Абай туралы опера «Астана» театрында орындалып, көрерменді тебірентсе, Киевте Абай ескерткіші ашылып, қазақтың ұлы ақыны тағы бір дараланбақ.
Осы аптада Астанаға Украинаның президенті Петр Порошенко мемлекеттік сапармен келді. Бұрынғы одақтас, қазіргі құрметтес, кейбір мәселелерде мұңдас украин жұртына бұл дәуір оңай тиіп тұрған жоқ.
Біздің арман - Еуропа тәртібі, Еуропа қоғамы, Еуропа құндылығы деп басталған қоғамдық толқулардың нәтижесі үлкен трагедияға ұласты. XXI ғасырда да көзі ашық қоғамы бар тұтас жұрттың көзді ашып жұмғанша, өз жерінен айырылып қалуы бек мүмкін екенін көз көрді.
XXI ғасырда да бүкіл қағаз жүзіндегі, анттық, кепілдік келісімдердің бір сәтте құнынан айрылып, іске жарамсыз «черновикке» айналуы бек мүмкін екенін көзбен көрдік.
XXI ғасырда да қаруы зордың өзгені қор қылатынын көзіміз көрді. Бұл, әрине, халықаралық мәселе. Үлкен елдер арасындағы геосаяси тартыстар тұтас мемлекеттерді теңселтіп жіберді.
Бірақ, бір анығы - дұрысқа, озыққа, игілікке ұмтылған қоғамдардың түбінде жетпей қоймасына тарихта дәлел көп.
Қазақстан Украинаға гуманитарлық көмек көрсетеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Петр Порошенко Ақордада кездесті, бірлескен мәлімдеме жасады, екі елдің бизнес өкілдері жиынына да қатысты.
Украинадағы қақтығыс – ешбір елге абырой әкелмеді. Бір ел жерінен айрылды, енді бірінің халықаралық беделіне нұқсан келді.
Бүгінде Украина да, Ресей де ортада тұтанған өшпенділік отын сөндіруге бейілді. Арадағы қикілжіңнің тігісін жұмсартуға Қазақстан араласты. Елбасы Петр Порошенконы Астанаға арнайы шақырды. Бұл - Украина лидерінің Қазақстанға тұңғыш мемлекеттік сапары.
Хаттама шарты бойынша екі көшбасшы қырық минут сөйлесуі керек-ті. Келіссөздер одан екі есе ұзаққа созылды. Оңаша әңгімеден кейін Порошенко Елбасына халықаралық құқық қағидаттарын сақтауға деген ұмтылысы үшін алғыс айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өздеріңіз білесіздер, мен қолымнан келгенше Ресей мен Украина арасында басқа елдермен келіссөздер арасында бұл қақтығысты жеңіп, Украина бейбітшілікке келсін деген үмітпен жұмыс істеп жүрмін. Кез келген қақтығысты бейбіт жолмен шешуді екі жақ та құптайды. Басқа баламасы жоқ деп санаймыз. Минск уағдаластығы, жалпы алғанда, орындалып жатқаны бізді қанағаттандырады. Әсіресе, «Норманд төрттігінің» кездесуі - үлкен үміт отын жақты.
Петр Порошенко, Украина Республикасының Президенті:
Украина халқы үшін Қазақстанның халықаралық құқық қағидаттарына беріктігі, еліміздің тәуелсіздігін, аймақтық тұтастығын құрметтеуі өте маңызды. Біз Қазақстанның бітімгерлік позициясын құптаймыз. Маған сіздің БҰҰ мінберінен Украина турала айтқан ашық ойларыңыз қатты ұнады.
Бүгінде Украинаның оңтүстік-шығысындағы дағдарыс сейілген жоқ. Мемлекет гуманитарлық көмекке зәру. Бұл елге Қазақстан әзірге 2 миллион еуро аударған. Халықаралық «Қызыл ай» арқылы тағы да көмек көрсетілетін болады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Украина үшін осындай күрделі кезеңде біз гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыратын боламыз. Донецкіге де, Луганскіге де. Қазақстан Украинаның оңтүстік-шығысындағы халыққа азық-түлік жеткізіп келеді. Оны да жалғастыратын болады.
Екі ел арасында тауар тасымалы да қиындап тұр. Сауда көрсеткіштері төмен. Оның үстіне келер жылдан бастап, Украина мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық әріптестік жөніндегі құжат күшіне енеді. Бұл ресми Киев біржола сол құрлыққа қарай бет бұрды деген сөз.
Негізі, Ресеймен кикілжіңнің басты себепшісі де осы - Еуропамен арадағы келісім болатын. Астанада Еуразиялық одақ елдері мен Украина сол шарт күшіне енгеннен соң «сауданы қалай құрмақ?» деген басты сауал да қойылды. Бұл мәселеде әлі түбірлі шешім жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз Кеден одағы, Еуразиялық экономикалық одақ пен ТМД төңірегіндегі еркін сауда аймағы туралы келісімдерді ұстанамыз. Ресейдің позициясын жақсы білеміз. Ал, Украина мен Еуропалық одақ арасындағы келісім күшіне енгенде, тауар жеткізу мәселесінде кейбір өзгерістер болуы мүмкін. Ол - сіздердің Ресеймен арадағы екіжақты мәселелеріңіз.
Петр Порошенко, Украина Республикасының Президенті:
Қазір үшжақты форматта - Украина, Ресей мен Еуропалық одақ арасында үздіксіз консультациялар жүріп жатыр. Біз Ресей тауарға шектеу қоймайды деп үміттенеміз. Украина, Ресей мен Қазақстан – Дүниежүзілік сауда ұйымы мүшелері, осы ұйым талаптарымен жүруі керек.
Екі ел отын-энергетика саласында әріптес еді. Анығы, Қазақстан бұл мемлекетке көмір береді. Ақордаға елдегі кеніш басшылары да жиналды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір Украинада көмір тапшы. Қазақстан бұл жағынан көмектесе алады. Біз ауыл шаруашылығы техникасы, авиация, әскери салада әріптесетін боламыз.
Президенттер бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Және үкімет деңгейінде іс–қимыл жоспары бекіді. Енді министрлер кабинеті мен іскер топ өкілдері әріптестікті дамытуға болатын салаларды нақтылайды.
Қазақстан үшін энергетика, ғарыш саласы, тау-кен өндіру және ауыл шаруашлығында бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды.
Рақым Ошақбаев, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі:
Егер соңғы он жылды алсақ, Қазақстан Украинаға олардан 10 есе көп инвестиция салған. Қазір екі мемелекет те инвестиция тартудың оң саясатын жүзеге асыруда.
Украинада қазір жекешелендіру басталды. Билік 1800-ден астам кәсіпорынды жекенің меншігіне беруге дайын. Әрі инвестор талғап жатқан жоқ.
Шеттен кәсіпкер келіп, белгілі бір өндірісті өз меншігіне алам десе, жол ашық. 45 миллиондық нарығы бар Украина қазақ іскерлерін шақырып отыр.
Геннадий Зубко, Украинаның Өңірлік даму, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы министрі:
Украина кәсіпорындарын жекешелендіруде біз Қазақстан компанияларын көргіміз келеді. Өйткені, сіздердегі «5 шешуші реформа» яғни «жүз қадам» бізде жүргізіліп жатқан реформалармен мәндес.
Наталья Микольская, Украинаның Сауда және экономикалық даму министрінің орынбасары:
Біздің негізгі жетістігіміз - еркін сауда аймағы келісімдері. Украинада 45 елдің нарығын қамтитын осындай 16 келісім бар. Қазір Израиль, Түркия және Сербиямен келіссөз жүріп жатыр.
Ресми Киев Қазақстанмен гуманитарлық байланыстарды да жандандыруға ниетті. Петр Порошенконың елге сапары кезінде екі көшбасшы елордадағы бірқатар мәдени нысандарды аралады.
Украина президенті жұбайы Марина Порошенкомен бірге Тұңғыш Президент кітапханасында, «Қазақстан» киноконцерт залында және Мемлекеттік опера және балет театрында болды.
Көп кешікпей Астанада Тарас Шевченконың ескерткіші бой көтереді. Ал, Петр Порошенко Киевте ұлы Абайдың ескерткішін орнатуға уәде берді.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС