Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жалпыұлттық телекөпір өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жалпыұлттық телекөпір өтті

13.12.2015
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жалпыұлттық телекөпір өтті

Телекөпір нәтижесінде 18 нысан салтанатты түрде іске қосылды.


Елімізде соңғы бес жылда 890 жоба жүзеге асып, 85 мың тұрақты жұмыс орыны ашылған. Бұл индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жемісі. Индустрияландыру картасы аясында 2015 жылы 120 жаңа нысан пайдаға берілген.

Желтоқсанның 11-і күні жалпұлттық телекөпір өтіп, тағы да 18 нысан салтанатты түрде іске қосылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтты: Қазақстан тұңғыш рет жетекші экспорттаушы елдердің санатына өтіп, 50 елдің арасынан 43-ші көрінді деп. Яғни, өзіміз көп аңғара бермесек те өсім бар.

Негізі индустрия неге керек, алдымен елге керек. Тұрақты жұмыс үшін керек, дайын өнім жасау үшін керек, үйрену үшін, игеру үшін керек. Оның үстіне Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелігіне өтті. Яғни, өзге озық жұрттармен бәсекеде есе жібермес үшін керек.

Дүниежүзілік банк дерегі бойынша, өткен бес жылда біздің өңдеуші өнеркәсіп салаларының өнімдері 24 миллиард долларға жеткен. Ал, жаңа кәсіпорындардың әрқайсысы жыл сайын орта есеппен 81 миллиард теңгенің өнімін өндірмек. Яғни, аз дегенде жобалар ұлттық экономикаға шамамен 270 миллиард теңге қосымша табыс әкеледі, – деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, жаңа инвестициялық саясаттың міндеттері индустрияландыру жобалары төңірегіне топтастырылуы тиістігін айтты. Қазақстанға 2015 жылдың бірінші жартысында 7,5 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды. Негізгі инвестор елдер – Қытай, Ресей, Франция, Ұлыбритания, Түркия, Үндістан және Жапония.

Ресеймен өзара инвестициялық ынтымақты арттырудың болашағы зор. Оны жетекші ресейлік компаниялармен ынтымақ желісі бойынша ғана емес, жыл сайын біз айналысатын өңіраралық ынтымақ аясында да өрбіту керек. Үкімет пен әкімдер еуразиялық интеграция мүмкіндіктерін пайдалана отырып, осы бағытты кеңірек игергені жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының басталғанына биыл – 6 жыл. Осы аралықта жүздеген ұзақ мерзімді жоба жүзеге асып, мыңдаған адам тұрақты жұмыс тапты.

Жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыс қос бүйірден қысқан тұста, отандық кәсіпорындар ұлттық экономиканың тірегіне айналды. Тек, осы жылдың өзінде елде жалпы сомасы 800 миллиард теңге болатын 120 жоба іске қосылды. Осы аптада қатары тағы 18 ірі кәсіпорынмен толықты.

Әрқайсысын салтанатты түрде ашқан Елбасы жаңа өндірістер ел экономикасын жаңа белестерге жетелейтінін айтты. Соның бірі – Павлодар облысында ашылған мұнай коксын қайта өңдейтін мұнай-химия кәсіпорны. Құны 23 миллиард теңге. Өндіріс өнімі алюминий шығаратын электролиз зауытына аса қажет.

Нағашыбек Әубәкіров, «УПНК-ПВ» ЖШС атқарушы директоры:

Өндіріс қыздырылған мұнай коксін импорттау тәуелділігінен босатып, Ресей мен Қытай нарығына шығуға мүмкіндік береді. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, зауытты іске қосуға рұқсат сұраймын!

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Баршаларыңызға рахмет! Құттықтаймын! Өте керек. Қазақстанда жоқ өнім шығарайын деп отырсыңдар. Жұмысшыларға да жақсы, өздеріңе де жақсы. Құттықтаймын!

Алматы облысында ашылған фармацевтика кәсіпорнының өнімдері де экспортқа бағытталады. GMP стандарттарына сай сапалы препараттар өндіреді. Жылына 1,5 миллиард дәрі-дәрмек шығаруға қауқарлы. Жаңа зауыт отандық фармацевтика үлесін 10 пайызға арттырмақ.

Тайфун Мерич, «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС бас директоры:

Аса құрметті Елбасы, зауытты іске қосуға рұқсат етіңіз!

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Дәрі-дәрмек бізге өте керек. Біз бәрін сырттан әкелетінбіз. Түрік ағайындар жасап жатқан мына өндіріс, бізге өте қажет. Халықтың денсаулығына жарайтын болсын, денсаулығын түзететін болсын. Іске қосайық.

Экономика тірегі – шағын және орта бизнестің көшін ілгерілету – Елбасы қойған маңызды міндеттердің бірі. Қазір кәсіпкерлікті дамытуға елде барлық жағдай бар. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында, Ақтөбе облысында ет өңдеу комбинаты іске қосылды.

Жылына 7,2 тонна жоғары сапалы мұздатылған ет өндіреді. Ал, Солтүстік Қазақстан облысында ел аумағында бұрын-соңды болмаған тез пісетін тағамдар кәсіпорны ашылды.

Ботагөз Құлданова, «Радуга» ЖШС өндіріс жөніндегі директоры:

Құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз жаңа өндірісте құрғақ таңғы ас пен түрлі қауыздарды шығаруды игердік. Мұндай өнім бұрын республикада шығарылмаған. Зауыт Қазақстан үшін жаңа өнімнің 25 атауын өндіретін болады. Ол ішкі нарықты қамтамасыз етуге және өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өте үлкен қуанышпен рұқсат етемін. Себебі, біз тұңғыш рет өзіміздің мал шаруашылығымыздың етін өңдеп, шетелге шығарып отырмыз. Мұндайға біздің қолымыз жетпеген болатын.

Менің ылғи айтып жүргенім, ауыл шаруашылығы дегенің экономиканың ең үлкен бөлшегі. Оның бағасын көтеріп, шетелге шығару бәріміз үшін қуаныш және жаңа өнім. Құтты болсын, іске қосыңыздар.

Бұдан соң Елбасы жаңғыртудың жаңа кезеңіне көшкен Қостанай мен Ақмола облыстарындағы құс фабрикаларын іске қосты. Өңірлердің азық-түлік белдеулерін қалыптастыруда рөлі зор кәсіпорындардың бірі – жыл сайын 250 миллион дана жұмыртқа шығарса, екіншісі, 20 мың тонна құс етін өндірмек.

Ал, жеңіл өнеркәсіп саласында Атырауда жүн өнімдерінің өндірісі мен Оңтүстік Қазақстан облысында тоқыма фабрикасы іске қосылды. Жылына 16 миллион дана сапалы шұлық әзірлейтін фабрика өнімінің 70 пайызы ішкі нарыққа, 30 пайызы сыртқа жөнелтіледі.

Астаналық – «ASTANA Ютария Ltd» инновациялық өндірістік компаниясы болса, отандық жеңіл өнеркәсіп үздіктерінің бірі. Автоматтандырылған, шығыны аз, өнімділігі жоғары 500 тігін машинасын шығарады жылына.

Кезінде жеңіл өнеркәсіптер тоқырауға ұшырап, тоқтап қалғанын еске алған Елбасы, бүгінде кәсіпорындардың қарқынды жанданып жатқанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жаңа өндіріс, жаңа өнім. Мен жеңіл өнеркәсіптің киімдерін өзім киіп, жұртқа жария еттім. Енді, елімізде өзге де киім түрлері шығарылады, деген үміттемін. Ал, жеңіл өнеркәсіпке қажетті машиналар өте маңызды сала. Құрылысты аяқтағандарыңыз үшін үлкен рахмет!

Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту – «Нұрлы жолдың» басты бағыттарының бірі. Бағдарлама жүзеге асқалы, ішкі нарықта отандық материалдардың үлесі 70 пайызға жеткен. Жаңадан іске қосылған екі кәсіпорын – көрсеткішті еселемек.

Алматыдағы лак-бояу материалдарын шығаратын зауыт, республикада баламасы жоқ өндіріс орны. Жылына бәсекеге қабілетті 15 мың тонна экологиялық таза өнім өндіреді. Құрылыс индустриясындағы тағы бір ерекше жоба - Қызылордадағы үй құрылысы комбинаты. Жылына 35 мың шаршы метр каркасты тақта үйлерін тұрғызуға қауқарлы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өте қажет, сырттан әкелмей ішімізден шығарып, өзіміздің халқымызға жұмыс беріп отырмыз. Өте тамаша өндірістер. Қаншама мың адам, он мың адам істейтіні қазір бізге керек жоқ. Осындай шағын 50, 25-30 адам істейтін көп шаруашылық керек. Барлық облыстар осымен шұғылданса, елімізге үлкен пайда келтіретін болады.

«Болашақ энергиясы». 2017 жылы Астанада өтетін EXPO көрмесінің тақырыбы. Жаңа энергетиканы дамыту – экономиканы дамыту. Ақмола облысының Ерейментау қаласы, Қазақстандағы тұңғыш ірі жел электр станциясын салды.

Бұл - Арқаның адуын желін пайдаланып, қуат өндіретін теңдессіз жоба. Инновациялық станция енді EXPO нысандарын баламалы энергиямен қамтамасыз етеді. Батыс Қазақстан өңірі де жаңартылатын қуат көздерін өндірмек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екі жоба да өте маңызды. Қазір, Парижде баламалы энергетика бойынша Бүкіләлемдік конференция өтіп жатыр. Бүкіл әлем атмосфераның ластануы мен ауа райының жылынуынан қорқып отыр. Өйткені, оның соңы үлкен катаклимздерге алып келуі мүмкін.

Кейбіреулер «Мұнай мен газ бағасы арзандаған тұста, мұнымен айналысудың қажеті не?», деп ойлайтын шығар. EXPO-2017 біздің басты ерекшелігіміз, ол - жаңа энергетика. Ал, мен сіздердің не істеп жатқандарыңызды бақылап отырмын, жел электр станциясы бірінші бастама емес, бірақ, ол ең ірі – 45 МВт.


Ақтау халықаралық теңіз сауда портының экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында, Солтүстік бағытта кеңейту жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде, жүк тиеп-түсіру қуаты жылына 3 миллион тоннаға артып отыр.

Ал, «Астана Дизель Сервис» серіктестігі локомотивке арналған дизельді қозғалтқыштар шығарып, жөндейтін зауытты іске қосты. Отынға үнемді, қоршаған ортаға зиянсыз жоба, жылына 200 қозғалтқыш жасайды. Қос жобаны да Мемлекет басшысы қуаттады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ақтау теңіз айлағын әсіресе, дәнді-дақылдар бойынша кеңейту маңызды. Біз қазіргі таңда Иран арқылы Парсы шығанағымен өтетін темір жол құрылысының аяқталуына байланысты дәнді-дақылдардың жаңа нарығын ашуға күш салып жатырмыз және бұл өте маңызды. Бұл нысан дер кезінде іске қосылды.

Тіпті, биылғы жылдың өзінде Әзірбайжан мен оңтүстікке тасымал жұмыстары басталатын шығар. Мен Сіздерді құттықтаймын! Ал, «General Electric» қозғалтқыштар зауыты – Қазақстан үшін инновациялық өндіріс. Мен бұл туралы «General Electric» басшылығымен «бизнес капитандарымен» болған Нью-Йорктегі кездесу барысында айтқанмын. Енді міне, іс жүзеге аса бастады.


Ал, Қарағанды облысында барит өңдеуге арналған өндірістік кешен ашылды. Бұл Индустрияландыру картасына енген бірегей жоба. Мақсат – мұнай-газ өндіруге қажет барит концентратын әзірлеу. Жылдық өндіріс 200 мың тонна. Ал, химия өнеркәсібінің ордасы - Жамбыл өңірінде минералды тыңайтқыштар өндіретін зауыт бой көтерді. Топырақтың құнарлылығын арттыратын минералдардың 40 пайызы ішкі нарыққа, 60 пайызы ТМД елдеріне экспортталады. Екі жоба да шетелдік инвесторлардың қаржысына салынған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз сияқты мұнайлы ел үшін барит қоспасын әзірлеу өте маңызды. Ал, оның Ресейлік мұнайшыларға тасымалданатындығын назарға алсақ, мәселе одан сайын өзектілене түседі. Бұл көптен күткен, өте жақсы нысан.

«Halliburton» компаниясымен біз бұрыннан бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Жұмыстың аяқталуымен құттықтаймын. Қаратау тау-кен байыту комбинатының жұмысы біздің Ресей Федерациясының өкілдерімен бірлесіп қолға алған маңызды жобамыз.

Оның құны 1 миллиард доллардан асады. Бұл Қазақстан үшін минералды тыңайтқыштардың көлемін айтарлықтай арттырады, бұл дегеніңіз ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артады деген сөз. Екі жоба да біз үшін маңызды. Мен Сіздерге сәттілік тілеймін!

Қазақстанның тау-кен саласындағы теңдессіз жоба – Бозшакөл кешені мен Ақтоғай кен орны, инновациялық-индустриялық жобалардың қатарын толықтырды. Халыққа пайдасы мол өндіріс орындардың тұсауын кескен Елбасы, қазіргі ерекше кезеңге қарамастан, Қазақстан экспорттық әлеуетін арттырғанын атап өтті. Бүгінде Қазақстанда жасалған өнімдер әлемнің 111 мемлекетіне таралады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің осы уақытқа дейін атқарған істеріміз баршаға аян. Бұл шын мәнінде тарихтың жетістігі. Біріншіден, биылғы жылы Қазақстан 43 орынға табан тіреп, әлемдегі 50 үздік экспорттаушы елдің қатарына енді. 2014 жылдың қорытындылары бойынша, қазақстандық экспорттың көлемі біздің Орталық Азиядағы өңірдің көрсеткішінен 30 пайызға жоғары болды.

Бұлардың басым бөлігін орта кәсіпорындар құрайды. Біздің экспортымыздың 25 пайызы дайын, өңделген өнім. Бұл Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі ретінде халықаралық ұйым аясындағы қадамдарының сәтті басталғандығын көрсетеді.

Сапалы отандық өнім, жаңа жұмыс орындары, бәсекеге қабілетті экономика және өңірлердің серпінді дамуы – мазмұнды-мағыналы мемлекеттік бағдарламалардың жемісі,- деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз 2010 жылдан бастап ҮИИДБ іске асырып келе жатырмыз. Өндірісті жаңғыртуды сол кезден қолға алмағанда бүгінгі жаһандық дағдарыс салдары біз үшін бұдан да қиын болар еді.

Әлемнің көптеген мемлекеттерінде тіпті, ең дамыған елдердің өзінде өңдеу өнеркәсібінің кері шегінуі байқалып отыр. Дүниежүзілік банктің мәліметтеріне жүгінсек, бұл салада біздің өнім көлемі 2008 жылғы 17 миллиард доллардан 24 миллиард долларға дейін өсті, 6 жылдың ішінде.

Жаңа ашылған кәсіпорындардың әрқайсысы жылына шамамен 81 миллиард теңгенің өнімін өндіреді. Демек, ең төменгі есеппен ел экономикасына 270 миллиард теңге табыс әкеледі. Осы қарқыннан таймай, әрі қарай ілгерілеу қажет. Алда аса ауқымды жұмыс күтіп тұр. Осылай деген Мемлекет басшысы, іске қосылған жаңа индустриялық жобалардың Тәуелсіздік күніне орай, тамаша тарту болғанын жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Құрметті отандастар! Бүгін іске қосылған жаңа индустриялды жобалар – бүкіл Қазақстан халқына Тәуелсіздік күніне жасалған сый. Мен барлық кәсіпкерлерді тағы да Отанымыздың индустриялды қуатын нығайтуға белсенді үлес қосуға шақырамын. Бұл баянды болашақ.

Біз тек осы жол арқылы ғана өзгелерден кейін қалып қоймай, алдыға жылжитын боламыз. Мен ел жастарын жаңа кәсіпорындардың құрылысына атсалысуға, осы арқылы жаңа мамандықтарды меңгеріп, өздерінің болашақтарын қалыптастыруға шақырамын.

Мен тағы бір рет барлықтарыңызға Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттырған істеріңіз үшін алғысымды білдіремін.

Жиынды қорытындылаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев, жалпыұлттық телекөпір аясында ұйымдастырылған көрмені аралады. Онда қазақстандық тауарлар, сонымен қатар, индустрияландыру бағдарламасының маңызды жобалары мен жеңіл өнеркәсіп өнімдері қойылды.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу