Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары үшін 65 сайлау учаскесі құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары үшін 65 сайлау учаскесі құрылды

13.03.2016
Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары үшін 65 сайлау учаскесі құрылды
Көбі шет мемлекеттегі консулдық есепте тұрған азаматтар.

Тура бір аптадан кейін өтетін сайлауға елімізден жырақ жүрген жерлестеріміз де қатыса алады. Осы күнге дейін шетелде жүрген Қазақстан азаматтары үшін 65 сайлау учаскесі құрылды.

Көбі шет мемлекеттегі консулдық есепте тұрған азаматтар. Олар сайлау күні сол елдегі Қазақстан консулдығы жанынан құрылған сайлау учаскелеріне барып дауыс бере алады. Ол үшін өздерінің төлқұжатын көрсетсе жеткілікті.

Ләззат Сүлеймен, ҚР ОСК мүшесі:
Қазір Орталық сайлау комиссиясы 51 шет мемлекеттегі ҚР өкілдіктері жанында 65 сайлау учаскесі құрылды. 25 учаске Азия елдерінде, 4 Оңтүстік және Солтүстік Америкада, 1- Африкада, 20-сы Еуропада, 15 – ТМД-да. Бұл жерде Қазақстан азаматтары партиялық тізім бойынша Парламент Мәжілісіне сайланатын кандидаттар үшін дауыс беретінін айта кету керек.

Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынысымен осы аптада тағы да ондаған шетелдік байқаушыларды аккредиттеді. Араларында ТМД байқаушылары миссиясынан - 19, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымынан - 8, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясынан - 7 және Украинадан - 3 байқаушы бар.

Бұдан бөлек, комиссия 27 мемлекеттен 117 шетелдік БАҚ өкілін тіркеген. Осылайша, аккредитациядан өткен халықаралық байқаушылар мен шетелдік бақ өкілдерінің жалпы саны 725-ке жетті. Алайда, бұл әлі нақты тізім емес. Өйткені, халықаралық байқаушыларды аккредиттеу 14-ші наурызға дейін яғни ертеңге дейін жалғасады.

Ал саяси доданың қорытындысы 27 наурыздан кешіктірілмей анықталады және 30 наурыздан кешікпей бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланады. Ең бастысы, сайлау күнi дауыс беруге арналған ғимаратта қоғамдық пiкiрге сұрау салуға тыйым салынады.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу