Жыл қорытындысы: Қой жылындағы жеңістер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл қорытындысы: Қой жылындағы жеңістер

27.12.2015
Жыл қорытындысы: Қой жылындағы жеңістер
Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ата Заңның 20 жылдығы мен Ассамблея жылына арналған шаралардың тарихи-танымдық, саяси мәні кеңінен насихатталды.

Жылжып бара жатқан жылда айтулы күндерді атап өттік. Тарихтың тойы - халықтың тойына айналғанын көрдік. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ата Заң мен Ассамблея жылына арналған шаралардың тарихи-танымдық, саяси мәні кеңінен насихатталды.

Осы орайда «Өнер саясат жасай алады», деген сөзге келісуге тура келеді. Расында, осынау мәдени шаралардың саяси салмағы басым болды. Қазақ хандығын тойлаудың қаншалықты саяси мәні бар екенін саралаған жан ұға жатар. Қысқасы, қой жылы той тойлаған ғана емес, ой толғаған жыл болды.

Әнұранымыз екі жағдайда ғана орындалатынын ескерсек, өтіп бара жатқан жылы спортшыларымызға да өкпе жоқ. Айтпақшы, Айдын Айымбетов сынды намыстан жаралған қазақ қыркүйек айында ғарышқа ұшты. Айдын мінген ақ кеме Байқоңырдан көкке самғап, ғарыш әлемінде 10 күн болып келді.

Тек осы жылдың емес, соңғы он жылдықтың бірегей оқиғасы Айдын Айымбетовтің ғарышқа ұшуы болды. 2 қыркүйекте ақ жол тілеп аттандырған халық оны 12 қыркүйекте Астанадан құшақ жайып қарсы алды.

Тоқтар мен Талғаттан кейін бұл күнді күллі қазақ 14 жыл күтті. Елбасы елінің беделін биіктеткен ерлерді ерен құрметтейді қашанда. Нұрсұлтан Назарбаев Айдынды өзі арнайы күтіп алды. Құшаққа қысты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз ұшу барысын бақылап, әрқайсыңыз үшін алаңдап отырдық. Әрине, қазақстандықтар ел тарихындағы үшінші ғарышкер болған Айдын Айымбетовтің тілеуін тіледі. Оның әлемдегі алғашқы және ірі ғарыш айлағы – «Байқоңыр» құрылысының басталғанына 60 жыл толғанда ғарышқа ұшуы да айшықты оқиға.

Нақ осы «Байқоңырдан» алғаш рет ғарышқа адам ұшқан, содан бері Қазақстанның жерінен тартылыс күшін еңсеріп ұшқандардың бәрін отандастарымыз жақын дос ретінде қарсы алады.

Айдын Айымбетов ғарышта 4 бағыт бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ғарышкер біздің ғалымдар жүктеген жерүсті жағдайында алуға келмейтін кристалдарды сынақтан өткізді. Айымбетовтің ғарыштағы он күні ғылымға үлкен олжа салмақ. Ол уақыт еншісінде. Ал, әзірге Айдын Айымбетов қазақтың үшінші ғарышкері ретінде тарихта қалады.

Жылдың тағы бір сүбелі оқиғасы - Қазақ хандығының 550 жылдық тойының республика көлемінде өтуі. Тар жол, тайғақ кешкен қазақтың осы күнге дейін жүріп өткен тарам-тарам жолы бар.

Тәуелсіздік алғаннан бері соқтықпалы, соқпақсыз өткенімізге қайта қарай бастадық. Біз салған із көп екен. Кейбірі өшкен, кейбірі бұра тартып қисық кеткен. Тарихқа жаңа көзқарас, жаңа жүйе керек. Заман тудырған сұраныс осы еді. Қазақ хандығының 550 жылдығы өткенді қайта парақтауға үлкен сеп болды. Бұл – иісі қазақ ғасырлар бойы күткен ұлы той еді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінгі той – ең алдымен, Қазақ хандығының 550 жылдық тойы. Атақты Мұхаммед Хайдар Дулатидің деректері бойынша, 1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде тарихи оқиға болды. Бұл – біздің елдігіміздің тамыры тереңде жатқанын танытатын аса маңызды тарихи дерек.

Жыл басынан басталған шара еліміздің әр өңірінде жалғасып, той тойға ұласты. Ресми іс-шара Астанада басталды, Алматы облысында Орбұлақ шайқасы сахналанды, театрландырылған көрініс Таразда өтті.

Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында 600-ге жуық мәдени шара ұйымдастырылды. Көне тараз мұражайы ашылып, Яссауи кесенесі, ежелгі Сауран, Отырар оазисі ескерткіштерінде, Ақыртас, Баласағұн сарайы кешендерінде, Алаша хан, Жошы хан кесенелерінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Ел тарихына қосылған тағы бір қомақты үлес-тарихи әдебиеттердің қайта жарық көруі. 130 тарихи туынды қайта басылып шықты. Төл тарихымызды баяндайтын кітаптардың арасында Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» мен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы бар.

Ғалымдарымыздың «Мәдени мұра» аясында жинақтаған тарихи деректері 700-бет жинақ болып жарық көрді. Мұнда Ұлыбритания, Франция, Иран, Түркия елдерінің кітапханаларынан, қорларынан әкелінген құнды материалдар тағы бар.

Осылайша, бір жыл ішінде түрлі деректер табылды, зерттеулер қайта жаңғырды. Бірнеше ірі халықаралық конференция өтті. Қазақ мемлекетінің қалыптасуына ықпал еткен белгілі тұлғалардың өмірі зерттелді. Тарихи жәдігерлер жаңғырды.

Көнеден қалған кесенелер қайта жөнделіп, жер-жерде батырларға ескерткіштер орнатылды. Қазақтың қарт тарихының алдында кешегіміз үшін қарыз, ертеңіміз үшін парыз көп. Сондықтан, қазақ тарихында қазақ ұялатындай ақтаңдақ бет жоқ. Ендігі тасқа басылып, хатқа түсіп, ғасырлар қойнауына кететін тарихи аманат – осы.

Тасқа басылып, тарихта қалатын тағы бір маңызды құжат бар. Ол – Ата Заң. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы». Бұлардың қай-қайсы да қоғамның саяси әлеуметтік қажеттілігінен туып, дала демократиясын дамытқан құнды құжат. Биыл осы Ата Заңымызға 20 жыл толды.

1993 жылдың 28 қаңтарында азат елдің алғашқы Ата Заңы да қабылданды. Елең-алаң шақта өмірге келді. Содан шығар алғашқы Конституцияның ғұмыры қысқа болды. Екі-ақ жыл.

Өйткені, демократиялық қоғам мен нарықтық экономиканың екпініне ілесе алмады. Жаңа өмір талабына жауап бере алмады. Осылайша, Ата Заң 1995 жылы қоғам талқысынан өтіп, жалпы халықтық референдум арқылы қайта қабылданды. Елдің ең басты құжатын халықтың 90 пайызы қолдады.

Әділ Ахметов, қоғам қайраткері:
Бұл заң халық үшін қабылданған заң. Ең алдымен, азаматтың еркіндігі, бостандығы, сөз бостандығы, бәрі қамтылған бұл жерде. Содан кейін бұл Ата Заңның ең керемет жері ұлттық құндылықтарға негізделген.

Мысал үшін ар турасында бізде «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», деген бар. Әділеттілікке негізделген. Әділеттілік болмаған жерде ешнәрсе болмайтыны белгілі.


Құқықтық мемлекет құруды мемлекеттің өзінен бастау керек. Бұл міндет Ата Заң арқылы жүзеге асырылып жатыр. 20 жылдан бері. Бастысы, Конституцияда көзделген мақсат пен мүдде бір арнаға тоғысты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз заң аясында өмір сүретін ел екенімізді мақтанышпен айта аламыз. Конституция - барша табыстарымыздың бастауы. Киелі, қастерлі құжат. Осы 20 жыл ішінде Қазақстан үлкен жетістіктерге жетті.

30 тамыз Қазақстан халқы біртұтас таңдау жасаған ұлы күн болып есептеледі. Біз осыдан 20 жыл бұрын бүкілхалықтық референдум арқылы Ата Заңымызды қабылдадық.

Ескі мен жаңа қалыптасқан алмағайып заманда біздің халық бірлігін көрсете білді. Жаңа конституцияны бекітті. Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы бойымызға барлық құндылықтарды сыйғыза білдік.


Көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның қатарында тұр.

Биылғы айтулы шараның бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы. 100-ден аса этносты бір шаңырақ астында бірлікте ұстауда Ассамблеяның қызметі ерен.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жалпы Қазақстандық бірлік дегеніміз бос сөз емес, ең алдымен, қазақтың өзінің бірлігі керек болашақта. Мен оны ылғи айтып жүремін. Елдің тағдыры мен болашағы мемлекет құрушы ұлт ретінде халықты ұлы істерге ұйыстыруға басты жауапкершілік те қазақтарға жүктеледі. Осыны әрдайым есте сақтайық.

Ассамблея жылы аясында бабалар мұрасы, баға жетпес жәдігер «Тайқазан» Түркістаннан шығып, өңірлерді аралап Астанаға оралды. Аймақтарда 200-ге жуық мерекелік шара өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеяның ұйытқы болуымен биылғы жылдың айтулы шарасының бірі қазақтың қолөнер шеберлері, суретшілері Араб еліндегі Өнер шеберлерінің халықаралық 6 фестиваліне қатысып қайтты.

Нәтижесі қазақ өнерін әлем таныды. 50 адамнан тұратын қазақстандық өнерпаздардың ішінде бірнеше этнос өкілі бар.

Тағы бір айтулы шара – Жеңістің 70 жылдығы. Қазақстаннан II Дүниежүзілік соғысқа 1 миллион, 366 мың адам аттанды. Оның 410 мыңы оралған жоқ. Жеңісті жақындатқан санаулы ғана ардагер қалды арамызда. Оларға қал-қадірінше сый көрсетілді.

«Нұр Отан» партиясының бастамасымен «Қазақстандықтар - Кеңес Одағының батырлары», деген атпен бейне-антология түсіріліп, жұртқа жария етті. Жобаның бірегейлігі сол, барлық қазақстандық қаһармандар тарихы бір циклға топтастырылған.

Майдандағы ерліктерімен қатар қаһармандардың соғысқа дейінгі, соғыстан кейінгі өмірлері туралы қызықты деректер бар. Еліміздің барлық аймағы Жеңістің 70 жылдығын атап өтті. Ұлттық арна «Майдангер хаты» атты акция ұйымдастырып, талай жанның сандығында сарғайып жатқан хаттарды эфирден көрсетті.

Биыл Ұлттық арна тағы бір тамаша шараға ұйытқы болды. Геннадий Головкиннің жекпе-жектерін тікелей эфирде көрсетіп, көрерменнің зор ықыласына бөленді. Жарты жыл қазақстандықтар ғана емес, дүниежүзі асыға күткен жекпе-жекте біздің батыр канадалық Давид Лемьені нокаутқа жіберді. Осылайша, Геннадий Головкин кәсіпқой бокстағы 34-ші жеңісіне және 31-ші нокаутына қол жеткізді.

Тағы бір жаңалық, Геннадий Головкин 2015 жылдың қорытындысы бойынша орташа салмақта «Топ 10-тың» басына шықты. Ол мексикалық Альварестен де асып түсті, деп бағалады HBO сарапшысы Харольд Ледерман.

Илья Ильин де бабында жүр. РФ Президенті Кубогына орай ұйымдастырылған жарыста алтын медальды жеңіп алды. Жалпы көрсеткіш бойынша Ильин 437 келіні жинап, тағы да әлем рекордын жаңартты.

Қазақ футбол тарихында бұрын-соңды болмаған сенсация! Футболдан ел чемпионы «Астана» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан қазақстандық бірінші команда.

Дәл осы кубок үшін «Астана» футбол клубы УЕФА-дан 14 миллион еуро көлемінде сыйақы алды. Топтық кезеңде «Галатасарай», «Атлетико Мадрид», «Бенфика» сияқты Еуропаның мықты командаларымен тең дәрежеде ойын көрсетті.

Астанада алғаш рет дзюдодан Әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде 60 келіде Елдос Сметов «алтын» алса, осы салмақтағы күмісті Рустам Ыбыраев еншілеп, командалық есепте ел құрамасы 4 орынға тұрақтады. Бұл бұрын-соңды болмаған жетістік.

Спортшы қыздарымыз да жақсы нәтиже көрсетіп жүр. 15 жастағы мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева ересектер арасында өткен халықаралық турнирлерде топ жарып, болашағынан үміт күттіретін спортшылар қатарын толықтырды.

Өнерпаздар да бұл жылдан құр алақан емес. Қазақтың айтысы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енді. ЮНЕСКО-ның бұл тізімінде қырғыздардың «Манасы», аргентинаның тангосы, өзбектердің шашмакомы бар. Биыл түрлі деңгейдегі айтыс та көп ұйымдастырылып, жаңа ақындардың жұлдызы жанды.

Мамандар жылдың үздік мәдени оқиғасының қатарына Астана күніне арналып, ашық аспан астында қойылған Вердидің «Аида» операсын да қосады. Пирамида алаңында өткен бұл қойылым сахналық безендірілуі, заманауи шоу нышандарын пайдалануы және әртістердің кәсіби шеберлігі тұрғысынан Қазақстанның опера өнерінің биыл биік белесті бағындырғанын білдіреді.

Мамандар «Астана Опера» театрын да биылғы жылдың үздік өнер ошағына балап отыр. 21 ғасырдағы балет өнерінің жаңа ізденістеріне жол ашқан ұжым өзінің «Жусан», «Әлем» секілді ұлттық нақышпен жаңашылдықты ұштастырған қойылымдарымен өңірлерде және Париж, Вена, Будапешт, Нью-Йорк сахналарында өнер көрсеткен. Биыл Абайдың 170 жылдығы, Сүйінбайдың 200 жылдығы сияқты елеулі күндер атаусыз қалған жоқ.

Халықта «Қой жылы - той жылы», деген әдемі сөз бар. Той көп болды. Бірақ, атақ шығарып, мал шашпақ тойлар емес, мәні, мағынасы зор тарихта қалар тойлар болды.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу