«Мың малың болғанша, бір балаң ғалым болсын» деп ілім алып, ізгілік жасауға іңкәр тұратын ұлттың ұрпағымыз. Қоңыр күзбен қатар, білім күні де жақындады. Бұйырса, бірер күнде ұланғайыр қазақ даласының қиыр-қиырында сыңғырлап, алғашқы қоңырау соғылады.
Сырттай бақыласаңыз, мектеп табалдырығын енді аттағалы жүрген, тарыдай болғанымен, талаптары таудай шәкірттердің қимыл-қозғалыстары қызық. Мектепке алған боқшантайларын бір ашып, бір жауып, кітаптарын бір алып бір салып, терліп-тепшіп жүргендері. Одан қалды су жаңа киім-кешектерін қайта-қайта киіп, 1 қыркүйекті асыға күтеді.
Ала жаздай алаңсыз аунап-қунап, ойын қуған төменгі сынып оқушылары дәл осы күні бір-бірімен кісінескен тайдай шұрқыраса табысады. Жаздағы әсерлерімен жарыса бөлісіп, көрген қызықтарын айтып, мектептен үйге қайтар жол балалардың дабырына бөленеді.
Ал, бойлары да ойлары да өскен бозбалалар мен бойжеткендердің, яғни жоғары сыныптың әңгімесі сәл өзгеше болады. Бұрын алысып-жұлысып, бұрымнан тартуға құштар асау тентектік бұл күзде жуасып, балаң махаббатқа бастау болар өзара сыйластыққа, сыпайылыққа ұласады. Солай.
Жалпы, орта білім беру саласын биыл ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Білім министрлігі жаңа оқу жылында әсіресе, мемлекеттік тілге көп көңіл бөлмек. Елімізде мектептердегі үш пән- «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті» және «Географияны» биылдан бастап, тек қазақша оқытылады.
Жаңа оқу жылына – жаңаша қадам. Биыл әр өңірден отыз орта мектеп екшеліп, жаңа стандартқа көшеді. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде тың тәсілдерді, жаңа педагогикалық идеяларды батыл меңгерген Назарбаев зияткерлік мектептері.
Әрине, жаңа бағдарламаны жүзеге асыруда өзіндік қиындықтары болуы мүмкін. Бірақ, әзірге сынақ ретінде ұсынылып отыр. Жемісін беріп жатса, келер жылы жаппай жүйеге енеді. Сонымен, жаңа стандарттың жаңалығы- теориядан гөрі тәжірибеге басымдық берілмек.
Алмагүл Маханбетова, «Назарбаев зияткерлік мектебінің» қызметкері:
Бұл оқыту бағдарламасының ең маңызды мақсаты-бала алған білімін тәжірибеде қолданады. Жан-жақты өмірімен байланысты болады. Әртүрлі құбылыстармен, табиғи процестермен байланыста болады. Бақылайды, зерттейді, қорытынды жасайды.
Биылдан бастап физика, математика, химия, биология секілді іргелі ілімдердің кіріспесін біздің балдырғандар 1-ші сыныптан-ақ сіңіре бастамақ. Пән ортақ атаумен жаратылыстану, деп аталады. Дүниетану-пәні гуманитарлық бағытты қамтиды.
Жаңа бағдарлама біртіндеп енгізіледі. 1-сыныпқа 2016 жылы, 2-5 сыныптарға 2017 жылы, 2018 жылы 3 - 6 - 9 сыныптарға кезең кезеңімен кіргізіледі. Қысқасы, мектеп мазмұны толық жаңарады. ҰБТ ережесі де ептеп өзгереді.
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:
Бағалау жүйесі ол стандартқа байланысты болуы керек. Қазір министрлікте ҰБТ бойынша жұмыс жүргізілуде.Талқылаймыз. Қолдау тапса, сол өзгерістерді енгіземіз.
Еліміздің мектептері жаңа оқу жылына қаншалықты дайын? Саралап көрелік. Биыл 157 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Қазақстанда 7,5 мың орта білім беру орны есігін айқара ашады. Айта кетейік, биыл 250 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ, 10 мың орындық 40 балабақша жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Биыл мектеп жасына дейінгі дайындық сыныбына 760 мың бала қабылданады.
Индира Бегайдар, тілші:
Жаңа оқу жылында екі миллион алты жүз мыңнан астам оқушы білім алмақ. Олардың 336 мыңы - бірінші сынып табалдырығын енді аттайтын балдырғандар. Білім аламын деп құлшынып тұрған балаларға бағыт-бағдар сілтеп, санасына жарық құятын ұстаздар да, мына өздеріңіз көріп тұрғандай есігін айқара ашып сыныптар да әзір.
Оқулық мәселесіне келер болсақ,барлық мектеп оқулықпен қамтылған. 4,5,6 және 11 сынып оқулықтарына қажетті қаражат қазынадан яғни, 12,5 миллиард теңге бөлініп, түгел игерілді.
Биыл Байқоңыр қаласындағы қазақ мектептері еліміздің білім беру стандартына көшеді. Яғни, осыған дейін ресейлік бағдарламамен тәлім алған оқушылар енді өз мемлекетіміздің төл тарихын, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдебиетін, мәдениетін терең меңгереді.
Байқоңырда 6 қазақ мектебі бар. Соның ең іргелісі 1200 балаға лайықталған №277 білім ошағы. Мектеп 2013 жылы пайдалануға берілді. Қазір мұнда 800-ден астам бала білім алады.
Жұмакүл Тілеуқабылова, № 277 мектеп директоры:
Біздің қазақстандық стандартқа көшкендегі жетістігіміз - ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқытылуы, өзін-өзі тану пәнінің қосылуы бірінші сыныптан бастап, информатика пәнінің қосылуы бесінші сыныптан бастап.
Шығыс Қазақстандағы мектептер де жаңа оқу жылына дайын. Биыл Глубокое, Жарма, Күршім, және Үржар аудандарында жаңадан 13 мектеп ашылады. Ал облыс бойынша 674 мектеп бар. Өңірдегі оқушылар саны былтырғы жылмен салыстырғанда, 7 мыңға артқан.
Алдағы оқу маусымында мектепке облыс бойынша барлығы 176 мың оқушы барады. Ұстаздардың да қатары жас мамандармен толыққан. 500-ден аса мұғалім қызметке қабылданыпты.
Әсіресе, «Дипломмен - ауылға» бағдарламасымен ағарту ісіне араласқан жастар көп. Білім басқармасының мәліметі бойынша, қазіргі уақытта барлық мектептер оқулықтармен қамтамасыз етілген.
Айнұр Сұлтанова, облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Осы жылы кітаптармен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 602 миллион қаржы бөлінді. Әрине, 10 тамыз кезінде бізде біраз проблемалар болды. Екі ауданда оқулық жеткізілмеген болатын. Бүгінгі күнде барлық аудандарға оқулықтар жеткізілді. Ата-аналардың алаңдаушылығы жоқ.
Биыл Алматыда мектептерді оқулықпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард 999 миллион теңге бөлінген. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 500 миллион теңгеге артық. Қазір 20 баспамен арнайы келісім- шарт жасалған. Мектеп формалары мен оқу құралдарын қолжетімді бағада жеткізу үшін қаланың 8 ауданының 21 мектебінде жәрмеңкелер ұйымдастырылды.
Рахат Шимашева, Алматы қаласы Білім беру басқармасының басшысы:
Алматы қаласында Білім басқармасында арнайы штаб құрылды. Өткен жексенбіде, Білім басқармасы аудан оқу бөлімімен бірігіп, базарды, кітап дүкендерін барлығын аралап шықтық. Бүгінгі күнде, оқулыққа ешқандай артық ақша қойылған жоқ.
Елордада жаңа оқу жылында үш мектеп пайдалануға беріледі. Жалпы, биыл елордалық 17 мың бала бірінші сыныпқа барады. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 2000-оқушыға артық. Білімді елдің келешегі кемел. Елдің ертеңі еңселі бола түсуі үшін әрине, сапалы білім, одан кейін саналы тәрбие керек. Осы мақсатта міне, елімізде атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Ал оның нәтижесін уақыт көрсетеді.
Индира БЕГАЙДАР