Бурабайда бұл жолы ТМД ғана емес, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көшбасшылары жиналды. Жиналды да, экономикалық одақ аясындағы негізгі мәселелерді талқылады. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қырғыз тарабы алғаш рет ұйымға толық мүше мемлекет ретінде қатысты.
Экономикалық одақтың құқықтық базасы әлі жасақталып жатыр. Ұйымға мүше мемлекеттер әлі де көбейе түседі деген үміт бар.
Сондай-ақ, әлемдік деңгейдегі табысты жобаларға бірге қатысу мүддесін де ұмыт қалдырмаған жөн.
Мысалы, Бурабай жиынында Қытай Халық Республикасы көтерген «Ұлы Жібек жолы» экономикалық белдеуіне ыңғайласу, одаққа ортақ жобаларды ауқымды жоспарға кіріктіру, сәйкестендіру, үйлестіру мәселелері сөз болды. Келер жылы Қытай Халық Республикасымен мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында кеңейтілген келіссөздер басталады.
Тағы бір талқыланған мәселе - Еуразиялық экономикалық одаққа қандай елдер, қандай тәртіппен кіреді деген талап. Бір жарым сағатқа созылған шағын құрамдағы кеңестен кейін мемлекеттер басшылары 2015-2016 жылдарға арналған Еуразиялық экономикалық одақтың xалықаралық қызметі жөніндегі және сауда-экономикалық даму, жаңа мүше елдерді қабылдау тәртібін бекітті. Барлығы он бес мәселе талқыланып, құжат түрінде бекіді.
Қазақстан үшін маңыздысы Дүниежүзілік сауда ұйымы талаптарын Еуразиялық экономикалық одақ шарттарымен үйлестіру. Еуразиялық одаққа Израильдің де кіруі бек мүмкін. Бірақ бірден емес. Алдымен мемлекет еркін сауда аймағына енеді.
Президенттер, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясының алқа құрамын да бекітті. Комиссияның төрағасы болып Армения өкілі Тигран Саргсян бекіді.
Виктор Христенко, Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясының бұрынғы алқа төрағасы:
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында комиссияның алқа құрамын өзгерту жөнінде шешім қабылданды. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап комиссия құрамы он министрден тұратын болады. Әр мемлекет енді екі министрден бекітеді.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС