«Apta.kz» студиясында қонақта - Серікбай Нұрғисаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Apta.kz» студиясында қонақта - Серікбай Нұрғисаев

29.11.2015
«Apta.kz» студиясында қонақта - Серікбай Нұрғисаев
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты бюджеттің негізі бағыттары мен ондағы жаңалықтар туралы айтып берді.

Үкімет игерілмеген қаржыға жауапты министрліктерге жыл соңына дейін уақыт берді. Яғни, қалған бір айда жоспарланған қаржы діттеген жеріне жұмсалуы тиіс. Ал, алдағы үш жылға арналған бюджетті Үкімет пен Парламент - жылдағы дәстүрінен сәл жаңылып барып, кеш те болса, қабылдады.

Оған сыртқы факторлардың әсері болғанын білесіздер. Ендеше бюджеттің негізі бағыттары мен ондағы жаңалықтар қандай? Бұл сауалға депутат Серікбай Нұрғисаев жауап береді.

-Серікбай Өрікбайұлы, әңгімемізді бюджеттің игерілмей қалған қаржысына қатысты тұстан бастасақ. Үкімет осы аптада 156 миллиард теңгенің игерілмегенін мойындады. Не себеп? Парламентке қаржының игерілуін қадағалап, бақылауға ерекше құзыр берілген секілді еді? Себебі неде?

-Жалпы, бюджетті қабылдау оңай дүние емес. Бюджетке толық қанық болдық деген ондай ұғым ешқашан, ешкімде, еш мемлекетте болмаған. Әр кезде бір әттеген-ай болады.

Бюджетті қабылдауға ойынан шықпай жатқан себептер көп болады. Мысалы, биылғы бюджетті қабылдау сонан кейін бюджеттің шығысын қадағалауға байланысты. Сыртқы және ішкі жағдайларға байланысты.

Биыл жалпы әлемдік дағдарысқа егеменді, тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін біз де ұшырадық. Оның шеті бізге де тиді. Бір. Екінші, біз өзіміздің ішкі дүниемізде теңгені еркін айналымға жібергеніміз себеп болып отыр.

Мысалы, көктемде 180 теңге болатын болса, қазір 300 теңге. Ал былтырғы бюджетті қабылдаған кезде, біз ондай болады деп ойлаған жоқпыз. Ақша бөлінді, бірақ, сол қымбаттаушылықтың салдарынан сол 156 миллиард теңге игерілмей қалды.

Биылғы бюджетті қараған кезде өзіміз де сезініп отырмыз. Бұрын ақша келді, түседі, оны біз аксиома ретінде нақты санға көзіміз жетіп, сол ақшаны бөлдік.

Құрылысқа, инновацияға, білімге, әлеуметтік салаға. Қазіргі кезде ақша қаншалықты толық келеді соның өзі күмәнді болып тұр. Ақшаң болады, болмайды. Болмайтын ақшаңды сен қалай бөлесің? Осыған байланысты көп қиыншылыққа кездестік.

Бірақ, Елбасының берген тапсырмасына байланысты Үкіметке және бізге де жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыруды алға қойған мақсат бойынша, есеп-қисабымыз бойынша нақты қысқартуға жол берілмесін деді.

Соған байланысты егер де 2016 жылы біз 416 миллиард теңгені әлеуметтік салаға бөлеміз деп отырсақ, 2017 жылы 747 миллиард теңгеге көтереміз деп отырмыз.

-Квазимемлекеттік мекемелердің шығынын қысқартуда да бюджетте біраз өзгерістер бар. Яғни, үнемдеуге қатысты мәселелерді дәл осы компаниялардың бастауының сыры неде?

-Квазимемлекетік мекемелер бұл да мемлекеттік мекеме. Квазимемлекеттік деген сөз сияқты сөз. Демек, бүгін олардың ақшасы ол - мемлекеттікі. Сондықтан да, бүгінде ең бастысы - квазимемлекеттік компаниялардың қаражатын бақылауға алу.

Ең бірінші сырттан бақылау емес, олардың басшыларына «ойланыңдар, қаражатты қараңдар, сендердің мемлекетке әкеліп жатқан пайдаларың мен алып жатқан жалақыларыңның алшақтығы бар».

Былтырлары 10 пайыз, 8,6 пайыз ІӨ-мен өсім беріп тұрсақ, қазір 1-1,5 пайыз ғана. Демек, квазиметекеттік компанияларды бірге қосқан кезде жалпы экономикалық ішкі өнімде өсім бермей тұрса, олардың жалақысы неліктен көп болады?

Және неліктен ол жылдың соңында өте жоғары пайызды бонус алады? Егер пайда әкелмедің бе, сен бонустан жұрдай болуың керек, сенің жалақың төмендетілуі қажет.

-Бізде бюджет алдағы үш жылға алдын ала жоспарланады. Әлбетте, ол мұнай бағасына тікелей тәуелді екені жасырын емес. Ал, «қара алтын» құны бұрынғыдай емес, сәт сайын өзгеріп жатыр.

Осы ретте, уақытша болсын, үш жылдық бюджеттен бас тартып, бір жылдық жоспарлау тәсіліне неге көшпеске? Бұл бюджет туралы заңды қайта-қайта өзгертудің алдын алмас па еді?


-Жалпы бюджетті 3 жылға қабылдау неліктен шықты? Қазір заманауи техникалардың дамыған заманы және олардың қымбаттылығы, заманауи техникалардың бір жыл, екі жыл дайындалатыны себеп. Мәселе сонда болып тұр.

Сондықтан, егер де бір компаниямарымыз құрылыс жасаған кезде ішінде рентген аппараттары болсын, басқа болсын бір жылдың ішінде жасап бер деп кімге айтасың?

Сосын барып, биыл ақшаңды төлеймін, келесі жылы бюджетіңде бар ма десе, келесі жылғы бюджет әлі қабылданбады, біз оны ішіне салып көреміз дегенге кім сенеді? Мәселе сонда.

-Серікбай Өрікбайұлы, уақыт тауып «Apta.kz»-ке арнайы сұхбат бергеніңізге рахмет!

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу