Еліміздің сот жүйесіне жаңа талаптар енгізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің сот жүйесіне жаңа талаптар енгізілді

10.01.2016
Еліміздің сот жүйесіне жаңа талаптар енгізілді
Жаңа жылдан бастап «Жергілікті полиция қызметі туралы» заң күшіне енді.

«Билік айту оңай, біліп айту қиын». Бұл нақыл әсіресе, әділ төрелігін айтатын кез келген судья үшін қасиетті қағида. Ол үшін заңды білу ғана жеткіліксіз. Бастысы би адал, ақ болуы шарт.

Мемлекет басшысы мақаласында құқықтық тәртіп пен заңдылыққа баса назар аударған. Сөзбе-сөз келтірейік: «Қазақстан соттарын реформалаудағы темірқазық мәселе - сапалы судьялар корпусын жасақтау».

Елімізде қазір 2670 судья қызмет етеді. Ел болған соң дау-дамай да, ірілі-ұсақты қылмыс та болады. Ал, қылмыстың алдын алу үшін алдымен, полицияның жұмысын күшейтпек керек. 1-қаңтардан бастап жергілікті полиция да қызметіне кірісті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сот-құқықтық саладағы кем-кетікті жойып, істі ілгері бастыру үшін соттың үстемідігіне қатысты жеке-дара тоқталып, Ұлттық комиссияға біраз міндеттер жүктеді.

«Баланың тентек болғаны үйінен, жігіттің тентек болғаны биінен». Ескінің мақалы болса да, естінің мақалы. Ел болған соң тентекке тентек қосылып, шеке қыздырмай ма, төбелеспен тарқамай ма? Бірақ зайырлы, құқықтық мемлекет болғандықтан, ондай қылмыстарға да жол жоқ.

Енді жергілікті полиция әр үйдің, әр тұрғынын жеке танитын болады. Қызмет солай. Қоғамдық тәртіпті қорғау, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол-бақылау қызметі мен құқық бұзуға төзбеу талаптары 30-шы қадамда көрсетілген міндеттер. Бұған дейін әкімшілік полицияның құрамында болған бірнеше құрылым енді жаңадан құрылған қызметке ауысты.

Азамат Бақбергенов 1 қаңтардағы жұмыс күнін жергілікті полиция қызметкері ретінде бастады. Ол күнделікті қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Жол қозғалысындағы заңбұзушылықтардың да алдын алады, анықтайды.

Азамат Бақбергенов, полиция сержанты:

Қазіргі таңда біздің атқаратын қызмет ол халықпен тікелей байланысты. Қазіргі таңда облысымызда әртүрлі іс-шаралар болып жатыр. Жергілікті полиция деп жатыр, сол енді жемісін бере жатар. Мерекелерге қарамастан, күннің ыстық-суығына қарамастан, қызметімізді атқарамыз.

Жергілікті полиция құрамына енді мына құрылымдар енеді:
Учаскелік инспекторлар мен олардың көмекшілері;
Кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер істері бойынша инспектор;
Табиғатты қорғау полициясы;
Бейімдеу және оңалту орталықтарының қызметкерлері;
Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау құрылымы.


Алмас Талқанбаев, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің бөлім бастығы:

Жергілікті полицияның негізгі бағыты құқық бұзушылықтың алдын-алу, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді жүзеге асыру сонымен қатар қылмыстық құқықбұзушылықтардың сотқа дейінгі тергеп-тексерудің хаттамалық нысанын жүргізу.

Жергілікті полиция басшысы болу үшін Ішкі істер саласындағы жұмыс өтілі 12 жылдан кем болмауы керек. Оның 4 жылы басшылық қызметте, 5 жыл әкімшілік полицияда істеген болуы міндет.

Облыстық департамент басшысын Ішкі істер министрі ал, аудандық басқарма жетекшісін департамент басшысы ұсынады. Бірақ, оларды тағайындау әкімдер мен мәслихат құзыретіне беріліп отыр.

Алмас Талқанбаев, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің бөлім бастығы:

Павлодар облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылорда облысы, Астана қаласында ІІМ ұсынған үміткерді мәслихат депутаттары бірауыздан қолдап әкімдер тағайындады.

Тағы бір жаңалық. Жергілікті полиция жылына үш рет есеп береді. Екі рет әкім мен мәслихат алдында, бір рет халық алдында.

Бақытжан Малыбаев, Астана қалалық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы:

Мен жергілікті полиция бастығы болған соң жылына 2 рет әкімнің алдында, мәслихаттың алдында жауап беремін, жылына бір рет қаланың тұрғындарының алдында жауап береміз.

Астанадағы жергілікті полиция қызметкерлері 1-қаңтардан іске кірісті. Әр қызметкерге 2300 тұрғыннан бөлінген. Бұл Астанада ғана емес, республика бойынша жұмыс істеп жатқан барлық жергілікті полицияға берілген жүктеме.

Бақытжан Малыбаев, Астана қалалық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы:

Учаскелік полициялар аула-аулаларға кіріп сол елмен жұмыс істейді. Жұмыс істегенде тұрмыстық кикілжіңдер, профилактикалық есептегілер, бұрынғы сотталған адамдар бар, сотталып келгендер бар.

Бұл - қылмыстың алдын алу үшін жасалған реформа. Енді әр полицей өз учаскесіндегі тұрғындарды жүзбе-жүз таниды, кімнің қайда, не істеп жүргенін бес саусағындай біледі, бір сөзбен айтқанда.

Қылмыс жасала қалған жағдайда қылмыскерді ұстау, тергеу жұмысына қатысуға да құқығы бар. Бұл тергеп-тексеруге үлкен көмек, әрі сот процесін де жеңілдетері сөзсіз.

Ендігі процесс сотта. Бұл салада да өзгеріс көп. Жаңа реформа би боламын, дейтіндердің білімі мен біліктілігіне жіті мән береді. Яғни, жұмыс іздеген судьялар бұдан былай дербес құрылатын қазылық алқада сұрыпталады. Ол жерде судьялардың біліктілігі мен бірге тәртібі де терең зерттеледі.

Моряк Шегенов, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы, Сот жюриінің төрағасы:
Сапалы сот корпусын қалыптастыру. Осының аясында мынандай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Судьялыққа жасы 25 жасқа толған, моральдық жағынан, білімі жағынан судьялық деңгейге жауап беретіндей адамдар қабылданады.

Заң саласында 10 жыл өтілі бар адамдар ғана сот саласына алынады. Енді оған тек қана мысалы сотқа қазақша айтқанда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ғана іріктеліп өтеді.

Олар емтихан тапсырады әуелі, емтихан бірінші компьютерлік әдіспен тапсырылады. Одан өткендер билетпен емтихан тапсырады. Әр билетте төрт сұрақтан болады. Сотқа кандидаттардың өзі екі рет емтихан тапсырады.


Осы сыннан сүрінбей өткендер бір жылға шартты түрде тағайындалады. Бір жылдан кейін комиссия оның білім деңгейін тексереді. Содан кейін ғана толыққанды судьялық қызметке кірісе алады.

Президент жария еткен мақалада Астананы арнайы қаржы орталығына айналдыру көзделген. Демек, елорда ел экономикасының негізгі эшалоны болады. Ал осы тұста сырттан келетін қаржы ағынына қолайлы климат қалыптастыру сот жүйесіне де тікелей қатысты болмақ.

Елімізде енді инвестициялық сот қызметін бастады. Ол елдегі инвестициялық ахуалды жақсартып қана қоймай, инвесторлардың құқығын қорғауға кепілдік беруі тиіс. Себебі, олардың ісі тез әрі заң талабына сай қаралып, шығарылған үкім шұғыл іске асуы керек.

Моряк Шегенов, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы, Сот жюриінің төрағасы:
Қазір инвестициялық алқа ашылып жатыр. Инвесторлардың арасындағы дауды шешетін. Бізде азаматтық істерді қарайтын, қылмыстық істерді қарайтын алқа деп бөлінеді ғой. Енді инвесторлардың арасындағы дауды қарайтын алқа онда 7 судья қызмет істейді. Олар да 1 қаңтардан қызметіне кірісіп кетті.

Қазіргі қоғамда ең көп талқыланатын тақырып - сот шешімдерінің сапасы. Нақтырақ айтсақ, сапасыздығы. Себебі, судьяға артылатын жүк ауыр. Сондықтан, күрмеудің көбі дұрыс шешілмей жатады.

Мәселен, бір судья бір айда ұзын саны 200-ден астам істі қарап, қажетті шешім қабылдауы тиіс. Мұндайда ет пен сүйектен жаралған пенденің қара қылды қақ жарып, әрдайым әділ үкім шығаруы қиын.

Судья жұмысын жеңілдететін, әрі сот процесінің ашықтығын көрсететін тағы бір тәсіл бар, ол - аудио және бейне жазба.

Гүлжамал Тайбағарова, Астана қалалық сотының судьясы:
Сот төрелігін жүзеге асыру мақсатында Астана қаласының барлық аудандық соттарында және Астана қалалық сотында бейнетаспаға және аудиожазба құрылымдары барлық сот залдарында орналастырылып, істер қаралған кезде сол қаралып жатқан нақты іс таспаға жазылып сот мәжілісі аяқталғаннан кейін ол тараптардың сұратуы бойынша беріледі.

Бұл судьяның әділ үкім шығаруына, бұра тартпай тура төрелік айтуына дәлел. Тағы бір өзгеріс-бес сатылы сот жүйесі қысқарды.

Моряк Шегенов, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы, Сот жюриінің төрағасы:
Бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне өттік, білесіздер. Бұрын кассациялық соттар облыста болса, қазір ол бізге берілді. Міне, осының аясында қазір Жоғарғы Сотқа 32 судья қосымша тағайындалды. Қазір барлығы жұмысқа кірісіп кетті.

Әйтпесе, анау республиканың түкпіріндегі ауданнан, ауылдардан облысқа шабылтпай бірнеше, мысалы енді облыста іс қарау үшін бірнеше аппеляцияға бір келеді, кассациялық сатыға бір келеді, оған халықтың мүмкіндігі келе қоймайды ғой. Сондықтан, 3 сатылы сот жүйесіне көштік.


Халықтың халы жақсарса қылмыс азаяды. Қылмыс азайса, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылықтан ада, өркениет пен мәдениет егіз дамыған, біз көздеген нағыз демократиялық, зайырлы құқықтық мемлекет орнайды.

Елбасының 5 институттық реформа, жүз қадам бағдарламасында көтерілген бастамалар тәртіп пен заң үстемдік құрған осындай мемлекет болу бағытында жасалған нақты қадам екені сөзсіз.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу