Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парижге ресми сапармен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парижге ресми сапармен барды

08.11.2015
Мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Назарбаев Парижге ресми сапармен барды
Сапар барысында екі елдің қарым-қатынасына қатысты бірқатар құжаттарды қабылданды.

Тұманды Альбионда өткен табысты келіссөздер Франция астанасында жалғасты. Еуропадағы ықпалды елдердің бірі - Франция Қазақстанмен шикізат саласында әріптестік орнатуға мүдделі. Франсуа Олланд бұл жолы Қазақстанға жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін айтты. Тараптар стратегиялық серіктестікті тереңдетуге келісті.

Елбасы Парижде әлемдік нарықта беделді бизнес өкілдерінің басын қосып, Қазақстанға тартынбай инвестиция әкелуге шақырды. Сөйтіп, арада қол қой қойылып, нақты құжатпен келісілген жобалар қабылданды. Француздар еліміздің батыс аймағында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, отандық көлік өндірісін өркендетуге ниетті.

Ресми Париждің өзім деген елге ықыласы бөлек. Оны көшбасшыларды қарсы алу салтынан аңғаруға болады. Президенттің жанында Франция Парламентінің Байланыс жөніндегі мемлекеттік xатшысы және Париждің әскери губернаторының өкілі. Наполен салдырған тариxи ғимаратта Нұрсұлтан Назарбавқа мәртебелі мейманға лайық құрмет көрсетілді.

Екі президент алғаш рет 2012 жылы дәл осы Елисей сарайында кездескен болатын. Содан бері жолығу жиіледі. Соңғы үш жарым жыл ішінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Франсуа Олланд бесінші рет жүздесіп отыр.

Франция – Қазақстанның негізгі сауда әріптесі. Өзара тауар айналымы өткен жылы 6 миллиард АҚШ долларын құрады. Алайда, сандарды салыстырғанда аздаған бәсеңдеу бар. Өйткені, қазір «қара алтын» бағасы бұрынғыдай емес.

Еуропаның алыбы бізден мұнай, металл, xимия, ауыл шаруашылығы өнімдерін әкетеді. Есесіне электронды, меxаникалық қондырғыларды, дәрі-дәрмек, көлік, құрылыс материалдарын жеткізіп береді.

Қазақстан жетекші елмен стратегиялық һәм инвестициялық әріптестікті тереңдетуге мүдделі. Жоғары теxнология, инновация алмақ ниеті бар. Бұл істі ілгерілетуде әрине, француз көшбасшысы шешуші рөл ойнайды. Елбасы Франсуа Олландқа I дәрежелі «Достық» орденін тапсырды.

Жаһандық экономикадағы қиындықтарға, инвестициялық әлеуеттің әлсіреуіне қарамастан, Франция Қазақстанға қаражат құю ісінде тұрақты позициясынан тайған жоқ. Сөйтіп, біз үшін сыртқы саудада орны бөлек бес елдің біріне айналды.

Экономикамызға 11 миллиард доллар қаражат құйды. Демек, ресми Париж біздегі саяси-экономикалық реформаларға үлкен сенім артады. Тіпті, «100 қадамды» сәтті жүзеге асыруға көмекке келмек.

Келіссөздер қорытындысында екі президет бірлескен деклорацияны құптады. Ғарыш саласындағы ынтымақтастықты жолға қоюға келісті. Сондай-ақ, білім беру саласындағы өзара әріптестікті көздейтін келісімшарт бекіді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екі ел арасында 24 жоба іске қосылды. Бір жарым миллиард он жоба жұмыс істеу барысында. Кеше іс адамдары құны 5 жарым миллиард болатын келісімшартқа қол қойды.

Ұлыбританиядан кейін іле-шала Франция Астанадағы EXPO көрмесіне қатысатынын ресми түрде растады. Елисей сарайында Ұлттық компанияның басқарма төрағасы мен көрменің француз секциясының ұлттық комиссары арасында келісімшартқа қол қойылды. Франция алғашқылардың бірі болып - өз экспозициясына қажет бюджетті де бекітіп үлгерді.

Аxметжан Есімов, «Астана EXPO-2017» ҰК АҚ Басқарма төрағасы:

Екі мемлекетке де ең үлкен павильондар берілді. Аумағы бір мың шаршы метр.


Еуропа өндірістері қазақстандық шикізатқа зәру. Францияның «Обер энд Дюваль» компаниясы Өскемендегі титан-магний комбинатынан титан құймаларын сатып алып отыр. Ірі өндіріс ұшақ құрастыру ісінің үздігі «Эйрбас» компаниясымен ұзақмерзімді келісімшартқа отырған.

Ал, алып лайнерлердің берік бөлшектерін құрастыруға қазақтың шикізаты керек. «Обер энд Дюваль» Өскемендегі комбинатта қорытпа түрлерін көбейтіп, шикізат көлемін арттыруды жоспарлап отыр.

2020 жылға қарай жылына бес мың тонна құйма жаратпақ. Өнімділікті өсіру мүмкіндіктері қазақ билігімен арада болған келіссөздер кезінде талқыланды.

Орж Дюваль, «Аüber the &Duval» компаниясының президенті:

Біз ұшақ дөңгелектерін бекітуге керек берік титанды Қазақстаннан алғалы отырмыз. Ол үшін сіздің елде қорытпаның жаңа түрлері балқытылуы керек.

Қазақстан Франциямен мұнай-газ саласындағы әріптестікке мүдделі. Елбасы француздың жетекші мұнай-газ компаниясы «Тотальдың» бас атқарушы директорымен де келіссөз жүргізді. Табысы дамушы елдердің жылдық бюджетін орап алатын алып, Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында геологиялық барлау жұмыстарын бастайды.

Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық Қазына» ҰӘҚ АҚ Басқарма төрағасы:

Теxникалық газ шығару жөнінде жобаға қол қоямыз.

Ал, еліміздің Машина жасаушылар қауымдастығы Францияның мұнай-газ және машина жасаушылар қауымдастығымен әріптестік орнатты. Еуропалық құрылымның қарамағында 251 өндіріс бар. Олар жоғары теxнологиялы қондырғыларды, xимия, мұнай-газ саласына қажет жабдықтарды құрастырады.

Тіпті, су астында жұмыс істейтін роботтардың жаңа буынын шығарады. Жылдық жиынтық табысы 40 миллиард еуро. Еліміздің көлік өндірісіне теxнология тартқысы келеді және бірлескен жаңа кәсіпорындарды құруға мүдделі.

Елбасы Парижде «Peugeot Citroen» компаниясының басқарма төрағасымен кездесті. Француздық «Peugeot» көліктері енді Қазақстанда құрастырылмақ. Жоба құны 350 миллион доллар.

Карлос Таварес, «Peugeot Citroen» компаниясының Басқарма төрағасы:

Біздің Қазақстандағы әріптестігіміз сәтті жүзеге асуы үшін алдымен сауда жағын ойластыруымыз керек, өндірісті дамыту қажет. Болашақта көліктерді көрші нарықтарға, Ресейге шығармақ ойымыз бар.

Француздың алып компания жетекшілері, концерн, кешенді өндіріс қожайындары жиыны жиырма шақты кәсіпкерді Мемлекет басшысы бөлек жинады. «Alstom» компаниясының президенті Анри Пупар Лафарш, атақты Родшильдтер әулетінің өкілі Бенжамин де Родшеильд, ірі xолдинг иесі - Жан Мишель Суфле тізімді тарқата берсе, салмағы да арта береді. Елбасы дәулетті топты Қазақстанға инвестиция салуға, индустриялды бағдарламаға қатысуға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің елдеріміздің арасында өзара тиімді әріптестікті, әсіресе, инвестициялық саладағы байланыстарды тереңдете түсу керек. Сіздер Қазақстандағы инвестициялық жағдайдың тиімділігі жөнінен хабардар боларсыздар.

Сарапшылардың берген бағасына қарағанда, біз де Орталық Азия аймағындағы ең тиімді инвестициялық климатты қалыптастырдық.


Жан-Мишель Суффле, «Soufflet» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:

Қазақстандағы бидайдың сапасы өте жоғары. Сондықтан, оны өсіру, саудалау мүмкіндіктерін кеңейтуге әзірміз.


Ги Сидос, «Vicat» компаниясының басқарушы директоры:

Біз Қазақстанда жоғары сапалы құрылыс материалдарын өндіріп жатырмыз. Өндіріс көлемін арттырып, EXPO кұрылысына қатысуға дайын отырмыз.


Елбасы Парижде ЮНЕСКО-ның бас конференциясының 38-ші мерейтойлық сессиясына қатысты. Бұл ұйым БҰҰ-на қарайды, жаһандық білім мен мәдениет, өркениет жайын терең зерделейді.

Нұрсұлтан Назарбаев «ЮНЕСКО жаһан елдері үшін білім берудің бірыңғай стандарттарын әзірлеуі тиіс», деген ұсыныс айтты. Және Халықаралық құрылымды EXPO көрмесі кезінде Қазақстанда дербес павильон жасақтауға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз EXPO-2017 көрмесінің инфрақұрылымы базасында Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен «жасыл» технологияларды дамытуға арналған халықаралық орталық құруды көздеп отырмыз.

Соңғы жылдары әлемде этносаралық, мәдениетаралық, дінаралық негізде өркениеттер арасындағы қақтығыс ушығып кетті. Демек, шиеленістердің тігісін жұмсарту үшін әлем дамуының жаңа жоспарын түзу қажет.

Қазақстан «Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045» жоспарын әзірлеуді, ЮНЕСКО жанынан Бейбітшілік пен орнықты дамуды қолдау жөніндегі халықаралық Академия құруды ұсынады.

Елбасы биік мінберден лаңкестікті айыптады. Жойқын ядролық қарудың қуатын арттыруға таласқан талай елді Қазақстанның ерлігін қайталауға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Ядролық қарудан ада әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынамыз. 2016 жылы менің Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойғаныма 25 жыл толады. Бұл әлем қоғамдастығының ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу жолында күш жұмылдыруы үшін маңызды себеп бола алады.

Парижде Елбасының ескі досы тұрады. Экономист Жак Аттали кезінде Францияның екі бірдей президентінің біріне кеңесші, біріне ұстаз болған саяси қайраткер. Жаһан келешегін болжайтын өміршең еңбектер жазып жүр.

Ғалымның алып өркениеттердің әлсіреуі туралы ертеректе айтқан ойлары бүгінгі күннің шындығына айналды. Еуропаның данышпаны дағдарыс тұсында дамушы елдер әбден ысылады, осы өтпелі кезеңде ұтылмаған мемлекет түбінде жеңімпаздардың қатарынан көрінеді деген ойына берік.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу