Мемлекет басшысының Жарлығымен ел дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азамат Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысының Жарлығымен ел дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азамат Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды

20.12.2015
Мемлекет басшысының Жарлығымен ел дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азамат Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды
«Қазақстанның Еңбек Ері» деген үлкен дәреже үш адамға бұйырды.

Халық үшін қастерлі мерекеге орай көптен еңбегімен, білімімен қоғамды ілгерілетуге қосқан үлесімен ерекшеленген азаматтарды марапаттау да дәстүр. Бұл бір есептен еңбекті елеу болса, екіншіден, өзі атқарып жүрген жұмысқа адамның ынтасын күшейту. Бұл бір қазақ қана ойлап тапқан дүние емес, әлемдік үрдіс.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жарлығымен ел дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азамат Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды. Бар өмірін ғылым саласына сарп етіп, тың дүние ойлап тапқан ғалымдар мен нағыз еңбектің ерлерін Президент өзі қабылдады.

Ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы ең жоғары сыйлыққа биыл бір жеке және алты ұжымдық еңбек лайық деп танылды. Ал, «Қазақстанның Еңбек Ері» деген үлкен дәреже үш азаматқа бұйырды.

Қазақ елінің тау-кен, металлургия, мұнай-газ және ғарыш саласында жаңалық көп қазір. Жай жаңалық емес, инновациялық тың жаңалық. Жаңа технологияны игеруге арналған игілікті іске ғалымдардың қосқан үлесі зор.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Олардың еңбектерінің лайықты бағасы – ғылым мен техника бойынша әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлық. Бүгінгі қызметтегі аталмыш бағыт өте өзекті.

Ғылым мен техника адамның ойлау қабілетін дамытып, мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұл реттте алдыңғы экономиканың негізін қалайтын жаңа бастамалардың болуы өте маңызды.

Назарбаев университеті мен Алматыдағы «Алатау» инновациялық технологиялар паркінен құрылған орталықтар елде ғылымды коммерциялизациялау, жаңа бастамалардың жүзеге асырылуы мен ең мықты деген зертханаларды көшіруді дамыту ісінің ошағы іспеттес.

Осы ретте ерекше бір қуанышпен хабарлайтын жайт – бұл іске қазір жастар да белсенді тартыла бастады. Оның үстіне мүмкіндіктер де жетіліп, айлық жалақы өсе түсуде.


Тынымсыз еңбек, төгілген тер, терең зерттеу, жаңа талап. Бұл – ғылымды ілгері бастап, ғалымды шыңға шығаратын негізгі қағидалар. Биыл әл-Фараби атындағы ең жоғары сыйлық 7 аталым бойынша табысталды.

Алғашқы марапат – плазманың кванттық және ұжымдық қасиеттерін зерттеген еңбекке бұйырды. Ғалым тапқан кез келген жаңалық – ел пайдасына, мемлекет дамуына пайда әкелу керек,-дейді осы саланың үздігі.

Тілекқабыл Рамазанов, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері:

Кез келген ғылымның технологиясы өндіріске, жалпы экономикаға пайдасы болуы керек. Болашақ термоядролық энергетика, болашақ нано технологияға қатысты технологиялар да бар.

Бізде ғарышты зерттеу саласы жаңа кеңістікке көтеріліп келеді. Бұл бағытта Талғат Мұсабаев бастаған топтың еңбегі еленді. Олар елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа ғарыштық техника ойлап шығарды. Елбасының қолынан сыйлық алған ғарышкер, өзінің қобалжығанын да жасырмады.

Мейірбек Молдабеков, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері:
Қазақстанның новигация жүйесін енгізу үшін техника жағынан өте күрделі дифференциалдық станциялар салынды. Оларды жасау үшін тиісті ғылыми зерттеулер жүргізілді. Содан кейін тәжірибелік конструкторлар жасалды. 52 станцияны өндіріп, Қазақстанға орнатып, іске қосып, сондай толыққанды жұмыстар жасалды.

Әлемдік технология саласында Қазақстанның мәртебесін асыратын жұмыстар жетерлік. Мәселен, Людмила Болотова алтын мен қорғасынды өңдеудің тың технологиясын ойлап тапқан таланттардың бірі.

Людмила Болотова, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері:

Біздің ұлттық орталығымыз Сіздің бастамаңызбен құрылды. Қазақстанда өндірілетін алтынның әр үшінші тоннасы, әлемде өндірілетін қорғасынның әр оныншы тоннасы біздің жасап шығарған технологиямен өндіріліп жатыр. Біздің жетістігіміз, Сіздің жетістігіңіз!

Ұжымды жеңісімен құттықтаған Президент, минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталықтың ауыр да ауқымды жұмыс жасап жатқанын айтты. Өйткені, біздегі кен үйінділерінде Қазақстанның «екінші байлығы» жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бізде әрине, жер қойнауы өте бай. Осы уақытқа дейін қаншама миллион тонна руда өндірілді. Алайда, жерде жатқан, әлі игерілмеген байлық қаншама. Уақыты келеді, сол уақытта біз олардан әлі үлкен пайда көре бастаймыз. Мен білемін.

Бұл менің Кеңес одағы уақытында қорғаған докторлық диссертациям болатын. Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатының қалдықтарының өзінде жүздеген тонна темір мен ванадий және вольфрам жатыр.

Ал, Екібастұзда таулы топырақтар бар. Оны да біз кейін өндіретін боламыз. Болмаса хромның 25 пайызымен біз жолдарды жөндейміз. Сіздер үлкен іс атқарып жатырсыздар. Бұл – Қазақстаннның екінші байлығы.


Мұнай-газ, ауыл шаруашылығы саласында да жаңадан ашылған жаңалық көп. Елдің дамуына сүбелі үлес қосқан ғалымдарға алғыс білдірген Мемлекет басшысы, әсіресе, медицинадағы ғылыми жетістікті жоғары бағалады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер батыстағы жетістіктермен пара-пар. Біздің азаматтар онда емделуге қандай мақсатпен барады? Елде медициналық білім мен медицинаның дамуы көріп отырғандарыңыздай бізге көптеген мәселелердің шешілуіне жол ашты.

Олардың арасында кардиология, тірек-қимыл аппараттары мен өзге де көптеген бағыттар бар. Осы шаралардың нәтижесінде қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы соңғы он жылда 64-тен 72,3-ке дейін ұзарды. Бұл біздің басты жетістігіміз.


Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматты марапаттады. Соның ішінде «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын ерекше айтқан жөн.

Бұл марапатқа өндірістік қызметте жетістікке жеткен 3 азамат лайық деп танылды. «ҚазФосфат» серіктестігінің директоры Мұқаш Ескендіров, механик Ришат Әміренов және шаруа қожалығының басшысы Борис Князев.

Мұқаш Ескендіров, «ҚазФосфат» ЖШС Бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері:

Бұл тек қана менің ғана еңбегім емес, біздің 6 мыңдық ұжым бар. Сондықтан, осы марапаттан кейін әрине, бізге көптеген міндет жүктейді. Соның бәрін орындауға тырысамыз.

Рышат Әміренов, «Восточный» разрезінің механигі, Қазақстанның Еңбек Ері:

Мен Шығыс кенішінде 30 жылдай жұмыс істеймін. Өзіммен бірге отбасым да еңбек жолын жалғастырып жатыр. Біздің жалпы еңбектегі үлесіміз 120 жылдан астам. Еліміздің дамуына әрі қарай да осы үлесімізді сала береміз.

Борис Князев, Қазақстанның Еңбек Ері:
Бұл марапат - жылдар бойы төгілген маңдай тердің жемімі. Біздің шаруа қожалығы қиындықтың барлық сатысынан өтті. Қолайсыз ауа райында жұмыс істеуге мәжбүрміз. Соған қарамастан жыл сайын алатын өніміміз мол, көрсеткішіміз тұрақты. Бүгінгі марапатым осы еңбегім үшін берілді, деп ойлаймын.

Ал, мәртебесі жоғары «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен Президент Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулин және Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев марапатталды.

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі, «ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденінің иегері:

Сыр елі Тәуелсіз елімізге, Елбасыға тірек болуға әрқашан дайын. Сырттан келген дағдарыс кезеңінде Сыр елі сыр бермей лайықты үлесін қосады, деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы мереке қарсаңында ғылым, білім, денсаулық, мәдениет саласының көрнекті қайраткерлерінің кеудесіне «Барыс», «Парасат», «Достық» ордендерін тақты. Сонымен бірге, 326 адам «Құрмет» грамотасымен марапатталса, 50 азамат «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тәуелсіздік деген еш уақытта ештеңеге айырбастамайтын ең жоғары мәртебелі құндылығымыз. Біз азаттықтың арқасында ел ретінде еңсе тіктеп, мемлекеттік тұғырымызды бекіттік.

Оған бүгінгі марапат иелерінің әрқайсысының үлесі зор. Сіздер өнегелі істеріңізбен көпке үлгі болып, ел құрметіне бөленіп келесіздер. Өз саласында ерекше жетістікке жеткен азаматтарды ең жоғары марапатқа лайық деп санаймыз.


Жаһандық дағдарыс жайлаған тұста, ерінбей еңбек ету – елдің тұрақты дамуы үшін қажет. Ал, әр азаматтың маңдай тері, ашқан жаңалығы мемлекет тарапынан қашанда бағаланары хақ. Оған – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, Президент қолынан төсбелгі тағып, тамаша тартуға ие болған нағыз еңбекқор адамдардың ісі дәлел әрі үлгі.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу