Мұнай бағасы осы аптада 7 жылдан бері алғаш рет 39 долларға дейін түсті.
Осы аптада мұнай экспорттаушы елдердің назары «қара алтын» бағасына ерекше ауды. Энергетикалық шикізат құнының тарихына келсек, мұнайдың бір бөшкесі осыдан 20 жылдай уақыт бұрын 10-20 доллар шамасында болған екен. Қазір 39-40 доллар.
Қысқасы, бұл нарық қазір сол кезеңге қайта оралғандай. Тағы да өндірісті қарқындату жолындағы жарыс, тағы да арзан отын. Бұл жағдай мұхиттың ар жағындағы Венесуэла экономикасын күйретіп, боливар социализмінің іргетасын теңселтіп отыр.
Мұнай бағасы осы аптада 7 жылдан бері алғаш рет 39 долларға дейін түсті. Оған себеп – ОПЕК, яғни, Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы мен осы картельге кірмейтін мемлекеттер арасында клиент үшін бәсекелестіктің қарқын алуы.
ОПЕК-тің құрамына 12 мемлекет кіреді. Бұл картель әлемде мұнайдың үштен бірін шығарып отыр. Қазір сұраныс төмен, ал ұсыныс тым көп. Соған қарамастан, ОПЕК «қара алтынның» тәуліктік өндірісін 30 миллионнан, 31 миллион 695 мың бөшкеге дейін арттырып отыр.
Сонымен қатар, Ресей, Иран, Ирак тәрізді өндірісті азайтуға қарсы мемлекеттер бар. Қысқасы, бүгінде әр ел арзан шикізатпен бұрынғы клиенттерін сақтап қалуға жанталасып жатқан шақ. Оның үстіне келесі жылы санкциядан құтылып, нарыққа Тегеран да оралуы ғажап емес.
Абдулла әл-Бадри, Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының бас хатшысы:
Бізде Иран бар. Ол да нарыққа оралмақ. Қашан және қанша мұнаймен екенін білмейміз. Сондықтан, бұл жайт анықталғанша, өндіріс көлемі туралы шешім қабылдау мәселесін ОПЕК-тің келесі кездесуіне қалдырдық.
ОПЕК қазіргідей жағдайға алғаш рет тап болып отырған жоқ. 1997-1999 жылдары бұл ұйым дәл бүгінгідей өндірісті кеміте алмай, мұнай бағасын 10 долларға дейін түсіріп жібергені бар. Ол кездегі дағдарыс Венесуэладан басталды.
Венесуэла 90-шы жылдардың соңында өндірісті тәулігіне 2 миллионнан 3 жарым миллион баррельге жеткізді. Одан Сауд Арабиясы қалыспаймын деп, нарыққа қосымша сан миллион бөшке шикізат енгізді.
Сол тұста, яғни, 1997-ші жылдың шілдесінде Таиланд валютасы құнсызданып, осы корольдікпен бірге Индонезия, Филиппин, Сингапур, Малайзия қаржылық дағдарысқа ұшырады. Оңтүстік-Шығыс Азия экономикасы 8,3 пайызға құлдырады.
Мұнайға сұраныс төмендеді. Қазір Азия күйреп жатыр деуге келмейді. Бірақ, Қытай экономикасының өсімі - соңғы 25 жылдағы ең төменгі деңгейде. Демек, бұл мемлекеттің шикізатқа сұранысы бұрынғыдай емес.
Алес Йонг, инвестициялық стратегия маманы:
Бізге осалдау көрінгені – Қытай саудасы жөніндегі мәліметтер. Онда экспорт пен импорттың қысқаруы энергетикалық секторға жағымсыз әсер етіп отыр.
Енді соңғы 20 жылдағы мұнай бағасына тоқталсақ. 1995 жылы «қара алтынның» бір баррелі 20 долларға сатылды. Бірақ, Сауд Арабиясы мен Венесуэла өндірісті күшейткендіктен, 1999 жылы шикізат құны 10 долларға дейін түсті. Алайда, сол жылы Қытайда экономикалық өркендеу кезеңі басталды, сұраныс артты.
2007 жылғы қаржылық дағдарысқа дейін мұнай құны 140 долларға жуықтады. 2009-да баға қайтадан 40 долларға дейін құлдырады. Дағдарыс мәңгілік емес. 2013 жылы бір баррелдің нарқы 130 доллардың төңірегінде болды.
2014-те Сауд Арабиясы АҚШ-ты нарықтан ығыстыру үшін өндірісті үдетті. Оның нәтижесі сол – қазір экпортерлер 39-40 доллардың өзіне шүкіршілік ететін болды.
Мұнай шығаруды азайтып, бағаны қайта көтеру мәселесі алдағы жарты жылда тағы да қаралуы керек.
Мұхаммаду Бухари, Нигерия президенті және мұнай министрі:
Біз қаңтар мен маусым аралығында тағы да бас қосып, нарықтың әлеуетін талқылап көреміз. Әзірге өндіріс көлемі болашақта қандай болатыны жөнінде нақтырақ ештеңе айта алмаймын.
Дегенмен, жұма күні Халықаралық энергетикалық агенттік өз болжамын жариялады. Оған сенсек, мұнай нарығында қазіргідей жағдай кемінде 2016 жылдың соңына дейін сақталады.
Демек, келесі жылы да ұсыныс сұраныстан жоғары болады. Бұған қоса, бір Ирактың өзі өндірген шикізат мөлшері екі есеге артып, Үндістанды энергетикалық отынмен қамтамасыз ете алатын жағдайға жетіп отыр.
Былтыр Сауд Арабиясы өндірісті арттыруға кіріскенде, ОПЕК-ке мүше емес елдердің нарықтағы позициясын әлсіретуді көздегенді. Сол мақсат орындала бастағандай. АҚШ-та тақтатастан мұнай шығаратын кәсіпорындарда өндіріс 9 айдан бері төмендеп келеді.
Және де баға түскендіктен, келесі жылы ОПЕК-тен тыс елдерде өндіріс көлемі тәулігіне 600 мың баррельге кемуі ықтимал. Өзге бір болжамдарға қарағанда, екі жақтың таяуда келісімге келуі мүмкін емес. Сондықтан, алдағы жеті жылда «қара алтын» бағасы 40-60 доллардың шамасында болады.
Арыстан РЫСПЕК