Үкімет арнайы жиын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет арнайы жиын өткізді

29.11.2015
Үкімет арнайы жиын өткізді
Өткен жұмада Президент Нұрсұлтан Назарбаев елдің экономикалық дамуын мүлде әлсіретіп алмас үшін Үкіметке бірнеше тапсырма берген.

Дәл қазір жайбарақат жатар шақ емес. Әлемдегі ахуал күніне жүз құбылады. Әуеде соғысу, жерде соғысу, біреудің жеріне барып екі дай болып соғысу, тауармен соғысу, мұнай-газбен соғысу, жеміс-жидекпен соғысу, санкциямен соғысу телевизормен соғысу, интернетпен соғысу, газет-журнал арқылы соғысу, – қысқасы соғыстың түрі көбейді.

Мұның барлығы тұрақсыздыққа әкеліп тірелді. Үлкен инвестициялар жөңкілді, тұтас аймақтардан жұрт жөңкіді. Көп мемлекетте экономика әрі-сәрі күйде қалды. Бұл бізге де қатты әсер етіп отыр.

Өткен жұмада Президент Нұрсұлтан Назарбаев елдің экономикалық дамуын мүлде әлсіретіп алмас үшін Үкіметке бірнеше тапсырма берген. Сол міндеттерді қалай жүзеге асырамыз деген Үкімет арнайы жиын өткізді. Кім, не деді?

Үкімет мүшелері 11 мәселе қарады. Күн тәртібі «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуынан басталды. Оған Ұлттық қордан 700 миллиард 100 миллион теңге бөлінген. Бірақ, оның 68 пайызы ғана игерілген.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Егер жыл соңына дейін бюджеттен бөлінген қаржыны толық игермесе, біз келер жылғы сол өңірлердің қаражатын қысқартып, сапалы жұмыс істеп жатқан аймақтарға қарастыруыңызды ұсынамыз.

Қаржыдан қағылғысы келмесе, енді шапшаң қимылдау қажет. Бұл жолы енжарлық танытқан Ақмола облысы. Бөлінген ақшаның тек 57 пайызын игерген.

Павлодар облысы - 66, Қостанай облысы - 40 пайыз, ал Алматы қаласы 43 пайыз болса, елордамыз Астана бөлінген ақшаның 13 пайызын ғана игерген.

Олқылық тендердің уақытынан кеш өтуінен және атқарылған жұмыстарға қатысты құжатқа уақытылы қол қойылмағандықтан орын алған.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Орталық органдар мен жергілікті билік арасындағы келісу үрдісін жеңілдеткен жөн. Біз бұл мәселені зерттедік. Әкімдіктер мен министрліктер арасындағы келісім 6 айға дейін созылатын жағдайлар да кездесті.

Қаншама уақыт жоғалтып жатырмыз. Олар осы түйткілді өз деңгейінде шешулері керек. Бағдарлама бойынша қаржы жіберілді, жұмыс істеуі керек.


Ақшаны оңды-солды шашатын шақ өткен. Қазынадағы әрбір тиын санаулы қазір. Көкейде жүріп, кабинетте көтерілген тағы бір түйткіл – ескіге еті үйренген мемлекеттік органдардың есепсіз ысырабы.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
Биылдың өзінде ғана бюджет комиссиясы бюджетті жоспарлау кезінде сұраған 2 триллион теңгенің өтінішін қайтарып тастадық. Мынандай дағдарысқа қарамастан, мемлекеттік органдардың мешкейлігі байқалады. Мысалы, 9 айда 37 миллиард теңге игерілмей қалса, бір айдан кейін оның көлемі 156 миллиард теңгеге жеткен.

Қазынаның майлы жілігін ұстаған «Самұрық-Қазына» шетелдегі өкілдіктерін жабады. 2016 жылдың 1 ақпанына дейін. Президент тапсырмасына сай, барлық компанияларға ортақ үш қалада, Мәскеуде, Лондонда және Бейжіңде ғана өкілдіктер қалады.

Үнемдеу басталды. Ал, қиын жағдайдан шырмалып қалмай, шапшаң шаруаны түзетуге инвестиция көмектеседі. Нарықтың парқына қанық жаһан жұрты инвесторға ашық таласып жатыр.

Қазақстанға инвесторлардың ықыласы бөлек, ынтасы ерек. Елде өткен инвестициялық форумдар аясында биыл 500-ден астам шетелдік компанияның сарапшылары келді.

Олар Қазақстанды көршілес елдерге шығатын қақпа ретінде көреді. Бірақ... Бізде инвесторларға ұсынылатын жобалардың саны көп болғанымен, сапалы болмай тұр. Деңгейі төмен.

Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Инвесторлар үшін жер инфрақұрылымына қолжеткізу де үлкен проблемаға айналып отыр. Мәселен, қытайлық шыны-бөтелкелер шығару туралы ұсынылған жобаға біз Алматы облысынан 1,5 жыл бойы инфрақұрылымы бар жер учаскесін тауып бере алмадық.

Дәл осындай жағдай елімізге инвестиция салғысы келген фармацевтикалық салада да болды. Мұндай мәселе барлық өңірлерде бар. Сондықтан да, облыс әкімдерінен бұл мәселелерді шешуді шапшаңдатуды сұраймыз.


Жаһандық дағдарыс кез келген елге тартылатын инвестиция көлемін қысқартты. Бізге де құйылған қаржы біршама қысқарды. Тау-кен өндірісіне тартылған ақша 40 пайызға, сауда саласына 38, геологиялық барлауға 30 пайызға азайған. Тек өңдеу өнеркәсібінде ғана өсім бар. 0,5 пайыз.

Келер жылдан бастап, инвесторлар үшін «Бір терезе» қағидаты ашылады. 363 мемлекеттік қызмет түрлері осы «терезеден» алынады. Ал, әлеуметтік сала әдеттегідей Үкіметтің басты назарында болады.

Әуелі, халықты жұмыспен қамту мәселесі маңызды. Мұнай өндіру саласында 40 мыңдай маман қысқаруы мүмкін. Өйткені, жер қойнауын пайдаланушының жиынтық табысы «қара алтын» құнының құлдырауына байланысты өткен жылмен салыстырғанда, биыл 52 пайызға кемиді. Жұмыс көлемі азаяды.

Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:

Мұнай өңдеумен айналысатын мамандардың саны 2014 жылмен салыстырсақ, 2015 жылы 1141 адамға қысқарған. Жалпы, елімізде 1 мың адам 1 миллион тонна мұнай өндірумен айналысып отыр. Ал, қызмет көрсету секторында 3 мың адам жұмыс істейді.

Үкімет жұмыс орнын сақтап қалу әрі жалақыны қысқартпау үшін қамсыз емес.

Дариға Назарбаева, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Халықты жұмыспен қамту мәселесіне баса назар аудару қажет, ол қазіргі экономикалық жағдайда қысымға тап болады. Сондықтан, бұл орайда мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың бірлесіп, ұйымдасқан нақты қызметі қажет.

Айтпақшы, дағдарыс дендесе де, азық-түлік бағасы қымбаттамайды. Негізсіз баға өсіміне жол бермеу мәселесі Үкіметтің ұдайы бақылауында.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Азық-түлік нарығында баға жағдайын тұрақтандыру бойынша 9703 меморандумға қол қойылды. Бағаны негізсіз өсіріп жіберген компаниялар дер кезінде жазаланып, 220 миллион теңге айыппұл салынды.

Жанар-жағармай, азық-түлік, дәрі-дәрмек бағасының көтерілуіне байланысты монополияға қарсы ден қою шаралары аясында, 75 зерттеу жасалды. Біз баға өсіміне жол бермеуге бағытталған жұмыстарды жалғастырамыз.

Үкімет құрамы тапжылмай төрт сағат отырып, күн тәртібінде көтерілген күрмеулі мәселелерді дағдарысқа қарсы даярланатын 3 жылдық жоспарына енгізетін болып тарқасты.

АйбекҚОБДАБАЙ
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу