Елбасы Тәжікстанға мемлекеттік сапармен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Тәжікстанға мемлекеттік сапармен барды

20.09.2015
Елбасы  Тәжікстанға мемлекеттік сапармен барды

Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы аптада Душанбеге барды. Ресми сапардың нәтижесі 6 келісім. Олар: еңбек миграциясы, ақпаратты техникалық қорғау, сыртқы істер министрліктерінің әріптестігі, спорт, сондай-ақ,  білім саласындағы ынтымақ туралы құжаттар. Алтыншысы стратегиялық әріптестік туралы келісім. Соңғысын екі президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Эмомали Рахмон бекітті.

Тәжікстан желдің өтінде отырған мемлекет, мазасыз мекендердің бірі. Іргесінде Ауғанстан бар. Жерінің 93 пайызы - тау. Тәулігіне 5-6 рет жері дірілдеп, сисмо белсенділігін көрсетіп тұрады екен. Бірақ, мазасыз мекен дегенде біздің меңзегеніміз жері емес, ел ішіндегі ахуал.

Естеріңізде болса, қыркүйектің 4-і күні Душанбе дүр сілкінді. Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Абдухалим Назарзода басқарған бұзық топ Душанбе мен Вахдат секілді екі қалада полициямен қақтығысты. Іле-шала арнайы операция басталып, кәдімгі қарулы қақтығысқа ұласқан.

Нәтиже былай болды, полициядан 9 адам, ал қарулы топтан өлгені, қамалғаны бар жиыны 150 адамды шарпыған. Бүлікшіл генералдың өзі де қаза тапты. Бұл оқиға Тәжікстанның ішкі саяси ахуалына әсер етті, Ислам өркендеу партиясы жабылып тынды. Дәл қазір сол партияның жетекшілері қайта-қайта тергеліп жатыр. Қош.

Дәл осы мазасыз мекен одағай оқиғаны өткерген кезде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының сессиясы да болды. Сол жиында «Тәжікстан ТМД-ның оңтүстіктегі қамалы», деді Қазақ Президенті. Сондай-ақ, соңғы оқиғаға сыртқы күштердің әсері болғанын меңзеді.

Ілгеріректе Қазақстан мен Тәжікстанның бизнесі бірлесіп қырық жобаны қолға алатын болып келісті. Бірақ, өндірісті жолға қойғысы келген біраз қазақстандық инвестор тәжік нарығын  тастап шығуға мәжбүр болды.

Себеп - мемлекет инвесторларға жағдай жасай алмады. Ал, кейбір тәжік компаниялары күні бүгінге дейін қарызын қайтармай отыр. Ендеше, бұл елмен қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру билік үшін неге маңызды?

Аймақ үлкен саяси мүдде тоғысқан жер. Тәжікстан Ауғанстанға тиіп тұр. Қазақстан аймақтағы тұрақтылықты сақтау үшін, әрі транзиттік әлеуетін пайдалану  үшін көршінің  қолдауы керек. Парсы шығанағына шығар жол осы елді көктей өтеді.

Тәжікстанға ресми сапары кезінде Нұрсұлтан Назарбаев  Эмомали Рахмонмен  көп мәселені оңаша отырып талқылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екі ел арасында шешімін таппаған саяси, болмаса экономикалық түйткіл жоқ. Есесіне, қажет болғанда көмек беріп келеміз. Біз қашан да біргеміз. Қазақстан үшін Тәжікстандағы тұрақтылық өте маңызды. Бүгінде жаһандық дағдарыстың салдарынан саудада қиындықтар бар, алайда келешекте көрсеткіштер жақсара түседі, деген сенімдемін.

Эмомали Раxмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:

Біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынас әуелден-ақ достық, бауырмалдық руһында дамып келеді. Ал, экономикаға келсек, өзара байланыстар соңғы жылдары табысты бола түсті. Тауар айналымы бір миллиард долларға жақындап қалды. Бүгінгі кездесу алыс-беріске жаңа серпін бермек.

Қазақстан мен Тәжікстан әріптестікті стратегиялық деңгейге көтерді. Бұл- мемлекеттер арасындағы дипломатиялық ілтипаттың ең жоғары сатысы. Қазақстан бұрын Орталық Азияда тек  Өзбекстан һәм Қырғызстанмен ғана осы деңгейлес серіктестік орнатқан болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Негізгі ірі мәселеледе экономикалық байланыстар дамып жатқан жоқ. Сондықтан, қол қойылған стратегиялық әріптестік жөніндегі келісімшарт бұған дейінгі сексен құжатпен қоса алғанда, қарым-қатынасымызға берік негіз болады. Қазақстан бүгінде индустриялды даму саясатын жүзеге асырып, балама экономиканы дамытып жатыр.

Душанбеде Қазақстанда еңбек етуге келген мигранттардың уақытылы тіркеліп, заңды жұмыс істеп, мерзімінде елдеріне қайтуын реттейтін келісім жаңарып, xаттамаға айналды. Бұл құжат Тәжікстанда еңбек етіп жатқан қазақстандық азаматтардың да мүддесін қорғайды.

Елбасы Душанбеде аймақтағы су дауын тиімді шешудің де уақыты келгенін айтты. Тәжікстан қазір Рогун су электр станциясын салу ісін ұлттық идеяға айналдырды. Ал, өзбектер бұл құрылысқа үзілді -кесілді қарсы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бізге көршілер бір-бірімізге өкпелеп-шекісіп емес, келісіп үйренуіміз керек. Осы аймақта тұрғаннан кейін өзіміз үшін, ұрпақтарымыз үшін түбінде ортақ тоқтамға келу қажет.

Тәжікстан экономиканың барлық саласында көмекке зәру. Сондықтан, Қазақстан гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыра береді. Құны 2,7 миллион доллар болатын азық-түлік, құрылыс материалдары басқа да керек-жарақ жіберіледі.

Қазақстан тәжік студенттерін тегін оқытуды да тоқтатпайды. Бұл жолы білім беру саласындағы әріптестікті көздейтін xаттама да бекіді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тәжікстандық жастарды қазақстандық оқу орындарына түсуге шақырамыз. Бізде үлкен xалықаралық университет бар. Көрші ел президентінің сұрауы бойынша Қазақстан шәкірттерге грант беруге дайын. Біздің жастарымыз жақын болуы керек.

Жайнагүл Төлеміс, тілші:

Орталық Азия – әуелден-ақ алыптардың мүддесі тоғысқан аймақ.  Жібек жолын жандандырмақ ниеттегі Қытай, Тәжікстан, Ауғанстан арқылы Таяу Шығысқа өткел салмақ.

Сондықтан, өңірдегі тұрақтылыққа ұмтылады. Ал, АҚШ жобаны сырттай құптағанымен, аймақта  Қытай ықпалының артуынан секем алады.   Оның үстіне Құрама Штаттары  Ауғанстандағы  радикалды топтарды астыртын қолдап отыр, деген болжам да жоқ емес. 

Қалай болғанда да Ауғанстанда қазір лаңкестердің ықпалы күшейіп келеді. Жуырда олар көрші Тәжікстанда   іріткі салуға әрекет етті. Ваxдат қаласында қорғаныс генералы бастаған топ жерілікті полиция бөлімшесіне шабуыл жасап, он жеті адамды мерт қылды. 

Генерал Тәжікстандағы ресми тіркеуде жоқ радикал партияның мүшесі болған. Сарапшылар билікке қарсы шабуылдың соңында  лаңкестердің мүддесі бар, деп секем алады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тәжістанның терроризм мен экстремизм, есірткі тасымалымен күрестің алдыңғы шебінде тұрғанын жақсы түсінеміз. Сондықтан, қиындықтарға қарамастан, бұл мемлекетке көмектесуіміз қажет.

Бізді Ауғанстанның солтүстігінде содырлардың белсенділігі де алаңдатады. Қазақстан тұрақты әрі қауіпсіз Ауғанстанды көргісі келеді. 

Ол аздай елін, жерін, тіпті бауыр еті баласын тастап, жесірін жылатып, ата-анасын аттап өтіп, өзі танымайтын, көріп-білмеген елді қорғауға аттанып кеткендер бар арамызда.

Олар кіндік қаны тамбаған жат, тіпті жоқ елдің жауынгері, жанкештісі болуға ұмтылады. Террорлық топтар соңғы жылдары талайды адастырды. Жастардың санасын улап, өзіне жіпсіз байлап, Таяу Шығысқа әкетіп жатыр. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өкінішке қарай, мұны мойындау керек, ҰҚШҰ қарамағындағы елдердің жекелеген азаматтары радикалды топтардың ықпалына түсіп, Таяу Шығыстағы, Ауғанстандағы қақтығыс ошақтарына аттанып, заңға қарсы әрекет етіп жатыр. Бұл деректер біздің тарапымыздан шара қолдануды талап етеді. 

Алайда ҰҚШҰ ұжымдық күштері қолдан келгенін жасап жатыр. «Прокси» деп аталатын арнайы шара өткізді. Жастарды жаппай қанды майданға шақыратын елу мың сайттың қызметін тоқтатты.

Террорлық топтардың ықпалына түскен азаматтардың тағдырына араша түсті. Қауіпсіздік мақсатында нақты сандар аталмайды. Ұйымның бас xатшысы радикалды топтармен күрес нәтижелі болуы үшін батыл қадамдарға дайын болу керек, дейді.

Николай Бордюжа, ҰҚШҰ Бас xатшысы:

Қорғаныстың, лаңкестікпен күрестің жаңа эксклюзивті меxанизмдерін енгізу керек.

Анығында, террорлық топтар қаршадай жастарды текке әкетіп жатқан жоқ. Түбінде өз Отанына қарсы қоймақ ниет бар.

Владимир Путин, РФ Президенті:

Идеологиялық әрі әскери дайындықтан өткен содырлардың арасында Ресей, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдердің азаматтары бар. Олардың қайтып келуі бізді қатты алаңдатады.

Осы аптада Душанбеде Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан мен Тәжікстан және Ресей президенттері қауіпсіздік тақырыбын қызу талқылады. Ұйым алдындағы бүгінгі қатер – террорлық топтарға қарсы тұру, заңсыз есірткі тасымалына тосқауыл қою-xалықаралық басқосудың басты түйткілі. Ал, ресми тақырып – ортақ әскери күштердің қырағылы.  Жуырда алты елге ортақ ұжымдық күштердің дайындығы күтпеген жерден тексерілді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Аяқ астынан болған тексеру ұжымдық күштердің алдына қойылған міндеттерді орындауға қауқарлы екенін көрсетті. Біз тәжірибе жүзінде дағдарыс жағдайындағы ұжымдық күштердің қырағылығын тексеріп, бүгін бағасын бердік.

Ұйым бүгінде қарсыласының әлеуетін бағамдап отыр. Сондықтан, көшбасшылар оқу-жаттығу шаралары жиі өткізу керек,әскери теxниканы көбейту керек және мамандардың біліктілігін арттыра түсу керек деген тоқтамға келді.

ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің ендігі сессиясы Ереванда өтеді. Ұйымға ендігі төраға – Армения.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу