Астанада үй жиһаздарын шығаратын цех бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада үй жиһаздарын шығаратын цех бар

07.02.2016
Астанада үй жиһаздарын шығаратын цех бар
Қазақстандағы жиһаз нарығы бүгінде 252-255 миллиард теңгенің көлемінде бағаланып отыр.

Ақиқаты сол, нарықта кімнің өнімі бәсекеге қабілетті, бағасы мен сапасы тұтынушының көңілінен шықса, соның өнімі өтімді болмақ. Мемлекет басшысы да тауарлардың импортын азайтып, өзімізде өндіруге болатын заттарды елде өндіріп, экспорт көлемін ұлғайту қажеттігін жиі айтады.

Қазір отандық тауарларды шетелге шығару, өнімдерді көрмелерге қойып, ел-жұртқа таныстыру секілді жұмыстар жүргізілуде. Сондай өндірістің бірі – жиһаз жасау өнеркәсібі.

Қазір бұл салада ілгерілеу бар. Олай дейтініміз, осыдан 4-5 жыл бұрын Қазақстан нарығындағы жиһаздың 90 пайызы шеттен импортталатын. Күні бүгін отандық үлес 30 пайызға жетті. Жақын болашақта көрсеткішті 50-ге жеткізу көзделіп отыр.

Дулат Жексенбайұлы, тілші:
Мен қазір Астананың іргесіндегі Есіл ауданына қарасты Қосшы кентіндемін. Осыдан екі жыл бұрын мына маңайда ештеңе болмап еді. Қазір білдей бір жиһаз цехы жұмыс істейді. Осы отандық өнім шығаратын отандық кәсіпорынның жұмысымен танысып қайтайық.

Қазақстанда жиһаз шығаратын кәсіпорындар көп емес. Астананың өзінде ірілі ұсақты, сертификациядан өткен, өзіндік статусы бар 10 шақты цех жұмыс істейді.

Қанат Ыбыраев Қарулы күштер құрлымының майоры, зейнетке шыққалы, сүйікті ісін дөңгелеткен кәсіпкер атанды. Ол ешқандай шеберлік курстарынан өткен жоқ. Жиһаз құрастыру жай ғана бала кезгі арманы болатын.

2012 жылы ойында жүрген идеясын жүзеге асырды. Жиһаз жасайтын шағын кәсіпорын ашты. Бірақ, бизнестегі бастапқы жылдарды еске алғысы келмейді. Қиын болды, деп қысқа қайырады.

Түйгені, кәсіпкер ешқашан мойымауы керек. Бірте-бірте тапсырыстар шыға бастайды. Оның үстіне мемлекет те отандық кәсіпкерлерге жан-жақты қолдауын көрсетті.

Нәтижесінде, Қанат басқарған кәсіпорын өнімдері тек Астанада ғана емес, күллі Республикаға сатылды. Алматы мен Қарағанды шаһарларында бөлімшелері жұмыс істейді.

Қанат Ыбыраев, кәсіпкер:
Қазір біз қарапайым халықтың қолы жететін жиһаздарды жасауды қолға алып жатырмыз. Маркетингтің, жарнамалық зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Халықтың сұранысын анықтадық.

Біздің тұрғындарға керегі жер үстел, шкаф және орындықтар. Ресейліктер ондай жиһаздарды біздің елде 50-70 мың теңгеге сатады. Халық алып жатыр. Ал енді біз оның бағасын 15-20 мың теңгеге төмендетіп, сату ойда бар. Екі жарым есеге түсірсек, сапасын арттырсақ, бізден алатын болады.


Үнемі ізденісте жүрген кәсіпкерге, бизнесін дамыту қиын емес, дейді Қанат. Себебі әлем бір орында тұрған жоқ. Өмірімізге заманауи технология еніп жатыр. Сол сияқты Қазақстанның жиһаз өнеркәсібіне де жаңаша көзқарас керек.

Қанат Ыбыраев, кәсіпкер:

Ең басты мәселелердің бірі бізде жиһаз жасайтын арнайы кадрлар жоқ. Жігіттердің дені бұрын өзге жиһаз цехтарында істегендер немесе өздігінен үйреніп алғандар.

Амалсыздан тәжірибелі шебердің қасына енді үйреніп жүрген маманды қосып жібереміз. Сөйтіп, біртіндеп үйреніп алады. Мен Германияға барғанымда, сол жақтағы әріптестерім, «қазақи стильде жасайтын дизайнер тауып беріңізші», деп маған қолқа салды.

Сөйтсем, бізде арнайы жиһаз жасайтын мамандарды оқытатын оқу орындары жоқ екен.


Досымхан Першеевтің жиһаз цехында жұмыс істеп жүргеніне көп болған жоқ. Әзірге шебердің көмекшісі қызметін атқарады. Қыр-сырын меңгерген соң, жиһаз жасаушы болсам ба, деп армандайды.

Досымхан Першеев, шебердің көмекшісі:
Болып жатса, әрине, шебер болғым келеді. Осы жерде үлкен ұсталарымыз бар ғой, көптен істеп жүрген. Солардың жұмыстарына қарап таңданасың, ас үйдің жиһаздарын қойып жатады.

Қазақстанда жиһаз жасайтын мыңнан астам компания болса, олардың 600- дейінің ғана сертификаты бар. Қалғандары өндіріспен айналыспайды. Шетел тауарына делдалдық жасайды.

Қазақстанның сауда кәсіпорындар қауымдастығы соңғы екі жылда жоспарлап жүрген жауапты істерін жүзеге асырды. Отандық жиһаз жасайтын цехтардың өнімдерін, бір жерден сата бастады.

Қайырлы Тәукен, Қазақстандық сауда кәсіпорындар қауымдастығының вице-президенті:

Қазір Астанада соған қолымыз жетті. Үлкен 25 мың шаршы метр ғимаратта қауымдастық Қазақстанда жиһаз өндіретін кәсіпкерлердің басын қосып, сол ғимаратқа қойып жатырмыз.

Егер шетелден қонағымыз келетін болса, біздің жетістігімізді, тауардың сапасын көрсетуге, оның бәсекеге қабілеттілігін көрсетуге мүмкіншілігіміз бар.


Гүлзия Имантаева Солтүстік Қазақстан облысынан келген кәсіпкер. Қазір оның жиһаздары Астанада сатылып жатыр. Қауымдастық отандық тауар өндірушілерді қолдау аясында, аренда мәселесін де біржақты етпек.

Гүлзия Имантаева, кәсіпкер:
Жарты жылдан бері осы жерде өз тауарымызды сатамыз. Үш ай арендаға төлеген жоқпыз. Кәсібін енді бастаған кәсіпкер үшін бұл өте үлкен қолдау. Біздің цех Петропавл қаласында.

Өнімдерімізді Астанаға әкелгеніміз жақсы болды. Тұтынушылар да көбейіп келеді. Халықтың да патриоттық сезімі оянып, отандық өнімге бет бұра бастады. Қуантарлық жағдай.


Бүгінде біздің еліміз жиһаздың 70 пайызын шеттен әкеледі. Түркия, Ресей, Беларусь өнімдері нарықта қызу саудаланып жатыр. Үлестің 30 пайызы ғана Қазақстанның еншісінде екен. Көрсеткішті арттыру үшін отандық тауар өндірушілер жұдырықтай жұмылып, сапалы өнім шығаруы тиіс.

Қайынжамал Мусина, Астана қаласының тұрғыны:

Өзіміз Қазақстанда тұрғаннан кейін өзіміздің өнімімізді неге алмасқа? Бір екі қабатты үй салғанбыз. Былтыр келіп бір алғанмын. Ұнады. Еш кемшілігі жоқ шетелдің жиһазынан.

Келгендер сұрайды шетелдікі ме деп. Өзіміздікі деп жауап беремін. Сенбейді. Бірақ, дәл қазір соның бәрі бар. Қазақ айтады, «Алаштың аты озғанша, көршінің тайы озсын», дейді. Сол сияқты бізге шетелдікі қызық емес.

Қазақстандағы жиһаз нарығы бүгінде 252-255 миллиард теңгенің көлемінде бағаланып отыр. Бұл төмен көрсеткіш емес, деп есептейді отандық сарапшылар. Алдағы 3-4 жылда 360 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр.

Егер мемлекет отандық тауар өндірушілерді үзбей қолдап отырса, бұл асуды да бағындырамыз, дейді кәсіпкерлер.

Дулат ЖЕКСЕНБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу