Мемлекет басшысының мақаласына орай шетелдік сарапшылардың пікірі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысының мақаласына орай шетелдік сарапшылардың пікірі

10.01.2016
Мемлекет басшысының мақаласына орай шетелдік сарапшылардың пікірі
Қазіргідей алпауыттардың өзі есеңгіреген уақытта, Қазақ елінің нақты шешімдер қабылдап, іске кірісуі өте құптарлық шара, дейді олар.

Экономиканың кейде кеміп, қайта өсуі, саяси ахуалдың бір ысып, қайта сууы, азаматтық қоғамның белсенділігі күшейіп барып басылуы, сыртқы саясатта түрлі кикілжіңдерге килігіп, қайта сергу деген секілді процестер жаһанда бола береді.

Ал, аумалы-төкпелі кезеңнің өткенін күтіп, түйеқұстың тәсіліне ұйып, мүлгіп отырмай стратегиялық жоспар құру кез келген елдің, мемлекеттің тәуекелі жетер іс емес.

Қазақстанның нақты шешімдер қабылдап, жоспар түзіп, іске кірісуі өте құптарлық шара. Бұл шетелдік сарапшылардың пікірі. Ұлтық жоспарында негізгі салалардың барлығы жеке-жеке қамтылған. Халық тұрмысын түзеу, шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция тарту, индустрияға, инновацияға ұмтылу секілді міндеттер нақты көрсетілген жоспардың салмағы ауыр.

Петер Буриан, Еуропалық Одақтың Орта Азия бойынша арнайы өкілі:

«100 қадам» бағдарламасы мынадай алмағайып заманда дер кезінде қабылданған керемет жоба, дұрыс шешім деп айтар едім. Қазақстан экономикалық дамуы жағынан, түрлі реформалар жүргізуі бойынша Орта Азияда көшбасшы мемлекет.

Сондықтан, Еуропалық Одақ Қазақстанмен экономикалық қатынасты нығайтып, білім саласында, қауіпсіздікті күшейтуде іскерлікті арттыруға мүдделі.
Еуропалық Одақтың Орта Азиямен байланысты арттыруға бағытталған жаңа стратегиясында да біз сіздер сияқты құқықтық мемлекет қалыптастырып, су және қоршаған орта, білім салаларын дамытуға басымдық беруді жоспарлап отырмыз.

«100 нақты қадам» – біздің елдің озық отыздың санатына өту жолы нақты көрсетілген құжат. Мысалы, құқық саласы мен сот жүйесін жетілдіру, Астананы қаржы орталығына айналдыру, бірлік мен ынтымақты нығайту уақыттың талабынан туған міндеттер. Түпкі мақсат - Мәңгілік Елге, яғни, мәңгілік азат та еркін елге айналу.

Хикмет Эрен, «ЭКО Еуразия» экономикалық қауымдастығының басшысы:

Дүниежүзінде болып жатқан түрлі жағдайларға барлығымыз куәміз. Кейбір елдің ішкі бірлігі бұзылып, әбігерге түсіп жатса, енді біреулері экономикалық дағдарыстың қыспағында отыр.

Мен сол мемлекеттерге Қазақстанды үлгі тұтсын дегім келеді. 130-дан астам этнос өкілдері тіліне, дініне қарамастан тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазіргі қиын-қыстау заманда бірлік болуы қажет.

Қаржылық қыспақтан да Қазақ елі аса үлкен шығын көріп отырған жоқ. Бұл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дұрыс саясатының жемісі. Ұлт жоспарын халық болып іске асырсаңыздар, қазіргіден де биік белестерді бағындырасыздар.


Сергей Глазьев, РФ Президентінің аймақтық экономикалық интеграция жөніндегі кеңесшісі:

Қазір барлық елдер ашық экономикалық бәсеке жағдайында өмір сүріп жатыр. Сондықтан, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету арқылы келешекте, қазіргі әлемдік нарықтағы қиын жағдайға қарамастан тұрақты дамуға болады.

Яғни, Қазақстан Президенті айтқандай қаржы секторын оңалтып, шетелден тікелей инвестиция тарту және жекешелендіруді қолға алу қазіргі таңда аса маңызды қадам.

Меніңше, Қазақстан тарапы бұл мақсатты ойдағыдай іске асырады. Қазақстан әлемдегі озық 30 елдің қатарында болады деп ойлаймын.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу