Астанада республикалық патриоттар форумы өтті (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада республикалық патриоттар форумы өтті (ВИДЕО)

11.10.2015
Астанада республикалық патриоттар форумы өтті (ВИДЕО)

Мәңгілік ел - болашағы біртұтас ел! Астанада өткен Республикалық патриоттар форумының ұраны осындай.

Қазақстан - тұрақтылықтың, келісімнің мекені, берекенің бесігі. Бұл біздің қоғамның ерекшелігі, артықшылығы. 

«Қазақстан» концерт залында бас қосқан 2000 адамның ортақ ойы осыған саяды. Форум делегаттарын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтап, хат жолдаған. Құттықтау хатты Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев оқып берді.

«Бүгінгі форум ерекше. Ол Конституциямыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл толған мерейлі жылда өтеді. Бұл - халқымыздың бірлігі мен келісімінің бірегей дәстүріне, туған жер мен елге деген ерекше сүйіспеншіліктің арқасында орын алған тілектері. Форум қазақстандықтарды «Мәңгілік ел» идеясына ұйыстыруға және қоғамның тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуға қызмет ететіндігіне сенемін», - деп атап өткен Елбасы өз құттықтауында.

Форумда сөз алған жастың да, батырдың да, кәсіпкердің де ойы татулық, бірлік - бүгінгі жетістіктің кепілі дегенге саяды.

Айдын Айымбетов,  ғарышкер: 

Менің жұмысым – инженер маманына тиесілі қызмет. Иә, физикалық ауыртпалықтар мен қажырлы еңбекті талап етеді. Бірақ тиісті жаттығудан өтсе, кез келген қарапайым адам жасай алатын іс. Мен өз елім үшін өмірімді қиюға, бар өмірімді өз елімнің дамуы мен көркеюіне арнауға дайынмын. 

Инна Апенко, «Mimioriki» компаниясының бас директоры:

Патриот өз отанын сүю керек. Тек сөз жүзінде емес, іспен дәлелдеу қажет. Еңбектену тиіс. Сонда бүгінгі күн кешегіден жақсы болары анық. Мемлекет тәуелсіздігін алған жылдан бері барлық салаға көмектесіп келеді. Қамқорлықты сезінген адам патриот болмауы әсте мүмкін емес деп білемін.  

Бақытбек Смағұл,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

Біз Елбасының бейбіт өміріміз үшін, аяулы аналарымыз бен балбөбектеріміздің тыныш ұйқысы мен күміс күлкісі  үшін ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Біз  бір ортақ үйіміздегі бейбітшілікті сақтауға шақырамыз.

 

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу