Қытай экономикасының дамуы соңғы 25 жылдағы ең төменгі деңгейге түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытай экономикасының дамуы соңғы 25 жылдағы ең төменгі деңгейге түсті

24.01.2016
Қытай экономикасының дамуы соңғы 25 жылдағы ең төменгі деңгейге түсті
Осы аптаның ортасына дейін дүниежүзілік нарық құлдыраудан дамыл таппады. Мұнай арзандады, талай елдің валютасы әлсіреді, биржаларда индекстер түсіп, инвесторлар жүздеген миллиард доллардың акцияларынан құтылуға асықты.

Бірақ, бейсенбіде жағдай біршама түзелді. Энергетикалық шикізат бағасы 30 доллардан асып, Токио, Сеул, Гонконг, Шанхай, Франкфурт, Нью-Йорк, Лондон қор нарықтарында сауда қайта жанданды.

Ал, сейсенбі күні Қытай экономикасының өсімі соңғы 25 жылдағы ең төменгі деңгейде екені белгілі болды. Ресейдегі жағдай баршаға белгілі. Давос форумына жиналғандар болса, технологиялық инновацияның пайдасын ғана емес, зиянын да талқыға тастады.

Мәскеудің Столешников орамы немесе Лондонның Бонд көшесінде әлемдік брэндтің бәрі бар. Клиенттері де соған сай – орыс байлары. Бірақ, қазір рубльде баяғы пәрмен жоқ, өйткені – мұнайдың литрі судан да, өз бөшкесінен де арзан.

Құны құлдырған шикізат қазір әлемдегі ірі экспортер – Ресейді күрделі экономикалық жағдайға душар етіп отыр. Сондықтан, бұнда бақуатты адамдар миллиондаған доллар жоғалтып, супер байлардың өздері бұрынғыдай сәнді бутиктерді жағалауды шамалаған.

Лариса Якунина, Michael Kors дүкенінің менеджері:

Қазір біршама экономикалық мәселелерді сезініп отырмыз. Тұтынушыларымыз да сондай жағдайда. Себебі, рубль құлдырап барады. Олар ақшасын сақтауды жөн санайды. Клиенттеріміз былтырғыдай немесе екі жыл бұрынғыдай шығындалуға дайын емес.


Болжамдарға қарағанда, көмірсутегінің арзандауынан және санкциялардан Ресей экономикасы 2015 жылы 3,9 пайызға қысқарған. Доллар болса, бейсенбі күні тіпті 86 рубльге дейін күшейіп, Ресей валютасының құлдырауын 18 айда 60 пайызға жеткізді.

Дағдарыс, әсіресе, доллармен ипотекалық несие алған тұрғындарға ауыр тиіп отыр. Олар қарыздарын қайта құрылымдауды талап етіп, осы аптада банктерде түнеуге дейін барды. Айтуларынша, ай сайын төлейтін несиесі 200-300 пайызға өсіп кеткен.

«Альфа-банктің» бас экономисі Наталья Орлованың пікірінше, рубль әлсіреудің шегіне мұнай бағасы түсуін тоқтатқанда ғана жетеді. Ал, сол энергетикалық шикізаттың қайта қымбаттауына дәл қазір Қытай, Иран, Сауд Арабиясы тәрізді факторлар себеп бола алмайды.

Наталья Орлова, бас экономист:

Бір фактор бар – Иран халықаралық нарыққа оралды. Ол – Сауд Арабиясының қарсыласы. Ал, Сауд Арабиясына келсек, бұл мемлекет мұнай бағасының көтерілуіне мүдделі емес. Сұранысқа тоқталсақ, Қытай факторын ескеруіміз керек. Қытай экономикасы баяулап бара жатқаны белгілі. Шын мәнінде, қай фактордың шикізат бағасын көтере алатынын анықтау қиын. Ол үшін Таяу Шығыста қандайда бір геосаяси жанжал туындауы керек шығар.

Қытайдың 21-шы ғасырдың алғашқы 10 жылдығында 10 пайызға өскен экономикасы былтыр 6,9 пайызға ғана дамыды. Бұл – соңғы 25 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Яғни, Қытайда шикізатты баяғыдай көп тұтынып, әлем экономикасын алға сүйрейтін қарқын жоқ.

Қазір мұнда ішкі және сыртқы сұраныс төмен, инвестиция көлемі мардымсыз, шығарылған өнім тым көп, юань әлсіз. Соған қарамастан, Қытай 2020 жылға дейін жасыл көліктер, демек, электромобиль өндірісін 5 миллион данаға жеткізіп, оларды қуаттандыратын ұлттық орталық салуды мақсат етіп отыр.

Ал, экономиканың локомотивіне айналған құрылыс саласындағы өсім жеті жыл бұрынғыдай болмай тұр. Сондықтан, бүгінде алып қала Шанхайдың өзінде бұл саладан жұмыс табу оңай емес.

Ху Кюшинь, Цзянси провинциясынан келген мигрант-жұмысшы:

Қыста туған ауылымызда күн көретін мүмкіндік болмайды. Сол үшін жұмыс іздеп басқа жаққа кетеміз. Жол бойында тұрамыз. Біреу жұмысқа шақырса, соның соңынан еріп кете береміз. Бүгін ешкім ештеңе ұсынған жоқ. Жағдайым былтырғыдан қиын.


Қытай экономикасына алаңдаушылық пен қаржы нарығындағы бей-берекетсіздік Еуропа орталық банкін ақша саясатын қайта қарауға мәжбүрлеп отыр.

Банк төрағасы Марио Драги мәлімдегендей, ол басқаратын қаржылық реттеуші орган наурызда Еуропа экономикасын ынталандыру үшін еуро басатын станокты іске қосуы мүмкін. Сонымен қатар, бұл банк несие үстемесін 0,5 пайыз деңгейінде қалдырды. Өйткені, Қытайдан сұраныстың төмендеуі, мұнайдың арзандауы Еуропада тауар мен қызмет бағасын түсіріп, өндіріс өсімін тежеп отыр.

Марио Драги, Еуропа орталық банкінің президенті:

Жаңа жыл енді басталған шақта, экономикалық құлдырау қаупі ұлғайып отыр. Оған дамушы елдердегі өндірістік өсім болашағының белгісіздігі, әлемнің қаржы және шикізат нарықтарындағы тұрақсыздық, геосаяси қауіп-қатер себепші.


Драгидің экономиканы ынталандыру үшін қаржы бөлу қажеттігі туралы мәлімдемесі әлемнің қор нарықтарына игі әсер етті деуге болады. Осы аптаның соңғы күні Токио, Сеул, Шанхай, Гонконг, Австралия, Жаңа Зеландия биржаларында индекстер орта есеппен 1-3 пайызға көтерілді.

Сонымен қатар, мұнайдың баррелі 5 пайызға өсіп, 30 доллардан асты. Аптаның алғашқы күндері Нью-Йорк биржасын Dow Jones, S&P500 индекстері 21 ай бұрынғы деңгейге дейін түскен еді. Алайда, Еуропада қаржы саясаты жұмсартылып, экономика даму жолына түседі деген болжам мен АҚШ-та күн суытып мұнайға сұраныс артады деген хабардан соң акциялар көрсеткіші 2 пайызға жуық өсті.

Жалпы, қазір энергетикалық шикізат бағасына қатысты жорамал көп. Солардың кейбіріне жүгінсек, мұнай құны алдағы айларда 16-20 долларға дейін түсіп, үшінші-төртінші тоқсандарда 41-52 долларға дейін қайта көтерілуі мүмкін.

Бірақ, АҚШ-пен, Иранмен бәсекелесіп, шикізат нарқын түсірген Сауд Арабиясы енді мұнайдың 30 доллардан төмен сатылуын «қисынсыз құбылыс» деп мәлімдеп отыр. Сөйте тұра, монархия үкіметі өндірісті қысқартпақ емес.

Халид әл-Фалих, Saudi Aramco компаниясының басшысы:

Нарық тым түсіп кетті. Оның қайта көтерілетіндігіне күмән жоқ. Егер баға осы күйінде қалса, оған біз төтеп бере аламыз. Әрине, үмітіміз – осындай сценарийде.

Қаңтардың 20-23 күндері Швейцарияның Давосында Әлемдік экономикалық форум өтті. Оның қарсаңында жарияланған баяндамаға жүгінсек, мұнай әрі қарай арзандай беретін болса, Еуропа бүгін тап болған миграциялық дағдарыс жаңа босқындар көшінің көлеңкесінде қалады.

«Африка мемлекеттерінің көпшілігі мұнай экспортына тәуелді. Енді, миллиард адамның солтүстікке қоныс аударғанын елестетіп көріңіз», - дейді осы форумның әйгілі төрағасы, профессор Клаус Шваб.

Осы баяндамада тағы бір таңқаларлық статистика келтірілген. Оған сенсек, Жер шарындағы 62 миллиардердің байлығы 3 жарым миллиард кедейдің автивтерінің құнына тең екен. Бірақ, бүгінгі экономикалық жағдайда сол байлар жиған-тергенін сақтай ала ма? Бұл сауалға нақты жауап жоқ. Бір анығы – мұндай миллиардерлердің саны бес жыл бұрын 400 болған екен.

Биылғы Давос форумының басты тақырыбы – «Төртінші индустриялық революция». Жиында айтылғандай, қоғамды индустрияландыруға жаңа технологияның пайдасымен бірге зияны зор.

Чжу Мин, Халықаралық валюта қоры басқарушы директорының орынбасары:

Инновация бірқатар әлеуметтік мәселелер туындатады. Мысалы, моральдық және этикалық. Егер, біз ойлау қабілеті бар робот жасасақ, ол робот біреуге ғашық болып қалса, бұл мәселені қалай шешеміз? Кибершабуыл, биохимия, қолдан жасап, генді өзгерту. Бұның бәрі мәселе.


Форумда көтерілген тағы бір өзекті проблема бар. Ол – технологиялық инновацияның таяу жылдары әлем экономикасында 20 миллион жұмыс орнын жабатыны жайында.

Болжамдарға қарағанда, қызметкерлерді роботтар алмастыра беретін болса, болашақта «ақ жағалылар» немесе орта тап мүлде жойылып кетуі мүмкін.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу