Еуропаның көптеген елдері экономикалық мигранттарды кері қайтара бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропаның көптеген елдері экономикалық мигранттарды кері қайтара бастады

22.11.2015
Еуропаның көптеген елдері экономикалық мигранттарды кері қайтара бастады

Олардың қатарында Македония, Сербия, Хорватия және Словения бар.


Осы аптада Еуропаның көптеген елдері экономикалық мигранттарды кері қайтара бастады. Олардың қатарында Македония, Сербия, Хорватия және Словения бар. Бұл мемлекеттер өз аумағына жұмыс іздеп келгендерді емес, Сириядағы, Ирактағы, Ауғанстандағы соғыстан қашқандарды ғана кіргізбек.

Ал, ондай санатқа кірмейтін мыңдаған адам шекарадан өте алмай, наразылық білдіріп жатыр. Олардың қатарында алжирліктер, марокколықтар, ирандықтар бар. Бірақ, Македония шекарасын бәрібір ашпады.

Соның кесірінен сириялық, ауғанстандық, ирактық босқындар Балқан түбегі арқылы Батыс Еуропаға жете алмай отыр. Күн болса, суыды. Таяу Шығыс пен Африкадан келгендер енді не істеуі керек? Бұл сауалға нақты жауап жоқ.

Бір анығы - Еуропа елдері мигранттарды бір-біріне сілтеп, ауызбірлігінен айрылып отыр. Еурокомиссия төрағасы ескерткендей, мұның салдарынан күндердің күнінде аймақтық одақ ыдырап кетуі ғажап емес.

Жан-Клод Юнкер, Еуропа комиссиясының төрағасы:

Мен мигранттарды орналастыру қарқынына мүлде риза емеспін. 160 мың адамға баспана береміз деп келістік. Соның 130-ы ғана орнын тапты. Мұндай жылдамдықпен біз тек 2101 жылы ғана мақсатымызға жетеміз.

Миграциялық дағдарысты күш жұмылдырып еңсермесе, Еуропа одағы күндердің-күнінде ынтымағынан жұрдай болып, күйреп тынады. Нақтырақ айтсақ, миграция мәселесінің ар жағында тұтас бір континенттің өмірі немесе өлімі тұр.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу