Астанада қарттарға арналған күндізгі стационар ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада қарттарға арналған күндізгі стационар ашылады

15.11.2015
Астанада  қарттарға арналған күндізгі стационар ашылады
Мұнда қарттарды таңертең апарып, кешке алып қайтуға болады.

Жаңа жылдан бастап, Астанада қарттарға арналған «балабақша» ашылады. Балабақша деген теңеу әрине, ресми атауы – күндізгі стационар. Айына 40-50 мың теңге төлейсіз, үйдегі үлкендерді таңертең апарып, кешке алып қайтасыз. Балабақшадан несі кем?

Бұл қызмет түрі Астанадағы қарттар мен мүгедектер үйінен ашылмақ. Демек, сұраныс бар. Қарттар үйі десе, ондағы қазақ ата-әжелердің көбейіп бара жатқанын айтамыз, адамдар тасбауыр дейміз, қазақта жоқ жаман ырымды бастады дейміз. Дей береміз. Онда барған сайын тағдырлардан тек қана трагедия іздеп үйренгенбіз.

«Ай нұрындай аялап, болайыншы саябақ», деп ән салады, Айқын. «Еркелеші ерке қыз», деп бір қайырады. Ортада билеп жүрген жандар бір кездері біреудің аяулысы, біреудің қалаулысы болды.

Тағдыр деген өзің сызып, жоспарлап қойған траекториямен ғана жылжыса қанеки. Билеп жүрген әженің бірі - Айғаныс. Біздің әңгіме бөлмеде жалғасты. Сұхбат басталмас бұрын апамыз әдемі француз әтірін бір сеуіп қойды. Бөлменің ішін «Шанель №5»-тің иісі алып кетті.

Айғаныс Искакова, Астана қалалық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме тұрғыны:

Осында 27 балам бар. Алла көпсінбесін, мен көпсінбеймін. Шалымның құрдасының балалары. Осы қалада тұрады. Жасымда «Балалар әлемінде» істегенмін, сол балаларды үйлендіру, киім-кешек, ол кезде бәрі қат болды ғой.

Айғаныс Искакова - тұл жетім. Қостанайдың Жетіқарасында жетімдер үйінде өскен. Тұрмысқа шығып, бақуатты ғұмыр кешті. Бірақ, Құдай бала бермеді.

Айғаныс Искакова, Астана қалалық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме тұрғыны:

Енді 40 жыл 40 күндей өте шықты ғой, бала болған жоқ. «Бала таппадың» деп ешқашан айтқан жоқ. Бір рет айттым, «жұрттар балалар үйінен бала асырап жатыр. Әй, бір бала асырап алсақ қайтеді», деп. Сосын тұрып айтты, «Онда қандай балалар, тастанды балалар»,-деді. «Мен де балалар үйіненмін, мені неге алдың», дедім. Ол «сенің жайың басқа ғой», деді. «Ертең бейнетін өзің көресің. Ол негізіне тартпай қоймайды», деді. Сол негізі ақыл екен. Жұрттардың туған баласы осында әкеп тапсырады, өгей бала мені не істейді?

Қарттар үйі демесеңіз, мына бөлменің кәдімгі үйден еш айырмашылығы жоқ. Кабельді теледидары, заманауи тамақ пісіретін ыдысы, үлкен лоджиясы бар әп-әдемі бөлме. Лоджияға да біраз жиһаз жинап қойыпты. Жақсысы-жақсы ғой, бірақ апамның бір сөзі жүректі дір еткізді.

Айғаныс Искакова, Астана қалалық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме тұрғыны:

Өзіме дайындап қойдым. Ертең өлгенде таратуға керек қой. Бәрін шақырып алып, қағаз жазып, бір қағаз өзімде, бір қағаз оларда. Бір кілт оларда, бір кілт менде.

Олар дейтіні, құрдастарының балалары алақанға салып әлпештейді, жиын-тойдан қалдырмайды. Қанша қиылып өтінсе де бірде-бірінің үйінде тұрмайды. Ешкімді әуреге салғысы жоқ. Тоңазытқышын ашып, бізге шай әзірледі.

Ендігі әңгіме дастархан басында өрбіді. Мұнда жақсы дейді, ауыра қалса дәрігері қасында. Замандастары көп. Бір емес, екі емес 300-ден аса адам осында тұрып жатыр. Бұл деректі осы мекеме директоры айтты.

Кенжеболат Бәпішов, Астана қалалық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме директоры:

Өзі корреспонденттер бір-ақ сұрақ қояды. Неше кісі бар, қанша соның ішінде кәрілер, қанша мүгедектер, соның қаншасының баласы бар, өзі кейде сол сұрақтардан жалығамын мен.

Рас, біз осы жерге трагедиялы тағдыр іздеуге ғана барамыз. Барамыз да терезеден баласын күтіп отырған қарт адамды түсіреміз, көз жасын көрсетеміз. Біздің түсіру тобын көрген қызметкерлердің бірі «әртістеріңіз дайын ба», деп сұрады.


Демек, біздің қоғам мұндай мекемені ешкімге керексіз қалған қарттардың баратын соңғы инстанциясы деп қабылдайды. Біле-білсеңіз, олай емес.

Кенжеболат Бәпішов, Астана қалалық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме директоры:

Шетелдерде қарттар үйіне демалуға барады. Онда бұрынғы бизнесмен де, лауазымды адам да, балалары 5-6 болса да олар өздері кемпірін құшақтап сонда барып тұратындар да бар. Қоғамға ешқандай әсер етпейді ол.

Бізде тек қана жаман ой, біреу қарттар үйіне түсіп қалса, оны туыстарына сыймай кетті, не болмаса балалары оңбаған сонда апарып тастады деп, сондай қалыптасып қалған ой-пікір.


Біле-білсеңіз, мұнда түсетін жандардың 90 пайызы жасынан жетім өскендер. Көбінің жеке өмірде де жолы болмаған, сәби сүймеген. Біздің, яғни тілшілердің тағы бір жаттанды сұрағы бар, «бұл кісілердің зейнетақысын немерелері алып кететіні рас па?», деген.

Тағы бір дерек, мекемедегі әр тұрғынға мемлекет тарапынан 120 мың теңге бөлінеді. Ай сайын. Оған 5 уақыт тамағы, коммуналдық төлем, дәрі-дәрмегі мен қызметкерлердің айлығы да кіреді. Зейнетақысы қолдарына беріледі. Қалай жаратып, қайда жұмсайтындары өз еріктерінде.

«Біздің міндет осы жандарға қамқорлық жасау», дейді директор. «Мекемені сынай бергенше, қарттар алатын 30-40 мың теңгені санай бергенше бір уақыт әңгімелесіп кетсеңіздер, қам көңіл жандарға одан зор сыйлық жоқ», дейді.

Айғаныс әженің көршісі Дәмек апаның бөлмесіне кірдік. 4 жылдан бері осында тұрады.

Дәмек Мұқышева, Астана қалалық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме тұрғыны:

«Көп екен, көргеніңнен көрмегенің, жақсы екен, өлгеніңнен өлмегенің», дейді. Мекемеде 350 адам бар. 350 адамның бәрінің тағдырын көрсең күнім, масқара, біреу көзден айырылған, біреуі құлақтан айырылған. Енді түрлі өмір. Бірақ, барлық жағдай бар. Киім дейсің бе, тамақ дейсің бе, театр дейсің бе.

Театр демекші, мекемедегілер әншілер келсе, қатты қуанады. Біз барғанда ағайынды Жүгінісовтердің концерті өтті. Балалардың маңдайынан иіскеп, қосыла билеп қатты қуанды. Опера әншілері келсе, дейді тұрғындар. Ал Дәмек апа, Досымжан Таңатаровты жақсы көреді.

«Оны арба айдап жүрген бала кезінен танимын», дейді. Бірге түскен суреті де бар екен. Туған баласындай фотосын мейірлене иіскейді. Бұл үйдің тұрғындары ешкімді сынамайды, ешкімді сөкпейді. Тағдыр деген бір ауыз сөз.

Дәмек Мұқышева, Астана қалалық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме тұрғыны:

Қызмет істеп жүргенде, шауып жүргенде бәрі жақсы болды. Бірақ, менде бала болмады. Тұрмыс жағдайында барлығы болды. Денсаулық болмағаннан кейін осында келіп түстік. Менің туыстарым ырза болмады. Бірақ мен айттым, «әркімнің өзінің тағдыры бар, әркімнің өзінің жағдайы бар».

Көпшілігіміз ойлаймыз, ата-анасын керек қылмағандар осында әкеліп өткізе салады деп. Бірақ, олай емес екен. Кіндігінен баласы жоқтар немесе баласы белгілі себептермен қарай алмайтындар ғана «Собестің» арнайы шешімімен қарттар мен мүгедектер үйін паналайды. Соңғы кездері арнайы қызмет түрін де ұсыныпты бұл мекеме.

Кенжеболат Бәпішов, Астана қалалық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме директоры:

Осы 316-ның ішінде 40 шақты адам ақы төлеп тұратын адамдар. Олардың бала-шағалары бар. Айына қазір 53 мың төлейді.

Бұл тізімдегі 40 шақты адамды тағы да сөге жамандауға болмас. Кейбірінің балалары қызмет бабымен ұзақ уақыт шетелге кетеді, кейбірі пәтерден-пәтерге көшіп жүреді. Мұндай жағдайда қарттар үйі көмек береді. Қарттар үйі Жаңа жылдан бастап жартылай стационар ашпақ.

Кенжеболат Бәпішов, Астана қалалық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме директоры:

Бір мезгіл тамағын ішеді, емделеді. Оның бағасы 40-50 мың шамада болады. Таңертең әкеліп, кешке алып кететіндей.

Кәдімгі балабақшадан айырмашылығы жоқ. Бірақ, осының өзі көмек. Бұл жер-қарттар үшін ақырет алдындағы аялдама емес. Көбінің екінші өмірі де осында басталады. Көңіл жарастырып, отбасын да құрып жатады. Тамақ тоқ, көйлек көк.

Немере-шөберенің шуын естімеді демесеңіз, құдандалы-жекжат болып, төр алдында отырмады демесіңіз бәрі жақсы. Алайда, әнші Досымжанның суретін иіскеп отырған Дәмек апа мен соңғы сапарының қамын жасап қойған Айғаныс әже көз алдымнан кетпей қойды...

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу