«Apta.kz»-те - Олжас Құдайбергенов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Apta.kz»-те - Олжас Құдайбергенов

20.09.2015
«Apta.kz»-те - Олжас Құдайбергенов

Валюта нарығындағы тұрақсыздық көпті толғандырып отырғаны рас. Осы тақырыпты тереңірек талқылау үшін бүгін студияға экономист сарапшы, макро-экономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергеновті шақырдық. Хош келдіңіз.

- Алдымен, доллар бағамының бұлай құбылуының негізгі себептерін айтып берсеңіз.

-Жалпы, теңгенің долларға айырбас бағамының түсу себебі - мұнай бағасының құлдырауынан. Егер былтыр «қара алтынның» бір бареллі 100-110 доллар болса, қазір 50 долларға түсті. Мұнай бағасының бұлай құбылуы біз үшін проблема.

Тамыз айының соңында теңге еркін айырбас бағамына жіберілгеннен кейін ол 240-тың шамасында тұрақтаған. Бірақ, ары қарай оның құны біртіндеп түсе бастады. Бұдан ары оның қалай құбылатыны белгісіз.

-Енді осы тұрақсыз кезеңде валюта нарығында құбылмалы болып тұрған кезде біздің азаматтар нақты қандай валютамен сақтаған абзал, теңгемен бе, доллармен бе?

-Енді қай валютамен сақтағанды оны айтпай-ақ қояйын. Адамдардың өздері шешсін ол сұрақты. Бірақ, егер де несиені доллармен төлейтін болса, әрине теңге болса оны долларға ауыстыруға тырысу керек. Тез уақытта. Қазір  доллардың бағасы 280-ге тоқтады. Бірақ, келесі айдың ішінде оның бағамы тез өзгеруі мүмкін.

-Қанша болуы мүмкін? Негізі сіз нақты болжам айта аласыз ба? Теңгенің нақты құны долларға шаққанда мұнша деп?

-Енді былай экономикалық негізіне келсек, оның бағамы 280-де  тоқтауы керек. Ал ары қарай жүрсе,  оны спекуляция себебінен. Бірақ, қайда барып тоқтайтынын нақты айта алмаймын. 1-2 айдың ішінде белгілі болады.

-Әлі де осы тұрақсыздық 1-2 айға жалғасуы мүмкін дейсіз ғой. Біздің негізгі валюта нарығын реттеуші Ұлттық банк алдымен теңгені еркіне жіберді.  1 долларымыз 300 теңгеден асқан кезде Ұлттық банк қайта интервенция жасады. Осы қаншалықты дұрыс? Қаншалықты қажет шара?

-Бір айтатын жайт, Ұлттық банк нарыққа араласпауы керек. Мәселен, өткен жылы Ресей осы саясатты қолға алғанда олардың Центр банкі нарыққа араласты. Күн сайын олардың үлесі  шамамен 50 миллион доллар болды. Қиын кезде олар рублді арттырып, әр түрлі құралдармен қолдап отырды. Шағын көлемдегі сауда механизмдерінде бағам қатты өзгермеді.

Сондықтан, Ұлттық банк саудаға күнде араласпауы тиіс. Осылайша, теңгенің құбылмауын қамтамасыз етуі керек. Айталық, бағам 285-300-ге жетті ме, оны 270-ке қайтадан тұрақтандырғанша сол күйінде қалдыру керек.

Бағам 300-ге дейін жеткенде Ұлттық банк оны 270-ке түсіріп, тұрақтандырды. Рынок бұл тұрақтандыру уақытша, доллар бағамы қайтадан 300-ге көтеріледі деп ойлады. Негізінде  бағам қанша көтерілсе де, сол шамада қалсын. Жұрт та екіұдай күйде қалмайды.

-Мынау спекуляциядан басқа бір себептер бар ма?

- Негізінен, алыпсатарлық деуге келеді. Әдетте, алып-сату көлемі күніне 300-400 миллион доллар болатын. Кейін ол күніне 100 миллион долларға дейін төмендеді.

Кейбір кездері бірқатар сессияларда 20 миллион, 50 миллион, 60 миллион болды.  Бағам 10-15 теңге арасында құбылды. Бұл ахуалдардың барлығы алыпсатарлық деп тұспалдауға итермелейді.        

-Енді мынау Сіз КАСЕ-дегі негізгі ойыншылардың тізімін жариялау керек дедіңіз Ұлттық банк. Және олардың қаншалықты сатып алып, сатып жатқанын анықтау керек дедіңіз. Осы біздің қоғам үшін қаншалықты қажет еді?  Бұл біздің көпшілікке көмектесетіндей ақпарат па?

-Алып-сатудың ашықтығы алыпсатарлықтың асқан тұсында ойыншының жауапкершілігін арттырады. Яғни, бағамды кімнің өзгертетіні түсінікті. Әрине, ежелден келе жатқан тәжірибе бойынша оларды жарияламаған азбал.

Өйткені, бағам тұрақтанған соң бәрі қалыпты жүріп жатқанда алып-сату көлемін жариялаудың керегі болмас еді. Сондықтан, дәл қазір бағамның қатты құбылып тұрған шағында оны қажет деп санаймын.

Егер Ұлттық банк кез келген уақытта Ресей сценарийіне көшетін болса, яғни, «біз осы бағамда қаламыз, ары қарай қатты өзгеріс болмайды ары қарай айналым тұрақтылығы әдісімен жүреміз десе онда алып-сату көлемін жарияламауға да болады.

-Біз экономикалық, саяси ақпараттарды қарап отырған кезде Ресейдің сарапшыларының кейбіреуі негізгі қаржылық дағдарыстың шырқау шегі желтоқсан айында болады деп отыр.

- Жуырда  болған девальвацияның бағамын 280  теңге деп алатын болсақ, бұл шамамен девальвацияның 50 пайызы болады. Мен оны  қаржы валютамызға қандай да бір оң әсер етеді деп ойламаймын. Өйткені, біздің сырттан алған қарызымыздың 30 пайызы - доллар. 

Қазір осы қарыз алушылар қарызын қалай төлейді деген сұрақ туындайды. Девальвация 20 пайызға жеткенде адам несиені төлеу,  төлемеу  мәселесі толғандырып, ол өз мүмкіндігін қарастыра бастайды. Ал, оның мөлшері 50 пайызға көтерілгенде ол қолын бірақ сілтейді.

Өйткені, ол несиесін қайтара алмайды. Алдағы айларда біз неси қайтарудың нашарлайтынын көретін боламыз. Қазір қаржы секторының 99 пайызы бағам ары қарай қалай болады, деп болжам жасауда.

Алайда нақты кесіп-пішіп айта алмайды. Девальвация болды, енді бағамды тұрақтандырудың қажет шамалы. 285 пе, сол бағам болсын. Еркін бағам оның болжамы бірнеше жыл бойы сақталады, мұны бизнес, банктер мен халық жақсы түсінуі керек.   

- «Apta.kz»-ке уақыт тауып келіп, арнайы сұхбат бергеніңізге рахмет!

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу