Шапан 250 жыл бойы қайда сақталды, қалай сақталды?
«...Біз Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз...».
Бұл қаз дауысты Қазыбек бидің айтқан сөзі. Кемеңгер бидің кесек-кесек сөздері ауыздан-ауызға тарап, аңыз боп қалды. Биге ескерткіш орнатылып, мұрасы зерттелді.
Әлбетте, біз біле бермейтін бабадан жеткен тағы бір жәдігер бар. Ол Қазыбек би киген шапан. Ендігі әңгіме осы шапан туралы болмақ. Біреу білер, біреу білмес-көнерген затты қайта қалпына келтіретін реставратор деген мамандық бар.
Бар болғанымен, бізде аз. Қазыбек бидің шапанына екі жарым жыл реставрация жасаған еліміздегі бірден-бір шебер - Тұрсынгүл Жайлаубаева.
Мазасыз күндер. Көз майын тауысқан ұйқысыз түндер. Жылдар жылжып, уақыт сырғып өткенін де білмей қалған. Жарты ғасыр аз уақыт емес. Ол жарты ғасырдан бері күнін де, түнін де музейдің ешкім көрмейтін, ешкім білмейтін зертханасында өткізіп келеді. Тұрсынгүл Жайлаубаева қазір жетпіс бесте. Әлі жұмыс істеп жүр. Қазір көне жәдігер Қазыбек бидің шапанын реставрациялауға таяды.
Тұрсынгүл Жайлаубаева, Суретшілер одағының мүшесі, реставратор:
Мынаны шөмеленің астына тыққан ғой, алып кетпесін деп. Содан екі жылдай жатып қалған шөмеленің астында. Алғаннан кейін жаңағыдай қалпы, бәрі біткен. Оны қосымша ырымдап кесіп алған жерлері белгілі, қиқа-жиқа қылып кескен. Оны енді жасырын кеседі ғой. Сонда мынаның бәрі ширатылғанда мына сурет жоқ. Ешқандай сурет жоқ.
Бәлкім жақсы, бәлкім жаман, қазақтың бір ырымы бар. Ол - жақсыдан тәбәрік алу. Бірақ, дәл осы заттай құндылықтар тәбәріктің кесірінен тілім-тілім болып ұстағанның қолында кетті. Қазыбек би 1665-1755 жылдар аралығында өмір сүрген. Шапан 250 жыл бойы қайда сақталды, қалай сақталды?
Қарқаралы жақтағы Едіге ауылында Қазыбек бидің ұрпақтары бар. Қуғын-сүргін басталғанда бидің ұрпағы Алтын деген 15 жасар ойын баласы шапанды шөмеле астына тыққан екен.
Екі жыл жер астында жатқан. Кейін де жасырып ұстаған. Бірақ, білетін ел шапанның әр тұсын қиып алған. Шапанның әбден тозығы жеткен, 20 пайыздай жері ғана бүтін болды, деп есіне алады Тұрсынгүл Жайлаубаева.

Мынаның өзін қаншама тігістермен тіктік біз. Бірінші арқауын жөндеп тігіп аламыз. Содан кейін барып тал-талдап отырып, үстіндегі мына зер жіптердің суретін шығарамыз. Мұның енді жұмысы көп, реставратор болу өте қиын. Оған шыдамдылық керек. Бұл Үндістанда шыққан мата. Парша дейді. 18 ғасырдың паршасы бұл. Бізде ондай болмаған. Мынаның астарын, жібін Бұхарадан әкелдік. Зер жіптер. Бізде жоқ. Ештеңе жоқ.
Реставратордың жұмысы оңай емес. Бірнеше ғасыр бұрын тігілген киімнің мата-жібі де қазір еш жерде жоқ. Сондықтан, осылай бір сабақ жіп, алақандай мата үшін жердің түбіне баруға әзір.
Кейде ойлайсың, шапанның түпнұсқасын көрген адам некен-саяқ, жобалап жасап іле салса да ешкім білмес еді деп. Бірақ, кәсібіне адал, тарих алдында терең жауапкершілікті сезінетін маман бұл жәдігерлердің қиқымы үшін жанын беруге дайын.

Мұны аман-есен сақтап қалу үшін бар күшімізді саламыз. Келешек ұрпаққа деп. Біз көпірміз ғой. Бабаларымыз жасап кетті ме, енді соны келешекке жеткізе аламыз ба, жеткізе алмаймыз ба, Құдай біледі. Мына зат құрып бара жатыр. Мынаның бәрін дер кезінде, мен анау музейде тұрғанда айттым, «кварцтеңдер мынаны», деп. Мұнда келді, кварцтелген жоқ, кетіп барады бәрі. Біраз күнде бұл шапаннан айырыламыз.
Шебердің бұлай дейтін жөні бар. Өйткені, көне жәдігерге жарқыратып жарық түсіруге болмайды. Ол табиғи матаны бүлдіреді. Іліп қоюға тағы болмайды. Шапандардың салмағы ауыр, етегі төмен тартып, иығын түсіріп жібереді.

Бұл ағаш болуы керек. Жиі желдетіп тұру қажет, күнге жайып, желге қағуға тура келеді. Мұны таза сақтаған жөн, химия қолдануға болмайды. Өйткені, бұл таза дүние. Таза дүниені бұрынғы уақытта қандай қалпымен әкелінген, қалай киілген, сақталған, сол қалыппен жұмыс істеу керек.
Түсінген адамға қызығы, істеген адамға қиындығы көп салаға, яғни реставрация өнерін жастар үйренгісі келмейді. Шәкірті де, ізбасары да қызы – Назым. Анасы мен қызы әйгілі «Алтын адамға» реконструкция жасады, осыдан 2-3 жыл бұрын Абылай ханның қамқа шапанын қайта қалпына келтіру жұмысымен айналысты.
Бұдан бөлек, Мұрақ ханның бас киімі, «Пазырық қызының киімі», «Алтай көсемінің киімі» сияқты белгілі жұмыстары Қазақстанның ғана емес, Франция, Ресей, Чехияның көрмелеріне қойылды.
Реставратор болу үшін тарихтан, этнографиядан, сурет өнерінен де хабарың мол болу керек. Тұрсынгүл апа қазіргі ұлттық киім деп әлем-жәлем, жөн-жосықсыз ою жапсырылған киімдерге қарап қарны ашады.
Бұрынғы қазақ қазақты қазіргідей сөзіне емес, киген киіміне қарап таныған. Әр рудың белгісі, әр өңірдегі әйелдердің кимешек үлгісі де өзінше айшықталған. Керек десеңіз, әр үйінінің өз дизайнері, өз тігіншісі болған.
Музей ішін аралап келеміз. Тұрсынгүл апа ара-тұра кей затқа көңілі толмайтынын айтып қалады. Былайғы жұрт байқай бермейтін кемшіліктерді көрсетеді. Реставратор - өткен мен бүгінді жалғайтын көпір. Сондықтан, қателесуге де, бір сабақ жібін түпнұсқадан өзгертіп жасауға хақымыз жоқ дейді.
Парасат-пайымы биік адам болашақ алдындағы парызын осылай түйді. Көз алдымда дәл осы адамның өзі көненің көзіндей, ертеден мұра болып қалған жәдігердің біріндей көрінді.
Айнұр ОМАР