Бүгін Түркияда кезектен тыс парламент сайлауы болды (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Түркияда кезектен тыс парламент сайлауы болды (ВИДЕО)

01.11.2015
Бүгін Түркияда кезектен тыс парламент сайлауы болды (ВИДЕО)
Бүгін Түркияда кезектен тыс парламент сайлауы. Саяси науқанға қатысатындар тізімінде 16 партия бар.

Негізгі тартыс 4 партия арасында өтуі тиіс. Олар: «Әділет және даму», «Халықтық республика», «Ұлттық әрекет» және «Халықтық демократиялық» партиялары.

Таңғы сағат 7-де басталған дауыс беру жергілікті уақытпен кешкі 5-те аяқталады. Ел бойынша 54 милллионнан астам адам өз таңдауларын жасайды.

Парламенттік сайлау биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғашқы науқанда билік басындағы Әділет және даму партиясы жеңіске жеткенімен Ұлы ұлттық мәжілістегі тиісті орындарын ала алмады.

Өйткені күрдтер қолдайтын Халықтық демократиялық партия алғаш рет 10 пайыздық межені бағындырып, парламентке өткен. Заңға сәйкес, олар өзге әріптестерімен коалициялық үкімет құруы тиіс еді.

Алайда ортақ мәмілеге келе алмай, сайлау қайта өтетін болды. Елдің саяси сарапшылары «екі науқанның арасында көп уақыт өте қойған жоқ. Сондықтан бұл сайлаудан кейін де саяси жағдай өзгермеуі мүмкін» деген пікірде.

Орхан Селен, саяси сарапшы:

Әрине, алдында ала нақты ештеңе айта алмаймыз. Қай партияның мерейі үстем болатыны белгісіз. Бірақ сайлау қайта өтетін сияқты. Халық соңғы 4 айда елде болған қанды оқиғалардан кейін есеңгіреп қалды. Қай бағытты таңдап, кімге дауыс беру керек екенін шешіп үлгерген жоқ. «Әділет және даму» партиясының жеңіске жетуге мүмкіндігі көбірек. Алайда бұл сайлауда әр адамның дауысы маңызды. Сондықтан, ешкім күтпегендей нәтиже болуы мүмкін.

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу