Әлем елдеріндегі шабуылдар алып елдерді күш біріктіруге мәжбүрлеп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем елдеріндегі шабуылдар алып елдерді күш біріктіруге мәжбүрлеп отыр

22.11.2015
Әлем елдеріндегі шабуылдар алып елдерді күш біріктіруге мәжбүрлеп отыр

Осыдан екі күн бұрын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі экстремистік топтардың шабуылын тоқтатуға бағытталған резолюцияны бірауыздан мақұлдады.

Соңғы кездері әлем елдерінде жиілеп кеткен шабуылдар алып елдерді күш біріктіруге мәжбүрлеп отыр. Осыдан екі күн бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі экстремистік топтардың шабуылын тоқтатуға бағытталған резолюцияны бірауыздан мақұлдады.

Қарардың жобасын Франция ұсынған еді. Ал, Мали астанасындағы қонақүйде кепілге түскендерді босату операциясы барысында 3 қытайлық қаза тапты. Сондықтан, ресми Бейжің де терроризмге қарсы күресті күшейтіп, өзге елдермен тығыз ынтымақтастық орнататындығын мәлімдеп отыр.

Ал, Сирия мен Иракта ислам атын жамылған қарулы топ шабуылдарды тіпті жиілетеді деген болжам бар. Бірақ, оларға талқандау үшін аталған екі мемлекетке жаяу әскер кіргізу қажет. Алайда, бұл мәселеде ортақ ұстаным жоқ.

Парижді шабуылдап, Ресей ұшағын Синайға құлатқан террористердің қарулы тобы әлемге соғыс жариялағандай. Оған дәлел - жүздеген адамның нақақтан-нақақ құрбан болып, экстремизмнен, терроризмнен төнген қауіпке ғалам болып күш біріктірейік деген үндеулердің осы аптада көп айтылуы.

Бұл жерде «бірігейік» деген бекер сөз емес. Өйткені – бірлік жоқ. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, АҚШ Иранмен ядролық келісім жасау үшін Тегеранның Сириядағы одақтасы – Президент Башар Асадты дегеніне көндіре алмады.

Ал, Ресей дүниежүзілік алпауыт екенін көрсету үшін Араб Республикасына әскер кіргізді. Иран шииттерді, Сауд Арабиясы сүнниттерді қолдап отыр. Қысқасы, Таяу Шығыста әркімнің мүддесі әртүрлі. Олар бір-бірімен дауласып жүргенде, Сирия мен Ирактағы радикалдық топ үлкен күшке айналып келеді. Иордания королі айтқандай, қазір дүние жұрты жаңа бір соғысқа тап болып отыр.

Абдулла II, Иордания королі:
Біз адамзатқа жарияланған Үшінші Дүниежүзілік соғыстың қарсаңында тұрмыз. Осы жағдай басымызды біріктіруі керек. Қайталап айтайын, бұл соғыс исламның арасында жүріп жатыр. Өкініштісі сол, соңғы екі жылда «ДАИШ»-тың өзі 100 мыңнан астам мұсылманды өлтіріпті. Оған Азия мен Африкадағы құрбандарды қосыңыз. Азияда болсын, Африкада болсын, Еуропада болсын, бұл қауіппен күресті жеделдетуге тиіспіз.

«Араб көктемінен» кейінгі төрт жылда төрт мемлекет іс жүзінде құлады. Олар – Ирак, Сирия, Ливия және Йемен. Қазір бұл елдерде азаматтық соғыс жүріп жатыр. Осындай бей-берекетсіздіктен пайда болған «ДАИШ» биыл Жер шарының үш континентінде 800-ден астам адамды өлтірген екен. Олар Францияда, Синайда, Түркия мен Тунисте, Ливан мен Сауд Арабиясында, Ауғанстан мен Йеменде жасалған ірі шабуылдардан қаза тапты.

Рафик Ахмед Хаят, Мұсылмандар қауымдастығының президенті:
Шын мәнінде мұсылмандар үлкен қауым. Ал, шабуыл жасаушы радикалдар аз ғана. Сол азшылық дініміздің арасына жік салып, исламға қарсы күрес жүргізіп жатыр.

Сами әл-Муштави, Мадрид Ислам мәдениеті орталығының директоры:

Мен кешірім сұрағым келеді. Исламның не екенін білмейтіндердің әрекеті үшін кешірім сұрағым келеді. Құранда айтылған: Мұхаммед сені адамзаттың мейірімділігі үшін жібердік деп. Өкінішті, біреулер мұсылманбыз дейді, бірақ, олар Исламды мүлде түсінбейді.

Құрбандар саны бұдан былай өсе беруі мүмкін. Өйткені, радикалдық ұйым қазір Ирак пен Сириядағы территорияларынан айырыла бастады. «The Associated Press» агенттігінің хабарлауынша, қарулы топ енді өзінің әлі де айбынды екенін дәлелдеу үшін әлем бойынша шабуылдарды жиілетуі ғажап емес. Сондықтан, мамандар «ДАИШ»-пен шын күресетін, оның Сириядағы астанасын алатын уақыт жетті деген пікірде.

Генри Баркей, Вашингтондағы Вильсон орталығы Таяу Шығыс бағдарламасының директоры:

Егер «ДАИШ»-тың соңына шын түсіп, оны жан сақтау үшін ғана соғысатын жағдайға жеткізсе, бұл топтың Париждегідей шабуыл жасайтын мұршасы қалмайды. Әрине, олардың арасынан бірен-саран адам шығып, көпшілікке оқ атуы мүмкін. Бірақ, ауқымды терактілер жасай алмайды. Меніңше, «ДАИШ»-ке қысым жасаудың ең тиімді жолы – Ракка қаласына жету.

Бейсенбі күні Франция Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне «ДАИШ»-тың лаңкестік әрекеттеріне жол бермеу үшін күш біріктіру туралы резолюция жобасын ұсынды. Президент Франсуа Олланд мәлімдегендей, қазір әлемге «ДАИШ»-ке соққы беретін кең ауқымды коалиция қажет. Осыған ұқсас қарарды бұған дейін Ресей де ұсынғанды.

Бірақ, жұма күні Париж әзірлеген резолюцияны Қауіпсіздік кеңесінің 15 мүшесі бірауыздан қабылдады. «Иә» деп дауыс бергендердің ішінде АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Қытай, Франция бар. Бір сөзбен айтқанда, «ДАИШ»-тың Синай мен Париждегі әрекеттері алып мемлекеттерді терроризммен күресте одақтас етіп отыр.

Мақұлданған құжатқа сәйкес, барлық қауқары бар елдер экстремистік ұйыммен күреске жұмылып, шабуылдарды тоқтату жолындағы күшті екі есеге арттыруы керек. Сонымен қатар, бұдан былай «ДАИШ»-ке қосылғысы келген шетелдіктердің жолы бөгеліп, терроризмді қаржыландырушыларға қысым күшейтіледі.

Франсуа Делаттр, Францияның БҰҰ-дағы елшісі:

Халықаралық қауымдастықтың «ДАИШ»-ке қарсы күш біріктіруі өте қажет. Бұл резолюцияның мақсаты да сол. Біз бүгін бұрын-соңды болмаған қауіпке тап болдық. Қабылданған қарар сол қауіппен және радикалдық идеологиямен күресте әлем елдерін біріктіріп, оларға заңдық және саяси шеңберде әрекет етуге жол ашады.

Ресей Синайға құлаған ұшағында теракт жасалғанын осы аптада алғаш рет мойындады. А321 лайнерінде бомба жарылғанын АҚШ Президенті Барак Обама мен британ премьері Дэвид Кэмерон апаттың екінші күні-ақ айтқанды.

Алайда, ресми Мәскеу олардың сөзіне жауап бермей осы сейсенбіге дейін үнсіз отырды. Дегенмен, Кремль қарашаның 6-да Мысырға рейстерді доғарып, туристерді бір бөлек, жүктерді бір бөлек көшіре бастағанда-ақ, «Аэробустың» шөлге құлауы – лаңкестіктің нәтижесі екеніне күмән сейіле бастады. Өз ұшағының жайын білген «Когалымавиа» компаниясы «теракт» дегені сол-ақ екен, Кремльден «асығыс қорытынды жасама» деген ескерту алды.

Бортта бомба жарылғаны расталғаннан кейін Ресей «ДАИШ»-тың іс жүзіндегі астанасына жаппай соққы бере бастады. Әскери операцияға алыс қашықтыққа арналған бомбалаушы ұшақтар мен қанатты зымырандар да кірісті.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
Мен баршаңызға рахмет айтқым келеді. Бірақ, қазір мұның бәрі Сирияны көтерілісшілер мен террористерден тазарту үшін және Ресейді шабуылдардан қорғау үшін жеткіліксіз.

Осы аптада Ракканы француз әуе күштері де бомбалай бастады. Бірақ, содырлар мұндай соққылардан жан сақтаудың тәсілін меңгеріп алғандықтан, операция әзірге тиімсіз болып тұр.

Сонымен қатар, Париж Жерорта теңізінің шығысына «Шарль де Голль» әскери кемесін аттандырды. Оған тиелген ұшақтар да «ДАИШ»-тың бекіністерін шабуылдауы тиіс.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу