Тамыздың соңғы күндері қазақ үшін қасиетті де, қасіретті... - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тамыздың соңғы күндері қазақ үшін қасиетті де, қасіретті...

30.08.2015
Тамыздың соңғы күндері қазақ үшін қасиетті де, қасіретті...

«...Ұлдарыңның қайда кеткен құрығы, қыздарыңның қайда кеткен бұрымы? Мейiрiмге зарықтырған заман-ай, Туған жердiң ылайланды тұнығы.

Қайран елiм, қайран жерiм қор болған, жомарттығы сор болған, жарылыстан көз ашпаған далам-ай...», деп келетін Ұлықбек Есдәулет жазған өлең жолдары бар, өңешті өксікке толтырар ән де бар.

Тамыздың соңғы күндері қазақ үшін қасиетті де, қасіретті. Тарихтан білесіз, 1949 жылы 29 тамызда алғаш рет қазақ даласында, Семей жерінде ядролық сынақ жасалды. Қырық жыл жүрген қырғында Жер-Ананың бауырын жырым-жырым жыртып, жұртты жылатқан полигон сынағы Елбасының Жарлығымен 1991 жылдың 28  тамызында жабылды.

Жыл сайын біз 29  тамыз -Тәуелсіз Қазақ елінің өз еркімен полигоннан бас тартқан күні, әлемге өзінің бейбітсүйгіштігін паш еткен күні ретінде атап өтеміз. Семей ядролық полигоны – аймақтағы бірінші әрі ірі полигон. Онда 40 жыл ішінде 468 сынақ жасалып, 600-ден аса ядролық және термоядролық құрылғы жарылды.

Олардың жалпы қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан 2,5 есе көп болды. Осы қасіретті тоқтатуға бастамашы болған «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов бұл күнді жаһан болып атап өтуді ұсынды.

Хиросима, Нагасаки, Семей, Невада... Қауқарын қару арқылы дәлелдегісі келген алпауыттардың сесі. Нәтижесі біреу-ақ, адамзат пен Жер-Ана мәңгілік дертке шалдықты. Тұра алмастай тұншықты. Қазақ сахарасы да 40 жыл сынақ алаңына айналды. Құрық ұстар ұлдар бейсана халге түсті, бұрымды қыздар жар, ана болу бақытынан айрылды. Семей, Павлодар, Қарағанды атырабындағы 18 500 шаршы шақырым аумаққа у тарады.

Өңірде адам естімеген аурулар пайда болды. Кемтар балалар көбейді. Сырқатты айтуға тыйым салынғандықтан, өлім 10 есеге артты.  Бұл қасіретті көрген қазақ зиялылары 1989 жылы антиядролық «Невада-Семей» қозғалысын ашып, ұйым сол жылы жоспарланған 18 жарылыстың 11-н тоқтатты. Кейін қазақ жерінде бірде-бір сынақ өткен жоқ. 1991 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Семей полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сол кездегі қабылданған шешімдер 1991 жылдың ядролық полигонды жауып, одан кейін ядролық қару-жарақтан бас тарту мәселесі Қазақстанға деген дүниежүзі қауымдастығының дұрыс көңілін қалыптастырып, біздің мемлекетімізге деген олардың  көзқарасы түзеліп, елге инвестиция тарту біздің мына индустриялық бағдарламамызды орындауға өте үлкен әсерін тигізеді.

24 жыл бұрын қабылданған бұл шешім өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Ядролық қарудан бас тарту арқылы Қазақстан өз имиджін қалыптастырды. Елге тартылып жатқан инвестиция да елдегі тыныштық пен бейбітшіліктің жемісі.

Өйткені, кез-келген инвестор қомақты қаржы салмас бұрын сол елдің өткенін зерделеп, бүгінін зерттейді, болашағын бағдарлайды. Қазақ елі -  ғасыр қасіретінен өз еркімен бас тартқан әлемдегі бірден-бір мемлекет.

Нығмет  Жотабаев, саясаттанушы:

Халықпен ақылдасып, халықтың айтқанын, уәдесін орындаған ол мемлекеттің басшысының үлкен ерекшелігі деп айтар едім. Сондықтан, содан бері біз атом қару-жарағынан айырылдық. Керегі жоқ, ол. Бізге керегі тек қана - бейбітшілік. Еліміз ары қарай өсу  керек. Халқымыз аман болуы керек.

Дихан Қамзабекұлы,  филология ғылымдарының докторы, профессор:

Бұл біздің беделімізді көрсетті. Елбасымыздың көреген саясатын айқындады. Мұның ар жағында трагедия бар. Ұлттың трагедиясы. Соны біз тарихи шындықпен айқындап алуымыз керек.

Семей ядролық полигонын жабу жөніндегі Президенттің Жарлығын әлем жұртшылығы зор ықыласпен қабыл алды.  Себебі, сол кезде ядролық полигоны бар екі-ақ ел болатын: Кеңес үкіметі мен АҚШ.

Тәуелсіздігін енді алған Қазақ мемлекетіне  әлемдік ақпарат құралдарының назары бірден ауды. Бірінші болып, ядролық қарудан бас тартқан мемлекет болғандықтан Қазақстанның әлем алдындағы мәртебесі көтерілді.

Олжас Сүлейменов, ақын, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының президенті:

Біз қазір әлем тұрғындары өз билігінің ядролық қарудан бас тартуын сұрауын қалаймыз. Өйткені, атомдық қарудың қауіптілігі соншалықты, онымен бүкіл адамзат бірігіп күресуі қажет. Сол үшін жастарды ұлттық, мемлекетшілдік идеологиямен қатар әлемді сүюге тәрбиелеуіміз керек.

Тарихшылар Семей полигонының жабылуын тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі ретінде бағалайды. Бұл қазақ үшін ғана емес, адамзат үшін жасалған басты шешім.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу