Мәжіліс депутаттары үш жылдық республикалық бюджетті мақұлдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс депутаттары үш жылдық республикалық бюджетті мақұлдады

22.11.2015
Мәжіліс депутаттары үш жылдық республикалық бюджетті мақұлдады

Бюджет кодексіне сәйкес, республиканың қаржылық құжаты әр жылдың 1 желтоқсанына дейін қабылдануы тиіс.

Ақордадан арнайы тапсырма алып шыққан Үкімет сол күні Парламентке барды. Қолтықтаған құжаттары үш жылға арналған республикалық бюджет болатын. Мәжіліс депутаттары жылдағыдай емес, ұзақ жоспарланып, көп сұрыпталған заңды бірден мақұлдады. Ертеңінде Сенат депутаттары да бұл құжатқа сенім білдірді.

Бюджет кодексіне сәйкес, республиканың қаржылық құжаты әр жылдың 1 желтоқсанына дейін қабылдануы тиіс. Енді бұл бюджет қалай дайындалды дегенге келсек.

Үкімет әлемдік экономиканың жағдайын түгел ескерген. Тіпті барынша минималды есеппен түзді. Сөйтіп, алдағы үш жылда мұнай бағасы барреліне 40 доллар, ал бір доллардың құны 300 теңге болады деген болжамға сүйенді.

Осының өзінде мемлекеттің жағдайы елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын қалыпты ұстап тұруға барынша қауқарлы. Яғни, жалақы, зейнетақы, шәкіртақы және түрлі әлеуметтік төлемдердің барлығы уақытылы төленеді.

Әрі қосымша жұмыс орындарын ашу үшін миллиардтаған қаржы бөлінетіні бюджетте нақты көрсетілген. Бірақ, жаңадан басталатын жобалар тоқтайды, тек жұмысы 80 пайызға орындалған нысандар соңына дейін жетеді.

Үш жылдық республикалық бюджетті осы аптада Мәжіліс депутаттары мақұлдады. Құжатты Үкімет ертеңіне Сенат депутаттарына таныстырды. Бюджет кодексіне сәйкес, республиканың қаржылық құжаты әр жылдың 1 желтоқсанына дейін қабылдануы тиіс.

Екі аптаға жуық уақыт қалды, Үкімет Жоғарғы палатаның жалпы отырысында бюджет жобасын сенаторлар сүзгісінен өткізсе, құжатты бекітуге болады. Енді бұл бюджет қалай дайындалды? Әлемдік экономикалық жағдай түгел ескерілді. Тіпті барынша минималды есеппен түзілді.

Алдағы үш жылда мұнай бағасы барреліне 40 доллар, ал бір доллардың құны 300 теңге болады деген болжамға сүйенді. Осының өзінде мемлекеттің жағдайы елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын қалыпты ұстап тұруға барынша қауқарлы. Яғни, жалақы, зейнетақы, шәкіртақы және түрлі әлеуметтік төлемдердің барлығы уақытылы төленетін болады.

Тіпті, қосымша жұмыс орындарын ашу үшін де миллиардтаған қаржы бөлінетіні бюджетте нақты көрсетілген. Бірақ, жаңадан басталатын жобалар тоқтайды, тек жұмысы 80 пайызға орындалған нысандар соңына дейін жетеді.

Қазір халықтың көзі ашық. Мемлекеттің есеп-қисабын, экономикасын шамалап болса да айта алады. Әлемде болып жатқан жағдай да ашық айтылуда, мағлұмат алу қиын емес. Осының бәрін көріп-біліп отырған жұрт «Енді не болар екен деп» құлақ түріп отырғандарын бізде сезіп отырмыз.

Қарашаның 18-де Үкімет бюджетті әкеліп көрсеткенше, әлгіндей жағдай бізде де болғаны жасырын емес. Ақырында Парламентте үш жылға арналған бюджетті талқылау кезінде Үкімет мүшелерінің сөзінен сенімділікті байқадық.

Өйткені, депутаттар бюджетті үш жылға емес бір жылға есептейік дегенде де, шегініс жасамады. Себебі, Ресей қазіргі жағдайларына қарап, бюджетін бір жылға шақтап есептепті.

Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Жалпы, осындай қиын кезеңде жыл сайынғы бюджетті бірнеше рет нақтылап жатқан кезеңде, келешекте ертең не болатынын білмей жатқан кезеңде, үш жылдық бюджетті нақтылаудың қажеті бар ма?

Біз осы соңғы жылдарға дейін бір жылдық бюджетті қабылдап келдік қой. Алдағы жылдары не болатынын білмейміз. Осының қажеті бар ма үш жылдық бюджетің?


Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Біріншіден, РФ тәжірибесіне қарап, бір жылдық бюджетке көшкеніне қарап, біз санкциялардың астында жүрген жоқпыз. Экономикамыз рецессияда емес. Соған қарағанда, біздің алдымызда инвестициялық болжамдар бар. Олардың бәрі бір жылдың ішіне кірмейтіндер, ол 2-3 жылдың ішіне кіріп отыр. Біздің еліміз үш жылдық бюджеттен сондай саясатты өткізу жағын, қолдау жағын сіздерден сұраймыз. Біз өзгертпейміз.

Яғни, бұдан ұққанымыз мемлекеттің бюджетті үш жылға жоспарлауға жағдайы жеткілікті. Оның үстіне алдағы үш жылда бюджет кірістері жыл сайын артып отыр.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Республикалық бюджет кірістері 2016 жылы 3 665,3 миллиард теңге, 2017 жылы 3 866,9 миллиард теңге, 2018 жылы 4 395,0 миллиард теңге сомасында болжанады.

Бұл ақшаларға қоса, Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттер бар. Соның барлығын қосып есептей келе үш жылға жоспарланған бюджеттің есеп-қисабы мынадай.

2016 жылы мемлекеттің сіз бен бізге жұмсайтын қаржысы 7 триллион 667 миллиард теңгеге жуықтайды. 2017 жылы 8 триллион 125 миллиард теңге шамасында.

Ал, 2018 жылы 7 триллион 621 миллиард теңгеден асады. Кестеден қарап 2018-ші жылы ақшаның азайып кеткенін байқаған боларсыз. Себебі, ол жылы Ұлттық қордан ақша алу төмендетіледі.

Яғни, бюджет барынша мемлекет табысымен есептеледі. Өйткені, жалпы ішкі өнім артпаса, кемімейді деген болжам бар. Мәселен, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2016 жылы 45 жарым триллион теңге.

Яғни, мемлекет осынша сомаға тең келетін тауар өндіруге қауқарлы болады деген сөз. Әрі қарай 2020 жылы бұл көрсеткіш 64 триллион теңгеге жуықтайды деп болжануда.

Ең бастысы, алдағы үш жылда да жаңа жұмыс орындарын ашуға қаржы қарастырылып отыр.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Осы мақсатқа 2016-2018 жылдары 114 миллиард теңге бағытталатын болады. Оның ішінде 2016 жылы – 37,8 миллиард теңге шамамен 36 мың жұмыс орнын ашуға, оқыту арқылы жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуге және шамамен 27 мың адамды қоныстандыруға жұмсалмақ.

Дегенмен, алдағы үш жылдық бюджетті есептеу кезінде біраз жобалардың қаржысы қысқарды немесе мүлдем тоқтатылады. Мәселен, жаңа нысандар салу, жолдарды күрделі жөндеуден өткізуге әзірше ақша бөлінбейді. Кейінге шегерілген сондай жобаның бірі - Қызылорда мен Жезқазғанды жалғайтын жол.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Былтырғы бюджетте сіздер айтқан болатынсыздар, Ерболат Асқарбекұлы, сізге осы жерде сұрақ қойылған Қызылорда-Жезқазған жолын салуға 2016 жылдың бюджетіне кіреді деген. Бюджетте қаралмаған екен оны түсінеміз, қандай себептері бар?

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Осы алдымызда келе жатқан желтоқсан айында Премьер-Министр Қытайға барады. Сонда Қытай инвесторларымен келіссек, «Эксим банкпен» көрейін деп отырмыз. Бірақ 2017 жылға дейін болмайды. Мына жолдар біткеннен кейін 2018 жылдан кейін көреміз.

Үкімет осыдан бірер жыл бұрын Астананың 30 шақырымдық айналасындағы ауылдардың инфрақұрылысын жақсарту мақсатында арнайы бағдарлама қабылдаған еді. Бірақ, әлі де болса жолы мен жарығы, суы мен қатынас көлігі толық реттелмеген ауылдар баршылық.

Рашид Әкімов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Астана маңындағы елді мекен агломерациясының Үкіметтің шешімдері бар. Біраз қаржы бөлінді. Дегенмен де, осы күнге дейін Астана маңында 5-10 шақырым жердегі 4-5 ауылда электр жарығы жоқ. Суды, жолды айтпағанда. Осы мәселелер туралы не айтасыздар?

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Біздің бағдарламамыз бар, өздеріңіз білесіздер 2016 жылы бітеді. Ақмола облысындағы әкімшіліктермен жұмыстарымызды өткізіп жатырмыз. 2-3 ауылдың мәселесін шештік, су әкелдік, электрін әкелдік. Қалған сұрақтар болса біз оны осы жылдың ішінде қарайтын боламыз.

Бюджетті талқылау кезінде депутаттарды алаңдатқан келесі мәселе Үкіметтің сыртқы қарызы. 2010 жылы оның көлемі 2,2 триллион теңге болса, биыл ол 7 триллионнан асып кеткен.

Онда да сырттан алған қарыздың көбісі нақты бір құрылысқа, өндіріске жұмсалып жатқан жоқ. Мысалы, биыл Халықаралық даму және қайта құру банкінен Үкімет 90 миллиард теңге алған. Осынша ақшаның қайда жұмсалғанын депутат Розақұл Халмұрадов тізіп берді.

Розақұл Халмұрадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Осы қаржыға үш жобаны іске асыру қарастырылған. Негізгі атқарылатын шаралар тренигтер өткізу, семинарлар ұйымдастыру, біліктілікті арттыру, оқып-үйренуге қолжетімділікті кеңейту, инновация үшін білімдер қорын дамыту, солай кете береді. Нақты бір өнім шығару немесе нақты бір құрылыс қарастырылмаған.

Егер 90 миллиард теңге құрылыс пен өндіріске жұмсалса, қайтарымы болады ғой әрине. Депутат та мұны сұрақ етіп қоймады, жауабын да күтпеді. Тек Үкімет ескерсе деген ұсынысын білдірді. Өйткені, қазір әрбір тиын мен теңгенің мақсатты жұмсалғаны маңызды.

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу