Бүгін – жол апаты құрбандарын еске алу күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – жол апаты құрбандарын еске алу күні

15.11.2015
Бүгін – жол апаты құрбандарын еске алу күні
Әлемде біздің ел жол-көлік оқиғаларының көптігі жағынан көш басында.

Жыл жылжыған сайын жол апаты көбейіп барады. Былтыр республика бойынша, 16 мың 700 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, биыл соңғы он айдағы көрсеткіш 15 мыңнан асып жығылады. Елдегі өлім-жітім осы қара жолдың бойында көп тіркеледі.

Көлік апатынан елімізде былтыр екі мыңнан аса адам мерт болды. Оның екі жүзі бала. Қазақстандықтардың санына шаққанда бұл өте жоғары көрсеткіш. Әлемде біздің ел жол-көлік оқиғаларының көптігі жағынан көш басында.

Бұл жақсылық емес, әрине. Ішкі істер министрлігі халықты жол ережесін қатаң сақтауға шақырып, жыл сайын жүздеген шара өткізеді. Бірақ, «баяғы жартас сол жартас».

Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымы 2005 жылдан бастап қарашаның үшінші жексенбісін жол апаты құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Қазақстан осы күнді атап өтуді үрдіс қылғалы не өзгерді?

Азаматтардың көбі көлік тізгінін ұстауды бала кезінен армандайды. Толғанай да кәмелетке толысымен жүргізуші куәлігін алып, темір тұлпарды тақымдаған жан. Басында қала ішінде, кейіннен қара жолдарда да жүйткіп жүрген.

Қыз болса да, көлікті жақсы меңгергендігіне көздері жеткен ет-жақындары оған өз көліктерін сеніп тапсыратын. Бірақ, техниканың аты техника емес пе? Бірде отбасымен Қарағандыға жол жүріп бара жатып, Толғанай апатқа ұшырайды. «Ажалсызға тау құласа да өлмейді», деген осы. Барлығы дін-аман.

Толғанай Әбішева, қала тұрғыны:

Тасжолда орта жылдамдықпен келе жатқанбыз. Қарама-қарсы бір көлік обгон алып шыға келді. Көлікпен соқтығыспаудың амалын жасап, мен оң жақа қарай бұрылған едім. Сол апаттан кейін қатты шошынып қалдым. Абырой болғанда, ешкім қатты жарақат алған жоқ. Қарама-қарсы келе жатқан көліктегілер де, біз де ешқандай жарақат алған жоқпыз.

Елімізде жыл сайын көлік апатынан 3000-ға жуық адам мерт болып, 27 мың адам жарақат алады. Әрі 200-ге жуық жасөспірім осы апаттан ажал құшады екен. Республика бойынша көлік апатынан соңғы 10 жылда 31,5 мың адам қаза тапқан.

Мәселен, кезінде Ауған соғысында Кеңес әскері 10 жылда 13 мың сарбазынан айырылса, біз айдың күннің аманында 10 жылда 31 мыңнан аса азаматтан айырылыппыз.

Ойланатын, ой салатын статистика. Ал, жауапты министрлік мамандары апаттың дені жылдамдықты шамадан тыс асыру мен көлікті мас күйінде жүргізгеннен болатынын айтады. Оған ойдым-ойдым жолды қосыңыз.

Айдын Оразбаев, ҚР ІІМ басқарма инспекторы:

Ең бастысы, осы жол-көлік оқиғасының алдын алу, республикалық деңгейде, облыс деңгейінде тұрақты жедел іс-шаралар өткізіледі. Мысалы, «Қауіпсіз жол» деген, «Абайлаңыз, жаяу жүргінші» дегендей көптеген іс-шаралар өткізіледі. Соның нәтижесінде көрсеткіштерді төмендетуге мүмкіндік беріледі.


Ішкі істер министрлігі апатты болдырмау үшін мейлінше тырысып-ақ келеді. Алайда, әркім өзі тізгіндеген көлік пен оның қауіпсіздігіне өздері жауапты екенін түсіне бермейді.

Заңға бағынбай, ережені өрескел бұзатындар көп. Мәселен, еліміздегі жол апаттарының 75 пайызы тентек, не мас жүргізушілердің кесірінен болады екен. Сондықтан, жол сақшылары жүргізушілерге сақ болуды ескертеді.

Бүгін, елордалықтар жол апаты құрбандарын еске алды. Қалалық әкімшілік полиция бастап, тұрғындар қостап арнайы акция өткізді. Олардың мақсаты 1,5 шақырым жерді жүгіріп шығу емес, апат құрбандарын еске алып, жерлестерін қауіпсіздікке шақыру.

Бақытжан Алтыбай, Астана қаласы ІІД қызметкері:

Жол-көлік оқиғасында қаза тапқандарды еске алу кезінде барлық көлік жүргізушілеріне жолда жүрген кезде жол қауіпсіздігін, жолда жүру ережесін сақтап, осындай оқиғаларын болдырмау еске саламыз.

Осындай шараларға мұрындық болған полицейлер әр жүргізушінің жол ережесін қатаң сақтағанын қалайды. Өйткені, апат айтып келмейді. Ал, бір емес үш рет жол апатынан аман қалған Толғанай - осы күнге шүкірлік етіп, қазір машина жүргізуден мүлде бас тартқан.

Тіпті көлікке отырса болды, абдырап, қобалжитын болған. Себебі қас-қағым сәтте болатын апатқа тіпті, тежегіштің өзі төтеп бере алмайтынын көкейіне түйген. Иә қара жол қателікті кешірмейді.

Айбар ТӨЛЖАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу