Елордада 29 құрылыстың жұмысы тоқтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада 29 құрылыстың жұмысы тоқтады

08.11.2015
Елордада 29 құрылыстың жұмысы тоқтады
Себебі, біреуінің құжаты дұрыс емес, енді біреуінің үй салуға рұқсаты жоқ.
Үйі жоқтың күйі жоқ. Астанада үйсіз жүрген бір топ азамат алаяқтарға алданып қалды. Елордада қазір бір емес, 29 құрылыстың жұмысы тоқтады. Біреуінің құжаты дұрыс емес, енді біреуінің үй салуға рұқсаты жоқ.

Жұртты алдаған жымысқылар құрықталғанымен, салымшылардың салы суға кетіп жүр. Өйткені, тергеу амалдары аяқталмай, алданғандарды жұбату оңай болмайын деп тұр. Ал, заңсыздыққа қатысты соңғы сөзді сот айтады.

Айбар Төлжанұлы, тілші:

Үй аламыз деп далада қалды. Астананың дәл іргесінде орналасқан мына қоршалып тұрған жер «әл Баракат» компаниясына тиесілі құрылыс нысаны. Мердігерлер былтыр қаңтардан бастап, мынадай көпқабатты тұрғын үй салып береміз деп халықтан ақша жинай бастапты. Осы баспананың болашақ иелері кем дегенде 1 миллион теңгеден жұмсаған. Өзіміз байқағандай қазір мұнда ешқандай құрылыстың иісі де сезілмейді. Тіпті баспананың іргетасы да қаланбаған.

Рамадин Меңдібайұлы былтыр, елордаға Тараздан көшіп келді. Бала-шағасының ішіп-жемінен артылғанын ақшасын жаңа пәтер аламын деп жылдар бойы жинап, осы «әл Баракат» компаниясына салған.

Тура бір айдан соң осы жерде, 40 шаршы метрлік пәтерге кіріп, қоныс тойын жасаймын деп алақанын ысып отырған. Алайда, ол ойының ойраны шықты. Жайлы пәтер алу үшін бар ақшасын салып, салы суға кеткен оның қазір басыбайлы баспанасы жоқ.

Қалада уақытша пәтер жалдап тұратын жігіт ағасы қырсық бір айналдырса шыр айналдырады дейді. Туған ағасын да арзан бағамен үй аламыз деп осы компанияға қаржысын аудартқан ол енді не істерін білмей дал.

Рамадин Ермеков, үлескер:

Арзандау болған соң, құйдық қой, жасыратыны жоқ. Соның енді отыз пайызын құйдым. Ол кісілер айтты отыз пайызын құясың, біткеннен кейін айына бес жылға бөліп береміз соны құйып отырасың деп келісімшарт солай болған. Ол кезде 1 миллион, 445 мың құйған екенмін. Сосын ағам да құйған еді. Екі отбасыға құйған едім ғой бір басым.

Ал осы аты бар, заты жоқ «Құрылтай» тұрғын-үй кешенінің дәл жанында тұратын Ұлбике әжей алғашында баспана құрылысы қарқынды жүргенін, айтады. Ми батпағы шығып жатқан мына жолдар да жөнделіп, құдай қосқан көршілерге де қарық боламыз деп ойлаған.

Ұлбике Әшірбекова, Қосшы ауылының тұрғыны:

Қызықтырып кетті. Мына жердің бәріне топырақ төсеткізді. Енді тас төсеп жол болады деп, бұл жерге жарық та келеді, газ да келеді деп адамдарды қызықтырып кетті ғой. Осы қазан айының аяғында, күзде кетті бәрі. Оған дейін жүрді осында.

Қызықтырып келіп, қызықтырып кетті. Соңғы қызықтырғаны жыр болатын түрі бар. Тілге тиек етері осы уақытқа дейін басы даудан арылмаған «әл Баракат» компаниясының басшысы қазір қамауда отыр.

Ал, оның соңында Рамадин секілді жүздеген азамат ақшасын ала алмай жүр. «Кемедегінің жаны бір» емес пе? Баспаналы боламыз деп опық жеп қалғандар қазір өздері бірлестік ашып, құзырлы органдарға барып, мән-жайды анықтап жүрген көрінеді.

Әзірге тек, қағаз жүзінде қалалық прокуратураға шағым түсірді. Үй аламыз деп үміттері сөнген үлескерлердің айтуынша, қазір кем дегенде 500 адам «әл Баракаттан» ақшаларын ала алмай жүр.

Азамат Саденов, үлескер:
Ақша салушылар бірігіп, өзіміз ЖСК құрдық. Сол арқылы сотқа, прокуратураға мемлекеттік құзырлы органдарға хабарласып, тілдесіп жатырмыз. Енді қазір халық болғандықтан, былайша айтқан кезде тек қана Үкіметтен ғана күтеміз деген ой бар. Ал, компанияның өзі бізге бірнәрсе қайтарады дегенге сенім аз қазір.

Қазір Астанада 29 құрылыстың жұмысы тоқтатылды. Басты себеп, құрылысты бастауға рұқсат беретін құжаттары мен мемлекеттік сараптама қорытындысының болмауы. Қазір 26 құрылыс компаниясының ісі Ішкі істер қызметкерлерінің қарауында жатыр. Ал, биыл елордамызда 270 нысан салынып, 551 нысанда жобалау кезеңі жүргізілуде.

Ал, енді қомақты қаржысынан қағылғандарға қайтпек керек? Қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері қазір алаяқтықпен ақша жымқырған бірнеше құрылыс компаниясын тергеп жатыр.

Олардың 21-не қылмыстық іс қозғалған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, салымшылар мен қаражаттың көптігінен тергеу жұмыстары сиырқұйымшақталып кететін түрі бар. Сол үшін қазір олар өңірден қосымша әріптестерін шақыртқан.

Асылжан Қалдарбеков, Астана қаласы ІІД Тергеу басқармасы басшысының орынбасары:

Дәл қазіргі уақытта біз өткен айда «Тамаша» тұрғын үй кешенін саламын деп 44 салымшыдан ақша жинаған азамат Дмитриенкоға қатысты азаматқа қатысты қылмыстық істі бітіріп, сотқа жолдадық.

Бүгінде Дмитриенко тергеу абақтысында қамауда отыр. Сот жақын арада басталады. «Хазірет» тұрғын үйін саламын деп 77 салымшыдан ақша жинаған Шнайдер және Саидов деген азаматтар біздің қамауда отыр.

Жандос Досанов, Астана қаласы прокуратурасының Басқарма прокуроры:

«Шейх Каз Инвест» ЖШС басшысы Бақытжан Тойымбетовке, «Азбука Жилья» компаниясының басшысы Ерқанат Тайжановқа қатысты және Ольга Шнайдерге қатысты іздеу жарияланды.

Ал, алаяқтар мен пысықайлардың құрығына ілінген азаматтарға мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мекемесінің мамандары келісімшарт жасаған кезде мұқият болу керек, дегенді айтады. Өйткені, кей компанияның құрылыс салуға лицензиясы болғанымен, салымшылар арқылы баспана салуға рұқсаттары жоқ. Сондықтан, әр азамат әкімшілікке не заңгерлерге хабарласып, құжат мәселесін пысықтап алуы ерек дейді.

Дәулет Досқұлов, «Астана қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы» ММ басшысының орынбасары:

Жұмысы тоқтатылған 29 нысанның құрылыс компанияларына қатысты жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Олардың құжаттары мен нысанды салуға рұқсаттары тексерілуде. Барлық іс қалалық әкімшілікте қаралуда.

Елдің барлығы заң саласында сауатты деу әбестік. Құлайтын жерін білсе, сабан төсеп қояр еді әйтпесе. Ал, үй алу онсыз да оңай емес. Енді «жығылғанға жұдырық» болды. Ендігісі сот шешімін күтіп, әліптің артын бағу.

Азамат пен Рамадин соған бекінген. Аузы күйген салымшылар осындай арандатушылыққа тап болған өзге азаматтармен бірлесіп, жұмыстарын жалғастыра бермек. Енді олар өздерінен өзгелердің де осындай жағдайға кезікпеуін тілейді.

Айбар ТӨЛЖАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу