Қазақтың хандық дәуірінің 550 жылын кең көлемде атап өту - бүгіндей азат уақытта ғана мүмкін дүние. Анығы сол, тәуелсіздікке дейін қазақтың тарихы жүйелі зерттелмеді, ақиқат айтылмады, ақтаңдақтар менмұндалап көрініп тұрды.
Күні кешеге дейін ханым жаман, биім надан, байым сараң, өткенім қараң, жаманым ғана адам, деп оқып келгеніміз жасырын емес.
Тараздың торқалы тойы қалай өтті? Енді соған назар аударсақ.
Қазақтың хандық дәуірінің шапағаты ежелгі қоныс, ескі жұрт, құтты мекен қоңды жер - Таразға түсті. Қаланың бір жасап қалғаны анық.
Еңселі ескерткіштер, Тараз қақпасы, саябақтар мен жол, көшелер мен көпшілік орындар керемет күйге енді. Көп қаржы, күндіз-түнгі еңбек, ерен талаптың жемісін мұқым ел көрді.
Мәуелі бағы бар мынау – «Мыңбұлақ» сквері, Таразды алақанға салғандай етіп көрсететін әнеу бір «Шолу» мұнарасы, қысқасы 100-ге жуық керемет, ғажап ғимараттардың барлығы, сенесіз бе, бар-жоғы 30-40 күнде тұрғызылды.
Иә, сәулетші-құрылысшылар жарады. Күн-түн демеді. Ал, әкім уәдесінде тұрды. Бірер ай бұрын Астанаға келгенінде Таразды танымай қаласыздар деп сөз беріп еді. Міне, танымай тұрмыз.
Ермахан Ыбырайымов, бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы:
Тараз қаласы құлпырып кеткен. Жолдастарыммен арнайы осы тойға келіп, оларға қаланы көрсетіп жүрмін. Бүгінгі үлкен мейрамды ұйымдастырып жүрген Жамбыл облысы әкімшілігіне, Елбасына рахметімізді айтамыз.
Біз сырттағы кереметке тағы айналып соғармыз. Ал, қазір осы әсем ғимараттардың ішінде не өткеніне тоқталсақ.
Торқалы тойдың бірінші күні – тарихи-ғылыми конференцияларға арналды. Бірнеше жиын, қаланың әр шетінде қатар-қабаттаса өтіп жатты.
Басқосу десе, бірден көз алдыға бірсыдырғы, еш эмоциясыз, қағаздан бас алмай оқып тұрған баяндамашылар елестейтіні бар. Тек бұл жиын ондайдан ада, аулақ болды.
Іс-шара басталғаннан-ақ, ғалымдар қазақтың тарихына қатысты небір сенсациялық мәліметтерді келтіріп жатты.
Мәселен, Қазақ хандығы қалай құрылды деген сұраққа, бүй деп жауап берілетін. Ақжол би мен Қобыланды батыр шатысып қалады. Соңы, соңғысының біріншіні мерт етуімен аяқталады. Дау болады.
Керей мен Жәнібек сұлтандар, әділ сот өтпеді деп, 20 мың түтінді ертіп, кетіп қалады. Содан Қазақ мемлекеті құрылыпты-мыс. Мыс деп мысқылдай сөйлеуге себеп бар. Бұл - бар-жоғы миф екен.
Бұл оқиға кезінде Қобыландының жасы 4-ке жаңа толыпты. Қос сұлтан ешкімге ренжімепті. Алтын Орда империясын қайта қалпына келтіруді көксепті. Осы идеясына ел елітіпті, соңынан еріпті. Тарих куә, олардың бұл тәуекелі толық ақталды.
Ордалы Қоңыратбаев, тарихшы:
Қандай ауыр тарих болғанымен, бақытты тарих. Қазақ хандығы өмір сүрген 4 ғасырын алып қарайтын болсақ, қазіргі шекараға мүлдем ұқсамайды. Шығыста біздің үлкен қарсылас алғашында ойрат, кейін Жоңғар хандығы жатыр. Кейінгі дәуірде Цин империясы жатыр. Оңтүсті алып қарайтын болсақ, онда Хиуа, кейінгі дәуірде Қоқан жатыр. Қазақ хандығы құрылған соң қарсылас болған Бұқара жатыр. Олардың қазір қайсысы бар? Ешқайсысы жоқ. Жоңғария мүлдем құрып кетті. Цинь империясы да жоғалып кетті. Оның орнында басқа мемлекет отыр. Еуразия даласындағы өте ауыр процестерден қазақ аман шыққан.
Мереке уағында Таразда болсаңыз, қаланың ортағасырлық кейіпке еніп бара жатқанын байқар едіңіз. Көшеден қылыш асынған сұлтандар мен батырларды көрер едіңіз. Иә, бұлар тарихи «Қилы жол» қойылымына қатысып жатқан актер, әртістер. Бұл кісілер үлкен сахнада хан, батырдың рөліне еніп, кеше кім болғанымызды, қандай жұрттың мұрагері екендігімізді өнердің тылсым тілімен түсіндіріп берді.
Айдос Бектеміров, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері:
Қазақ хандығының қалай құрылғаны туралы қойылым көрсету – тарихты халықтың көз алдына елестету. Біздің хандарымыз Керей мен Жәнібекті көз алдына келтіру, біздің тарихымызды тірілтіру - бұл.
Бұл театрландырылған қойылым болса, ал мынау - театрдың өзі. Мұнда «Қазақтар» дейтін тарихи-драма сахналанды. Шығарма арнайы 550 жылдыққа жазылғандай.
Иә, бұл тарихи тақырыптағы қойылым болғанымен, өзектелігі жөнінен тым замануи спектакль. Қойылым, кешегі тарихты емес, бүгінгі күнді суреттеп жатқандай әсер береді.
Ерсайын Төлеубай, режиссер-драматург:
Бұл туындының дүниеге келу себебі, біріншіден, тарихымызды түгендеу. Тарих – ұлтқа, мемлекетке ең негізгі керекті дүние болғандықтан, жарыққа шығарып отырмыз. Бұл Тараздағы Жамбыл театрының дүниесі емес, барлық театрда сахналануы керек. Өйткені бұл – біздің өткеніміз.
Театрдан жаңа шыққан халық әлгінде ғана көрген ортағасырына қайта тап болғандай әсерде қалды. Енді ше?!
Көшені жағалай, ұзын-сонар керуен кетіп бара жатыр емес пе?!
Нұрбек Бекбау, тілші:
Қазақтың ұлық мерекесіне орай, сонау Бейжіңнен мынадай керуен шығыпты. Артқаны шай, жібек, түрлі үлде мен бүлде маталары.Бейжіңнен шыққанына 3 айдың көлеміндей болған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, орта ғасырда сауда қалай жүрді, дәл соны қайталамақ болыпты.
Жүзден астам керуенші Таң әулеті дәуіріндегі киімдер киіп, күзетшілері ертедегі ұзын сапты найзалармен қаруланған. Керуен Шэньси провинциясында өсірілетін фуца емдік шайын әкелді.
Қашықтығы 7 мың шақырымнан асатын саяхатты Қазақстанның дүнген қауымдастығы мен қытайлық «И-Зе Фуца» компаниясы ұйымдастырды.
Ма Хын Гон, «И-Зе Фуца» компаниясының президенті:
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шараларға қатысу - мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстан Президенті мен халқына бақыт пен денсаулық тілеймін. Тараз - Ұлы Жібек жолының інжу-маржаны болатын. Сол ежелгі замандардан-ақ, біздер жақсы қарым-қатынаста болғанбыз. Бүгінгі керуен соның жаңарған жалғасы деп білемін.
Мереке – бұқара жұрттікі. Тараздағы саябақтар мен гүлзарларда халыққа арнап, үлкен этноауылдар бой көтерді сол күндері. Еліміздің әр аймағынан келген өнер топтары кезектесе ән шырқап, өнерін паш етті.
Халық көңіл көтере жүріп, тарихи тамыры тереңде жатқан мерейлі мерекені ұғып-түсінді. Дүбірлі той халықтық серуенге ұласты.
Күлзиә Әкпарқызы, қала тұрғыны:
Бүгінгі Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейтой құтты болсын. Ежелгі Тараз орнында жан-жақтан қонақтар келіп, киіз үйлер тігілген. Оның ішіндегі бұйымдар көз тоймастай. Біздің ежелгі қазақтардың дүниесін көріп, көңіліміз тоюда. Бесіктегі баладан қартқа дейін келіп, осы саябақта көңіл көтеруде.
Жолдар түзелді. Көпірлер соғылды. Әсем, ғажап ғимараттар тұрғызылды. Бұл - тойдың Таразға берген пайдасы.
Ал, бұқара жұрт нендей пайда көрді?
Көшедегі кім көрінгенді тоқтат та, сұрай ғой: «Қазақ хандығы қашан құрылды? Қандай хандарды білесіз?» деп. Мейлі қазақ, мейлі басқа жұрттың өкілі болсын, қазақтың мемлекет құрып отырғанына жарты дәуір болғанын, Керейден бастап, Кенесарыға дейінгі хандарды айтып береді олар. Негізгі пайда осы емес пе?!
Нұрбек БЕКБАУ