Американың Орталық банкі қандай шешім қабылдайды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Американың Орталық банкі қандай шешім қабылдайды?

20.09.2015
Американың Орталық банкі қандай шешім қабылдайды?

Осы аптаның басты халықаралық экономикалық жаңалығы Вашингтоннан жетті. Құрама Штаттардың Орталық банкі пайыздық үстемені өзгеріссіз қалдырып, долларды әрі қарай қымбаттатпауды ұйғарғандай.

Өйткені, бұл валютаның құны өсе берсе, оның  кесірі айналып келіп, АҚШ-тың өзіне тиеді.  Бірақ,  қазір дүниежүзілік нарықта бір ауыз сөздің құдіреті күшті болып тұр.

Американың бас банкирі «ғалам экономикасы әлі де әлсіз» дегені сол-ақ екен, Нью-Йорк, Париж, Лондон, Токио, Франкфурт биржаларында акциялар бағасы құлдырап кетті.  Себебі, экономиканың қарқыны бәсең болса,  инвесторлар  құнды қағаздардан мол пайдаға кенелетіндігіне аса сенбейді.

Дегенмен, Азия нарығында жұма күні оптимизм басым болды. Өйткені, бұл аймақтың елдері АҚШ банктік пайызды көтермесе, сырттан өндіріске инвестиция тартып, даму жолына қайтудан үмітті.

Айтпақшы, әлем экономикасының осалдығы туралы мәлімдеме мұнай нарығына да кері әсер етті. Жұма күні оның Brent маркасының 1 баррелі шамамен 3 пайызға арзандап, Лондон биржасында  47 доллар 47 центке ($47,47   (-3,28 %) ) сатылды.

Американың Орталық банкі қандай шешім қабылдайды? Ол пайызды көтеріп, долларды қымбаттатса, экономиканың күйі не болады? Осы аптада дүниежүзі  елдерін алаңдатқан екі сауал осы.

Бірақ, Құрама Штаттардың Федералдық резерв жүйесі, біздіңше Ұлттық банк, пайыздық ставканы өзгерткен жоқ – тура бұрынғыдай 0,25 деңгейінде қалдырды. Өйткені, әлем эконикасында дәл қазір қымбат доллардың ауыртпашылығын көтеретін шама жоқ - дамуы мардымсыз.

Банк пайызды көтеру мәселесін желтоқсанда тағы қарастырады. Егер оған дейін АҚШ-тың өз ішіндегі және шетелдегі өндіріс қарқын алатын болса, жыл соңында Америка пайыздық үстемені өсіруі ғажап емес.

Джанет Йеллен, АҚШ Федералдық резерв жүйесінің басшысы:

Шетелдегі жағдайдың белгісіздігі мен өзіміздегі инфляцияның бағытын ескере отырып, біздің комитет экономикадағы ахуалдың жақсарғанын күте тұру керек деген ұйғарымға келді. Ең алдымен,  еңбек нарығы оңалсын,  инфляция ретке келсін.

Әлемдік банк пен Халықаралық валюта қоры бұған дейін ескерткендей, Американың орталық банкі несиенің пайызын көтергенде,  валюталары онсыз да құнсызданып жатқан дамушы мемлекеттер орасан қауіпке душар болар еді.

Өйткені, олардың экономикасына сырттан несие тарту қиындайды, демек, қаржы тапшылығынан өндірістері құлдырап, инвестиция қашады. Мұндай жағдайда 2008 жылғы дағдарыстан енді ғана ес жиған АҚШ-тың өз өнімдеріне де әлемде сұраныс төмендері сөзсіз. Сондықтан, Федералдық резерв америкалықтардың ғана емес, шеттегі экономикалардың қамын ойлауға міндетті.

Кейт Блисс, Cuttone & Co компаниясының бірінші вице-президенті:

Біз доллардың күшейгенін өткен жылдан бері көріп отырмыз. Соның салдарынан дамушы елдер ауыр жағдайға тап болды. Олардың валюталары құнсызданды. Тауар сатып алу қабілеті төмендеді, қарызы өсті.

Ал, бізде мұндай мемлекеттерге өнім экспорттайтын мүмкіндік азайды.  АҚШ осыған алаңдап отыр. Пайыздық мөлшерлеме көтерілгенде әлемдегі жағдай тіпті нашарлар еді.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Американың Орталық банкін пайызды сол қалпында қалдыруға мәжбүрлеген факторлардың бірі – Қытай. Қытай кейінгі жылдары дүниежүзілік экономика алға сүйресе, биыл үлкен қаржылық проблемалардың ошағына айналып отыр.  Тамыздың 11-де оның акциялар нарығы күйреп, 5 триллион доллар жоғалтса, ұлттық валютасы 20 жылдан бері алғаш рет құнсызданды.

Дегенмен, осыдан 10 жыл бұрын Қытайға  әлемдік жалпы ішкі өнімнің 5 пайызы ғана тиесілі еді. Қазір бұл көрсеткіш 13 пайыздан асып отыр.  Ал, АҚШ өз валютасын қымбаттатса, Қытай  экономикасы  тіпті әлсіреп, шығыстағы көршіміз талай елдің металы мен мұнайын және өзге де тауарларын бұрынғы көлемде сатып алуға дәрменсіз болар еді.

Адриан Шмидт, экономист:

Әрине, Қытай экономикасы бас банкир Йелленнің шешім қабылдарда қаперінде болды.  Федералдық резерв те, басқалар да көріп отыр – Қытайда даму бәсеңдеп барады және оның өсу қарқыны әрі қарай да баяулауы мүмкін.

АҚШ Орталық банкі басшысының әлемдегі экономикалық жағдайға алаңдайтыны туралы мәлімдемесі Еуропада, Құрама Штаттарда, Жапонияда акциялар бағасын арзандатты. Жұма күні  Токио, Нью-Йорк, Лондон, Париж, Франкфурт биржаларында индекстер біршама түсті. Бірақ, Азияның қор нарығында оптимизм басым болды.

Американың Федералдық резерв жүйесі пайыздық үстемені өсірмейтіні белгілі болғаннан кейін Сеул, Гонконг, Шанхай, Австралия сауда алаңдарында құнды қағаздар бағасы орта есеппен 0,5 пайызға дейін өсті. Өйткені, бұл аймақтардың  инвесторлары доллар қымбаттамаса,  экономика оңалады деген үмітпен апта соңында акция алудан аса қауіптенген жоқ.

Андриа Кондураче, активтер менеджері:

Бір маңызды жайтты атап өтер болсам, АҚШ Орталық банкі басшысының жұмадағы сөзі халықаралық мәнге көбірек ие болды. Яғни, Йеллен ханым монетарлық саясатта белгілі бір шешім қабылдарда дүниежүзілік экономикаға ерекше назар аударып отыр.

Америка бас банкирінің ғаламдық өндірістің әлсіздігі туралы бір ауыз сөзі осы жұмада акцияларды арзандатып қана қоймай, мұнай бағасын 3-4 пайызға түсірді. Екі күн бұрын Brent маркалы «қара алтынның» 1 баррелі 47 долларға сатылды. Шикізат нарығындағы құлдырау әлі де жалғасуы мүмкін.

«Goldman Sachs» банкінің есебіне қарағанда, мұнай құны 15 жыл бойы түсуі ғажап емес. Сарапшылар бұл болжамды  тарихқа жүгіне отырып, жариялады. Мәселен, 1986 жылы төмендеген көмірсутегінің бағасы 2000 жылдардың басында ғана көтерілген. Осы қаржы институтының өзге бір мәліметіне қарағанда, мұнайдың нарқы 20 долларға дейін құлдырауы да мүмкін.

Оған кейбір өңдеуші зауыттардың жөндеуге жабылуы себеп болмақ. Алайда, «Goldman Sachs» экономистерінің сөзіне сенсек, бұл болжамның орындалу мүмкіндігі 50 пайыз ғана.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу