Жыл қорытындысы: Қазақстан экономикасының жағдайы қалай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл қорытындысы: Қазақстан экономикасының жағдайы қалай?

27.12.2015
Жыл қорытындысы: Қазақстан экономикасының жағдайы қалай?

Қазір әлем ерекше экономикалық кезеңді бастан кешіп жатыр.

2015 жыл Қазақ Үкіметі үшін қауырт жұмысқа толы жыл болды. Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін Үкімет сан-қилы қадамдарға барды.

Күн сайын қырық құбылған әлемдік нарық халықты да, ұлықты да шұғыл шешім қабылдауға құлықты қылды. Қысқасы, 2015 жыл - әлемдік дағдарыстың әсерімен күрес жылы болды деуге болады.

Жалпы, қазіргі Мәсімов Үкіметі дағдарыстан демікпей шығу жолында тәжірибесіз емес. 2007-2009 жылдар есте болар. Әдетте, жақсы өмірде жүріп үні шықпайтын дамыған елдер дағдарыстың түтінінен тұншықты. Ал, қазақ Үкіметі үлкен істі үндемей бітірді. Дер кезінде қабылданған дұрыс шешімдердің арқасында Қазақстан экономикасы көп зиян шеккен жоқ.

Елдегі қаржылық ұйымдар тұрақты жұмыс істеді. Ірі-ірі зауыттар мен фабрикалардың да қарқыны бәсеңдеген жоқ. Керісінше, жаңа өндіріс орындарының қатары молайып, экспортқа бағытталған кәсіпорындар көбейді.

Араға 7 жыл салып, дағдарыс қайта келді. Жаһан жұрты үшін қазіргі жағдай - жайсыз. Әлемдік экономиканың бір бөлшегі ретінде дағдарыс бізге де әсер етпей қоймайды. Сол үшін Үкімет дағдарысқа қарсы жұмыс жоспарын әзірледі.

Қой жылының жаһан үшін жайлы боларына ешкім кепіл берген жоқ. Әлем ерекше экономикалық кезеңді бастан кешіп жатыр. Дағдарыстың салқыны бар салаға тиді. Қазақ экономикасының негізгі түсімі - шикізаттан. Ал, шикізат бағасы нарықта біз қалағандай емес.

Темір, көмірді, аллюминий, мысты мысалға алмағанда, мұнайдың құны ұнамай тұр. «Қара алтын» бағасы соңғы 11 жылда болмаған ең төменгі шегіне жетті. 40 доллардан да құлдырап кетті. Соның салдарынан елдегі экспорт 42 пайызға, ал импорт 23,8 пайызға кеміп кетті.

Үкімет дереу іске кірісіп, «Нұрлы жолды» – дағдарысқа қарсы қалқан деп белгіледі. Елбасының былтырғы Жолдауында бекіткен жеті бағытқа 3 қосымша мақсат қосты.

Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау; макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау; қаржы жүйесін нығайту және банк секторын сауықтыру арқылы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету.

Осы мақсатқа Үкімет Ұлттық қордан 500 миллиард теңге бөлді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында дағдарысқа қарсы қабылданған шұғыл бірінші шешім-осы. Екінші – үнем. Үкімет басы артық шығындарды барынша ықшамдап, бюджеттің 700 миллиард шығынын қысқартуға шешім қабылдады.

«Самұрық-Қазына» шығыстары 337 миллиард теңгеге, «Бәйтерек» холдингі әкімшілік сипаттағы шығыстарын және күрделі салымдарын 3,8 миллиард теңгеге оңтайландырады.

Министрліктердің, мекемелердің, холдингтер мен жергілікті атқару органдары жиыны 4 миллиард доллар үнемдейді. Басқа да керексіз шығындар азайтылды. Қысқарту әлеуметтік салаға қатысы жоқ.

Бюджеттің бүйірін толтыру үшін Үкімет қадағалаған тағы бір науқан – мүлікті заңдастыру. Былтыр қыркүйекте басталған жария етудің мерзімі бір жылға ұзартылды. Қазірдің өзінде тасада жатқан 430 миллардтан астам теңге заңдастырылды.

Ал, қаржыны үнемдеуде жекешелендіру – жауапты жұмыс. Биыл 200-ден аса нысан жекенің меншігіне берілді. Қазір қазынадағы әрбір тиын санаулы, сұрауы бар. Жаһандық тәжірибеге сай қазынаны қампайтудың жүйелі жолы - инвестицияда. Дағдарыстың кесірінен оның да көлемі қысқарды.

Біздегі тау-кен өндірісіне тартылған ақша 40 пайызға, сауда саласына 38, геологиялық барлауға 30 пайызға азайған. Тек өңдеу өнеркәсібінде ғана өсім бар. 0,5 пайыз.

Өндірілген өнім көлемі де өлшеулі ғана. Биыл өндірістік өнеркәсіп 20,3 пайызға, тау-кен өндірісі 2,2 пайызға, машина жасау 29 пайызға азайды. Бір жарым миллион тонна мұнай кем өндірілді.

Үкімет келер жылдан бастап, инвесторларды тарту үшін «Бір терезе» қағидатын ашады. Енді инвестор бұрынғыдай әр органның есігін қағып, сабылып жүрмейді, 363 мемлекеттік қызмет түрін «бір терезеден» алады. Бір мұрат бар.

2020 жылға дейін Қазақстан – инвесторлар үшін Орталық Азиядағы ең тартымды аймаққа айналуы тиіс. Биылдан бастап инвесторлар он жылға корпоративтік табыс және жер салықтарынан, ал мүлік салығынан сегіз жылға босатылды. Әрі Қазақстанға келем деген 19 елдің инвесторларына визасыз режим енгізді.

Қазақстан экономикасының қос қанаты - инновация мен индустрия. Ерекше экономикалық кезеңнен ентікпей шығудың жалғыз жолы осы екеуі. Биыл индустрияландыру бағдарламасының алтыншы жылы қорытындыланды. Оның аясында, 890 жоба жүзеге асып, 85 мың адам тұрақты жұмыс тапты. Биылдың өзінде 120 жаңа нысан пайдаға берілген.

Жобалар жылда жүздеп ашылады. Бірақ, отандық өнімге деген сұраныс көңілге қонымсыз. Осы себепті, биыл республика көлемінде Мемлекет басшысының ұсынысымен «Қазақстанда жасалған» акциясы басталды.

Президент отандық өнімді қолдауды өзгеден емес, өзінен бастады. Елдегі әрбір сауда орталығында отандық өнімдердің секциясын жасауды тапсырды. Сөйтіп, жылдар бойы тұралап қалған жеңіл өнеркәсіптің тынысы ашылды.

Биыл Қазақстан екі бірдей экономикалық құрылымның белді мүшесі атанды. Бірінші қаңтардан бастап, Еуразиялық экономикалық одақ ресми түрде жұмысын бастады. Оған 5 ел мүше.

Бір жасқа енді толған жас одақ оған мүше мемлекеттердің экономикалық мүддесін қорғауда мықты қорғаныс. Келесі келісім – Дүниежүзілік сауда ұйымы. Оған әлемнің 161 елі кіреді. Қазақстан жиырма жылға жуық осы ұйымға мүше болу үшін келіссөздер жүргізіп, 162-ші болып тіркелді.

Биылдың бар әңгімесі – доллардың долбары болды. Бірнеше елдің валюталары құнсызданды. Бұл жағдай Қазақ теңгесін де айналып өтпеді. Ұлттық банк бағаны ұстап тұру үшін әлденеше рет интервенция жасап араласқан еді, кейін еркін айналымға жіберді.

Сөйтіп, жыл басында 1 доллар 183 теңгеге тең АҚШ валютасы қырық құбылып, қазір 300-ден асып кетті. Осы орайда салымшылардың да есебі ұмыт қалған жоқ. Үкімет пен Ұлттық банк теңге бойынша ашылған депозиттер үшін бағам айырмасын төлеу тәртібін бекітті. Салым 1 миллион теңгеден аспауы тиіс.

Әлеуметтік сала әуелден Үкіметтің басты назарында. Үнемге көшіп, шығындар қысқарса да, оның әлеуметтік салаға еш қатысы жоқ. Мысалы, еңбекпен қамтуға бағытталған бағдарламаға жыл ішінде 370 мың адам тартылса, олардың 346 мыңы жұмысқа орналасып, 185 мыңы тұрақты жұмысқа тұрған. Басында 5 пайызға жетеді деген жұмыссыздық деңгейі межелі көрсеткіштен аспады.

Тұрғын үй салу да тұралап қалмады. Биыл елімізде «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша 9,5 мың пәтер салынды. Денсаулық сақтау саласында да өзгеріс көп. Басты жаңалық жаңа жылдан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда – 28 пайызға дейін өседі.

Ал, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы биыл аяқталды. Алдына қойған мақсатын сәтті орындаған жобаның жалғасы ретінде 2016-2019 жылдарға арналған жаңа бағдарлама жасалды.

Білім саласы да берекелі. Енді кәсіптік-техникалық білім тегін беріледі. Ал мұғалімдер жалақысы 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап 29 пайызға дейін көтеріледі.

Үкімет инфляция өсімін тежеу үшін азық-түлік бағасын бақылауда ұстады. Министрлер кабинеті ішкі нарықты тұрақтандыру үшін негізінен 5 бағытта шара қолданды.

Бірінші – күнделікті тұрмысқа қажет азық-түліктің қоры жасақталды. Екінші - күріш, қант, өсімдік майы сынды кейбір тауарлардың экспортына шектеу қойылды. Керісінше, сырттан келетін өнімге салынатын импорттық салықты төмендетті. Бұл үшінші бағыт.

Төртінші – ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының ішкі нарықтағы жауапкершілігін күшейтетін меморандумға қол қойылды. Бесіншіден – бағаны әдейі өсіретін алыпсатарлармен күрес күшейді.

Соның арқасында Үкімет келер жылдан нан бағасы еркін айналымға жіберілсе қымбаттамайтынына кепілдік беріп отыр. Әлеуметтік маңызды тауарлар үшін 2015 жылдың 4 тоқсанына шекті бағаларды бекітті.

2016 жыл да оңай болмайды. Сарапшылар осылай болжап отыр. Қалай болғанда да алаңдаудың реті жоқ. Қазақ Үкіметінің 2016-2018 жылдарға дағдарысқа қарсы нақты жоспары бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай түзілген құжат екі бөлімнен тұрады. Біріншісі – Президент Жолдауында жүктеген 5 бағыт бойынша жаңа экономикалық құрылымдық қалыптастыру, екінші тарау экономиканың өсуін және ұлғаюын және оған несие беруді ынталандыру шаралары жайында.

Айтпақшы, биыл 3 жылға арналған бюджет жоспарланды. Шығыны – 7 триллионнан астам. Қазына шығыстары 1,5 триллонға дейін қысқарды. Әйтсе де, әлеуметтік салаға бөлінген қаржы қаз қалпы. Арқаны кеңге салар шақ емес. Дағдарыс биылмен бітпейді. Үнем керек.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу