Еліміздің астықты аймақтарында орақ науқаны аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің астықты аймақтарында орақ науқаны аяқталды

25.10.2015
Еліміздің астықты аймақтарында орақ науқаны аяқталды

Биыл елімізде 14 миллион гектарға бидай егілген. Осы алқаптан орылатын астықтың көлемін Ауыл шаруашылғы министрлігі күні кеше 19 миллион 817 тоннадан асты деп, жариялады. Орташа түсім гектарынан 13,5 центнер. Тек астықты сақтау мен оны өткізуге қатысты біраз түйткілді қылаң беріп жатқаны рас қазір. Өйткені, егін орағының сәтті аяқталса, уайым да жоқ, қарын тоқ болар.

Ал, жалпы агро саланың алға басуы   мемлекет үшін өте керек. Себебі, Елбасы апта басында Кәрім Мәсімовті қабылдап, Үкіметтің есебін тыңдағанда көңілге медет болатын, яғни дамуы бәсең болса да, алға басып келе жатқан жалғыз сала - осы ауыл шаруашылығы екенін айтты. Демек, қазақтың алтын бесігі ауылдың тірлігі түзелмей экономиканың еңсе тіктеуі екіталай деген сөз бұл.  Ет, сүт, май, құрт пен ірімшікті айтпағанда, жер емген жұрттың өзі қазақ елін астықты державаға айналдырып, ахуалды жақсартуға болады. Тек ниет пен ынта болса.

Биыл Солтүстік Қазақстанда 3 миллион 200 мың гектар алқапқа бидай егілді. Диқандардың көрген қиындығы мен маңдай терінің ақтауы ретінде жиған ризығы да мол болды. Өңір бойынша гектар берекелігі 17 центнерден асқан. Қоймаға сыймаған астықты диқандар қар мен жаңбырға ұрындырмай уақытында жинап алды.

Айдарбек Сапаров, Облыс әкімінің бірінші орынбасары 

Биыл 17 жарым миллиард субсидия және 17 миллиард жеңілдетілген несие алдық. Сондай-ақ, жыл басында шаруаларға арзандатылған жанар-жағар берілді. Өкіметтен қолдау болмаса, қазіргідей әлемдік дағдарыс кезінде қиын болар еді.

Серғазы Қарымсақов ат жалын тартып мінгелі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келеді. Ата жолын қуған қарт диқан биыл гектарынан 20 центнерден бидай алған. Енді, осы астықты жақсы бағамен өткізсем, деген мақсаты бар. Ең бастысы, мемлекеттің аграрлық салаға қолдауы зор, арзан бағамен жанар-жағармай беріп, тыңайтқыштар үшін субсидия бөлген.

Серғазы Қарымсақов, шаруа қожалығының басшысы:

Шынын айтқанда, ауа райы шаруаларды біраз қысты. Жаңбыр жауды, артынан қар жауды. Бірақ, үкіметтің көмегінінің арқасында егінді ойдағыдай аяқтадық. Продкорпорация бидайдің үшінші класстын 42 мың, төртінші классты 31 мың теңгеге саудалап жатыр екен. Бұл, былтырғымен салыстырғанда жақсы баға. 

Қазір қай қырманға барсаңыз да тау болып үйілген астық, қайнаған тірлік. Табиғаттың берері мол болып, ырыс дәнін дер уақытында жинап алған диқандар дақылдарды элеваторларға тапсыру үстінде. Жалпы, облыс бойынша астық қабылдау орындарының сыйымдылығы 6 миллион тоннаны құрайды. Ұлттық қорда сақтаулы астықты айтпаған күннің өзінде, биылғы өнімді кептіріп сақтауға жеткілікті, дейді мамандар. Оның үстіне, биылғы бидайдың сапасы жоғары, ылғалдылығы талапқа сай.

Қуат Хасен, «ТНС экспорт» ЖШС бас директоры:

Биылғы бидайдың сапасы жақсы. Былтырғымен салыстырғанда ылғалдылығы 22 пайызға дейін артқан. Былтыр, 35 пайызға дейін баратын. Қазір 50 мың тоннадай бидай қабылдап үлгердік.

Биыл, теріскейдегі орақ майданына 9 мыңға тарта техника жұмылдырылды. Соның 6 мыңы қуатты комбайндар. Шетелдік Джондир мен Кейс, Класстар мен бірге ораққа Солтүстік Қазақстанда құрастырылған 22 комбайн да қатысты. Отандық техниканың алғашқы легі сыннан сүрінбей өтті. Ылғалды, ой–шұқыры мол Қазақстанның алқаптары үшін жасалған комбайндар да орақ науқанының көрігін қыздырды. Бұл биылғы жылдың басты жетістіктерінің бірі, дейді диқандар. Өйткені, өз астығымызды өз комайнымызбен ордық, деген мақтаныш көп үйдің түндігін желпілдетті. Осының арқасында, ауылшаруашылығы техникасын өндіру жұмысы да біршама алға басты.

Сәбит Шәкенов, «Қазтехмаш» зауытының директоры

Техника болғаннан кейін әртүрлі көзқарас бар. Сынбайтын техника болмайды. Біздің мақсат қосалқы бөлшектерді дер уақытында жеткізу. Осының арқасында, уақыт жоғалтпай астықты орып алды. Жалпы алғанда, біздің комбайндар туралы қалыптасқан көзқарас жаман емес.

Теріскейдің төскейде малы бірге жайылған құтты көршілері Ақмола мен Қостанай облысы да астық оруды межеге сай аяқтады. Бірінші болып науқанды бітірген Көкше диқандары ел қамбасына 4 миллион тонна астық құйды. Қазір өңірдегі астық қабылдау орындары қызу жұмыс үстінде.

Татьяна Почковская, Өндірістік учаске бастығы

Қазір бидайды қабылдауды жүргізіп жатырмыз. Күніне 100-ге жуық көлік келеді. Бұл шамамен 3 мың тоннаға жуық астық әкеледі деген сөз. Қазірге дейін 50 мың тонна бидайды қабылдап үлгердік. Әлі де осындай көлемде өнім ала аламыз. Шаруалар ылғалды, құрғақ бидайды да жеткізуде.

Қостанайлық диқандар болса 4 миллион гектар алқаптан 5 миллион тоннаға жуық астық жинады. Табиғаты қытымыр Қостанай өңірі үшін де бұл жақсы көрсеткіш, дейді мамандар. Астықтың шығымдылығы гектарына 12 центнерден келеді.

Алдаберген Мусинов, шаруа:

Егін оруға кыркүйектің 15-інен бастап кірістік. Оған дейін астық піспей, қолды байлады. Әйтпесе, техникамыз сақадай сай тұрды. Бізде жаңа 9 комбайн , бидай таситын 7 КамАз көлігі бар. Жиналған бидайдың бір түйірі де далада қалған жоқ. Кептіріп, элеваторға тапсырып қойдық. Енді, сату ғана қалды. 

Солтүстік Қазақстан облысының  басқа өңірлерге қарағанда, егістік алқабы шағын. Бірақ, шығымы мен  түсімі жағынан басқа өңірлерден оқ бойы озық. Орақ науқаны бәйге десек, сол доданың алдын алты жылдан бері бермей келеді. Бұл ең алдымен диқандардың ынтасы мен жаңа технологияның жемісі. Екіншіден, мемлекеттік қолдаудың шарапаты. Сондықтан, биыл теріскейлік диқандар бөріктерін аспанға атып, ел үмітін ақтағандарына масайрап отыр.

Айдарбек Сапаров, СҚО Әкімінің бірінші орынбасары:

Бидайдың ерте мерзімде, орта мерзімде пісетін сұрыптар бар. Біз, Ресейден осы ерте және орта мерзімде пісетін бидай кіргіздік. Оған мемлекет тарапынан корпорация арқылы қаражат бөлінді. Соның арқасында, бидайымыз уақытында пісіп, уақытында жинап алдық.

Диқандардың тілеуіне орай азық-түлік келісім-шарт корпарациясы да  жақсы баға тағайындады, дейді мамандар. Үшінші сыныпты бидайдың тоннасын 42 мың теңгеден сатып алмақ. Ал, төртінші кластың құны 30 мыңнан жоғары  болмақ. Бұл көңілге қонымды баға, әсіресе шетелге шығарылатын экспорттық қазақстандық бидайдың бәсі қашан да жоғары. Сондықтан, ырыс дәнін ысырапсыз жинаған диқандар масаттанып отыр. Ал, келесі жылға қам, орақ пен қатар жүргізіліп, тұқымдық қор жасақталды. Енді, шаруа үшін толассыз еңбектің жаңа белесі ашылмақ.

 

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу