ДСҰ-ға мүше болу – Қазақстанның жеңісі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ДСҰ-ға мүше болу – Қазақстанның жеңісі

22.11.2015
ДСҰ-ға мүше болу – Қазақстанның жеңісі

1995 жылы құрылған одақтың толыққанды мүшесі болу үшін Қазақстан 20 жылға жуық уақыт жіберді.


Қазақстан жаңа жылдан бастап жаһандық сауданың қазанында қайнай бастайды. 15-ші желтоқсан күні Кенияның астанасы Найроби қаласында өтетін Дүниежүзі сауда ұйымына мүше елдердің Министрлік конференциясында Қазақстанның алып ұйымға мүше болғандығы ресми түрде жарияланады.

Жалпы, қазір осы ұйымға қатысты қоғамда күмәнді пікір барын жасырмаймыз. Елдегі шағын және орта бизнестің аясы кеңейе ме? Алыс-жақын шетелге тауарды еркін өткізе аламыз ба деген сауалдар өте көп.

Ал, ұйымға мүше 161 мемлекет үшін талап бір, заң да бір, берілетін мүмкіндік те бір. Тек әр мемлекет өзіне пайда әкелетін саланы дұрыс таңдауы тиіс. Әлемдік сауданы жүргізетін экономикалық ұйымға 1990 жылдары 77 мемлекет мүше болса, біздің ел бұл ұйымға биыл 162-болып тіркелді.

Дүниежүзілік сауда ұйымы – жер жаһандағы сауданың 98 пайызын уысында ұстап отыр. Өткен жылы әлемнің барлық елдерінің тауар айналымының көлемі 37,5 триллион АҚШ долларын құраған. Ал, ұйымға мүше мемлекеттердің жалпы тауар айналымы 36,5 триллион АҚШ долларына жеткен.

Биыл да алып сауда-саттық алаңында алаңсыз, күн-түн демей толассыз тауар айналымы жүріп жатыр. Әлемдік сауданы сауатты реттейтін салмақты ұйымға кіру – оңай емес, күрделі. 1995 жылы құрылған одақтың толыққанды мүшесі болу үшін Қазақстан 20 жылға жуық уақыт жіберді.

Алдымен, 1996 жылдың ақпанында Қазақ елі ДСҰ-на бақылаушы ел ретінде тіркелді. Одан кейін экономикалық ұйыммен жүргізілген келіссөздер үш кезеңмен жүзеге асты. 1996-2000 жылдар ақпараттық-дайындық кезеңі, 2001-2003 жылдар аралығы басты кезең.

Өйткені, осы аралықта жұмыс тобының үш мәжілісі және екіжақты келіссөздердің жеті раунды өтті. Ал, 2004 жылдан бастап, бүгінге дейін соңғы кезең саналады. Бұл аралықта біздің елдің біраз заңдары мен стандарттары халықаралық ұйым талабына сай өзгертілді.

Қазақстан мен ДСҰ арасындағы келіссөздердің ұзаққа созылуы - саясатқа емес, таза экономикалық мәселелерге қатысты. ДСҰ-ның шарты – кәсіпкерлер мемлекеттің көмегінсіз бәсекелесуге бейімделуі керек.

Бірақ, Қазақстан экономикасының бірқатар саласы бәсекеде есе жіберіп алатыны анық. Экономиканы жетілдіру үшін әлі де біраз уақыт мемлекеттің қолдау-қолпаштауы ауадай қажет. Әуелі бәрінен, ұлттық мүддені жоғары қойған Қазақ үкіметі ұйымнан бірқатар жеңілдік сұрады.

Нәтижесінде еліміз ДСҰ-ға кіргеннен кейін отандық тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдаудың баламалы шараларын дайындау үшін жеткілікті уақыт береді. Және ең күрделі келіссөзге саналатын ауыл шаруашылығы мәселесінде өнімінің жалпы құнының 8,5 пайызы мөлшерінде мемлекеттік қолдау көрсету мүмкіндігіне қол жеткізді.

Бауыржан Ысқақов, экономист:
Қазақстан ДСҰ кіруге сонау өткен ғасырдың 1996 жылдары өтініш берген болатын. Әрине, ол әлемдік қауымдастыққа кіру бір күнде немесе бір жылдың ауқымында болатын шаруа емес.

ДСҰ жарғысына сәйкес, біздің барлық экономикалық құндылығымыз, жоспарланған стратегиямыз, ондағы тактикалық жобалардың барлығы да ДСҰ талаптарына сай болуы керек. Яғни, ДСҰ кіруге біраз кедергілер болғаны белгілі.

Сонымен, Қазақстан - ДСҰ-ның жаңа мүшесі. Бұл жаһан жұрты «ерекше кезеңді», яки «жаңа қалыпты жағдайды» бастан кешіп отырған кезде, Қазақстан үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктің кілті. Дағдарыстан шығудың тиімді тетігі.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

ДСҰ-на кірмеген бір 25-26 мемлекет қана қалды. Қалғандарының бәрі кірді. Сондықтан, бізге нарықтық қатынастарда осы жаңа режимге адаптация жасау керек, үйрену керек.

Оның ұтымды жақтарын пайдалану керек. ДСҰ беретін бір мүмкіншілік - нарықтық принциптегі сауда, әділ сауда, жоғары деңгейдегі технологиялық сауда. Бұл жағдайда елімізге төмен бажбен көптеген тауарлар кіреді. Бұл біздегі инфляцияны мүмкін 2 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.


Мысалы, осыған дейін Еуропаның брендтерін екінің бірі ала алмайтын. Енді алып нарыққа аяқ басқанда түрлі тауар алыс-жақыннан ағыла бастайды. Тұтынушы үшін саны да көп, сапасы да сын көтеретін сәнді дүние көбейеді. Әрі қолжетімді бағамен.

Өйткені, ДСҰ-ның талабы бойынша көп тауарға баж салығы төмендейді, кейбіріне тіпті салық салынбайды да. Еуразия экономикалық одағы шеңберінде қолданылып отырған бірыңғай импорттық баждан да төмен болады. Яғни, импорттық тауарлардың құны бұрынғысынан арзандайды.

Жанар Айтжанова, ҚР Экономикалық интеграция істері жөніндегі министрі:

Қазақстан ДСҰ-на кіру барысында өткізілген келіссөздердің нәтижесінде 4000 тауарлық позиция бойынша ЕЭО мүше мемлекеттермен салыстырғанда төмендеу импорттық баждарды қолдану туралы міндеттемелер алды.

Қазақстан дәрі-дәрмек тауарларына біздің өнеркәсіп өнімдеріне, медицина саласында қолданатын құрал-саймандарға біз төмен кедендік баждарды қолданатын боламыз.


ДСҰ-ның бірінші мүмкіндігі осы. Екінші, сауда одағы отандық өнімді шартарапқа шығаруға еркіндік береді. Бірақ, ол үшін тауардың бағасы төмен, сапасы жоғары болуы керек. Жұрттың қызығуы қажет. Сонда ғана саудада қолың жүреді.

Өйткені, 160-тан аса елдің басын біріктірген одақ – қайырымдылық ұйымы емес. Бәсекелестік қатал, туысқандық жоқ. Өтімді өнімдердің жаһандық жарысы бұл. Сол себепті, мемлекеттің кәсіпкерлеріне мықты болмақ керек.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан осы уақытқа дейін біздің шағын және орта бизнес субъектілерін дамытуға субсидиялар уақытында берілді. Енді осы мүмкіндікті жіберіп алатын болсақ, онда біздің болашақтағы сауда өнімдеріміз, жалпы экономикамыз бәсекеге қабілетті тауарлар шығаруда қалып қоюы мүмкін.

Кәсіпкерлердің көктеуі үшін көп көмектесті мемлекет. Одаққа мүше болуға талпынған 20 жылда, отандық бизнестің еңсе тіктеп, ес жиюына қолдау көрсетті. Енді олар жерге қаратпауы керек. Әлбетте, бәсекелестік барысында біраз кәсіпорын банкрот болады. Кіл мықтылар қалады. Біз үмітсіз емеспіз. Елде өркенін жайған өнеркәсіп көп.

Нарықтың парқына қанық агрофирманың бірі – Астана іргесіндегі «Родина». Тоқырау болған тоқсаныншы жылдары небәрі 50 литр сүт өндіретін. Шағын цех еді. Қазір күніне 42 тоннаға дейін сүт өнімдерін шығарады. Алып агрофирма. Елорданы сүт, қаймақ, ірімшікпен толық қамтып отыр. Білікті мамандар қызмет ететін кәсіпорын бәсекеден қорықпайды, қашпайды.

Иван Сауэр, «Родина» ЖШС агрофирмасының бас директоры:

ДСҰ-нан қорқудың қажеті жоқ. Себебі, біздің зауыттың өнімдері сапасы жағынан болсын, мейлі технологиялық тұрғыдан ешкімнен қалыспайды. Сақадай сай. Дүниежүзілік бәсекеге қабілеттіміз деп толық айта аламын.

Заводтың ашылғанына биыл 3-ші жыл. Сұраныс жыл сайын артып келеді. Біздің өнімге Астанадан бөлек, басқа қалалар да тапсырыс беріп жатады. Тіпті ынтымақтастыққа ынта танытқан мемлекеттер көп. Сол себепті тағы бір зауыттың құрылысын бастадық.


Мысалы, ДСҰ-на мүше болған сәтте әлемнің екінші экономикасы саналатын көрші Қытайдың жүздеген кәсіпорны бәсекеге төтеп бере алмады. Дамыған Жапонияның жылына 2000-ға жуық корпорациясы банкрот болады екен.

ДСҰ нарығында әр ел өзінің орнын таба алады. Қалайша? Географиялық һәм климаттық жағдайына қарай тек сол елде ғана өндіруге қолайлы тауар яки азық-түлік түрлері арқылы.

Бұл орайда біз ауыл шаруашылығын айта аламыз. Өйткені, қазақтың жері химиялық тыңайтқыштармен уланбаған, таза. Табиғи өнім қашанда өтімді. ДСҰ экспорттық әлеуетімізді еселеуге екпін береді.

Жібек Әжібаева, «Атамекен» ҰКП сауда комитеті хатшылығының жетекшісі:

Біздің қазақстандық картоп Кеңес одағы уақытында Молдова, Беларусь елдеріне экспортталды. Балтық елдері тек біздің картоппен өмір сүрді. Өйткені, біздің жердің құнары жоғары. Дәл біздікіндей топырағы бай жер, өзге елдерде жоқ. Тіпті Ресейдің өзі картоп пен қырыққабатты әлі күнге дейін бізден алады.

Дайын өнімді енді сату керек. Қазақстан тікелей теңізге шыға алмайды. Темір менен көмірге, мұнай менен металға бай болсақ та, оны қашық елдерге жеткізуге асық болсақ та, тасымал шығыны шағын емес. Табысты шығын азайтады.

Тиісінше, жолға кеткен ақшаның кесірінен, экспортқа шыққан қазақстандық тауардың нарықта бағасы қымбат, өтімі аз. Енді ДСҰ аясында бұл кедергі жойылады. Қазақтың картобын, етін, сүтін шетелдің сөрелерінен көретін күн алыс емес.

Оған жету үшін ғылым керек. Инновация қажет. Инновация инвестицияны шақырады. Инвестиция – қып-қызыл ақша. Төртінші мүмкіндік осы.

Бауыржан Ысқақов, экономист:
Біздің экономиканың әртараптандырылуына да мүмкіндік беретін жағдай. Яғни, шикізаттық экономикадан инновациялық, технологиясы жоғары дамыған мемлекетке айналу кезінде бұл бізге беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Сол үшін де біздің кәсіпорындар өнімдерін неғұрлым инновациялық бағытта дамытуға баса назар аударуы керек.

ДСҰ-ға мүше болу – Қазақстанның жеңісі. Бұл – еліміздің жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуы. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарын ұштастыра алдық. Одан бұрын ұлттық мүдделерімізді қорғай білдік. Ал жаңа экономикалық интеграцияның игілігін көрер күн алда.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу