

Бірақ, Керри мен Лавров бір үлкен проблема бойынша пәтуаласа алмай тарқасты. Ол – президент Башар Асадтың келешегі. Дәл осы мәселе Женевада басталған бейбіт келіссөздерді де тығырыққа тіреп отыр.

Екі алып елдің бас дипломаттары Украинадағы жағдайды да айналып өткен жоқ. Мәскеудегі кездесуде тағы не айтылды?
Мәскеудің Внукова-2 әуежайы. АҚШ Мемлекеттік хатшысы ұшақтан үлкен шабадан ұстап түсті. Оның ішінде не бар? Бұл сауалдың жауабы журналистерге ғана емес, Ресей президентіне де қызық.

«Бәлкім, Джон Керри негізгі мәселелер бойынша саудаласу үшін Мәскеуге ақша әкелген шығар», - деп әзілдеді Кремль басшысы. Американың бас дипломаты болса, шабаданын жеке кездескенде ашып, таң қалдыруға уәде берді.

Бірақ, кейін Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова «Фейсбукте» жазғандай, Керри әлемнің қай еліне барса да гитарасын алып жүреді екен. Және де бұл аспапқа ол бала күнінен әуес.

Ал, Владимир Путинмен арадағы келіссөздер 4 сағатқа созылды. Онда тараптар музыканы емес – Сирия мәселесін талқылады. Екі жақ Араб Республикасындағы атысты доғаруға өткен айдың соңында уағдаласқаны белгілі.

Бірақ, Мәскеу мен Вашингтон арасында президент Башар Асадтың болашағына қатысты ортақ пікір жоқ. Құрама Штаттар Асад биліктен кетуі керек, деп есептейді. Ал, Путиннің ойынша, бұл мәселені Сирия халқының өзі шешуі тиіс. Дегенмен, отырыстан кейін Керри мәлімдегендей, АҚШ пен Ресей Асадты дұрыс шешім қабылдауға үгіттеп көрмек.

Джон Керри, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:
Сенемін. Ресей де бар күшін салып отыр. Бәріміз президент Асадты алдағы бірнеше күнде дұрыс шешім қабылдауға көндіруге тырысамыз. Мұндай шешім Сирияда шын мәнінде өтпелі үкімет құрып, бейбітшілік орнатуға үлес қосар еді.


Америка әкімшілігінің пікірінше, Асад 2011 жылы орнынан кеткенде, Сирияда мұнша қан төгіліп, миллиондаған адам елден босып кетпес еді.

Наурыздың 14-де Женевада Сирия үкіметі мен оппозициясы арасында тікелей емес кездесу басталды. Бірақ, сол келіссөздер тығырыққа тіреліп отыр. Өйткені, оппозиция өтпелі үкіметте Асадқа орын болмасын деген позиция ұстанып отыр. Үкімет делегациясы болса бұл пробеманы тіпті талқылауға қарсы. Дегенмен, тараптар 12 принцип бойынша ортақ мәмілеге келді.

Олардың ішінде терроризмнен бас тарту, Сирия армиясын қайта құру, демократиялық зайырлы мемлекет құру, репрессияға төзбеу, босқындарды қайтару, сыртқы күштерді елдің ішкі істеріне араластырмау, билікті саяси жолмен өзгерту тәрізді қағидаттар бар.
Соңғысына қатысты басы ашылмаған мәселелер келесі раундта, яғни, келесі айда қайта басталуы мүмкін келіссөздерде тағы қарасады.

Стаффан Де Мистура, БҰҰ Сирия жөніндегі арнайы елшісі:

Келесі раундта келісілген принциптерге тағы да баса назар аудармаймыз. Оларға онсыз да көп мән берілді. Ортақ пікірге келгеніміз де рас. Ендігі жолы саяси процеске ерекше көңіл бөлуге тиіспіз.


Женевада Сирия жөніндегі келіссөздер сәуірдің 9-да басталады деген болжам бар. Бірақ, оған делегаттардың кейбірі сәуірдің 14-де, яғни, Сирияда парламенттік сайлау аяқталған соң бір күн өткенде қатысуы мүмкін.

Мәскеуге оралсақ, Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бейбітшілік үшін Мәскеудің Асадқа биліктен кету туралы қысым жасайтыны жөнінде ештеңе айтқан жоқ.

Бірақ, оның мәлімдеуінше, Ақ үй мен Кремль Сириядағы жағдайды реттеуге бұрынғыдан да көбірек күш жұмсауға әзір. Ең бастысы, Америка мен Ресей жанжалдасушы тараптарды бұрынғыдай арағайын арқылы емес, тікелей жүздестіруге пәтуаласты.

Сергей Лавров, Ресей Сыртқы істер министрі:
Бәлкім, ең маңызды жайт болар – біз саяси процеске қажетті жағдайды жасауға көбірек үлес қосуға уағдаластық. Бұл процесс Сирия халқының ел болашағына қатысты келісімімен аяқталуы керек. Сонымен қатар, біз Женевада үкімет пен барлық оппозициялық топтарды тезірек бетпе-бет жүздестіру үшін жұмыс істеуге келістік.

Бұл жерде саяси процесс дегені – өтпелі үкімет құру. Лавров пен Керри айтқандай, Сирияда ондай билік пен жаңа конституция жобасы тамыз айына дейін дайын болуы керек.

Сириядағы соғыс 2011 жылы басталып, одан кемінде 250 мың адам қаза тауып, 11 миллиондай тұрғын үйлерін тастап кетті. АҚШ-Ресей жоспары бойынша, мұнда атыс осыдан тура бір ай бұрын тоқтады.

Бірақ, «Даиш», «Нұсра Майданы» тәрізді радикалдық топтарға қарсы операция әлі жалғасып жатыр. Осы аптада Сирия армиясы Ресей әуе күштерінің көмегімен «Даиштың» қарамағындағы ежелгі Пальмира қаласына басып кірді.

Сирия армиясының жауынгері:

Біздің жауынгерлер басымдық байқатып, Тадмур ауданына кірді. Моза сарайы біздің қолда. Ендігі мақсатымыз - Зира айналма жолын қайтару.

Мәскеуде Ресей мен АҚШ өкілдері талқылаған тағы бір үлкен проблема – Украинадағы ахуал. Қазір Вашингтон Мәскеуге «Донбастағы сепаратистерді атысты тоқтатуға мәжбүрле», деп талап қойып отыр. Алайда, Ресей жағының сөзіне сенсек, Минск келісімін Украина армиясы жиі бұзады.

Дегенмен, Брюссельге аттанарда Керри шарт қойды. Оған сәйкес, Донбастан әскер мен қару-жарақ түгел әкетіліп, Ресеймен арадағы шекара Украинаның қарамағына өтуі керек. Сонда ғана Вашингтон Мәскеуге қарсы санкцияларды алып тастауға әзір.

Донбаста биыл жергілікті сайлау өтуі керек еді. Бірақ, оны Киев қауіпке байланысты ұйымдастыра алмай отыр. Ал, сепаратистердің ойынша, мұндай сайлау өтетін болса, Луганск және Донецк облыстарының билігіне Украинаның ұлтшыл партиялары келеді.

Батыс пен Ресей дауына арқау болған тағы бір үлкен проблема – Ресейде 22 жылға сотталған украиналық пилот Надежда Савченко. Керри Мәскеуден кеткеннен кейін Савченко екі ресейлікке алмастырылып, еліне оралады деген мәлімет пайда болды.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу