Төл теңгенің еркін айналымға түсуіне не себеп? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төл теңгенің еркін айналымға түсуіне не себеп?

23.08.2015
Төл теңгенің еркін айналымға түсуіне не себеп?

Теңгенің еркін айырбас бағамына көшуі жаһанды қос бүйірден қысқан дағдарыстың салдарын азайтады. Әлемдік қысылтаяң шақта жергілікті тауар өндірушілерге артылар жүк ауыр. Кәсіпкерлерімізге жаңа мүмкіндіктер беріледі.

Бәсекеге қабілетті тауар өндіреді. Ал, өнім өзімізден болған соң, тиісінше құны да қалта қақтырмайды. Қай кезде болмасын, ынтымағы жарасқан елдің ырысы да мол. Ендеше, әр саланың өкілдері «елдегі экономикалық өзгерістерге қамығу жөнсіз» деп санайды, пікірлерін де білдірді.

Төл теңгенің еркін айналымға түсуіне екі себеп бар. Бірі жаһандағы шикізат пен металл бағасының құлдырауы. Былтырғы маусыммен салыстырсақ, мұнай бағасы 2,5 есеге түсіп кеткен. Біздің бюджеттің 80 пайызы осы шикізатты сатудан түседі.

Енді есептеңіз. Осы себепті долларды қымбаттатып, теңгенің еркін айырбас бағамына көшуі тиімді. Тағы бір себеп – азуын айға білеген әлемнің 20 шақты алпауыт елдерінде валюталар құнсызданды.

Бауыржан Исабеков, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

Ресей мемлекеті кейінгі 6 айда, 10 күннің ішінде Қытай да өздерінің валюталарын экспорт бағытында жұмыс істейтін кәсіпорындардың мүддесін қорғау мақсатында осындай құнсыздандыруына алып барды.

Бәсекеде есе жіберіп жүрген кәсіпкерлер үшін еркін айналым еріккендік емес, бұл - теңгеге дем беру.  Өйткені, тауарларға баға өспес үшін осыған дейін Ұлттық банктегі қаржыны пайдаландық.

Ал, нарықты жасанды тежеуге болмайды. Кәсіпкерлерді қинайды. Сондықтан, 75 жылға жуық тарихы бар «Ақмола вагон жөндеу» зауытының ұжымы Елбасы бастамасын қолдап отыр. Енді жұмыссыздық болмайды, дейді. 

Зейнолла Шібкенов, «Ақмола жөндеу зауыты» АҚ директоры:

350 адам жұмыс істейді. Теміржолдың жүк таситын вагондарын жөндейміз. Біз қажетті бөлшектерді Украинадан, Чехословакиядан аламыз.  Жұмыскерлерді неге қысқартамыз? Жұмыскерлер жұмыс істеуі керек. Отбасылары бар, зауытқа сенеді.

Наздана Оразова, кәсіпкер:

Доллар көтерілді, деп дүрлігудің қажеті жоқ. Мысалы, біздегі халықтың көп тұтынатын өнімдері - отандық тауарлар. Оның 60 пайызы нан өнімдері. Жалпы, мен екі азық-түлік дүкенін жүргізіп отырмын. Мұнда ешқандай да бағаны көтеріп жатқан жоқпыз. Ең бастысы - халық үшін осы азық-түлік бағасының қымбаттамағаны қажет.

Жалпы, нарық екі түрден тұрады. Біреуі тұтыну нарығы, екіншісі өндіріске арналған тауарлар нарығы. Бізде тұтыну нарығы қалыптасқан. Нарықтың 85-87 пайызы шеттен келетін импорт құрайды.

Ал тауарлардың дені доллармен сатып алынады. Сондықтан, мамандар отандық экономиканы реттеуге күш салу керек, дейді. Негізгі басымдықты отандық өндіріске қойған ләзім. Осы арқылы төл валютаның құнын арттыруға болады.

Қамар Бекетова, экономика ғылымдарының кандидаты:

Елбасымыз жергілікті билік органдарына ең маңызды әлеуметтік салада, яғни, олар азық-түлік, күнделікті пайдаланатын салаға бағаны көтермеуді, соған байланысты іс-шаралар жасауға тапсырмалар беріп, арнайы штаб құрып, осындай жұмыс істеліп жатыр. Ол да болса халықты ойлағаны, көрегендігі деп есептеуіміз керек.

Бауыржан Исабеков, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

Кешегі Ұлттық банк пен Үкіметтің бірлескен мәлімдемесінде инфляциялық таргеттеуге көштік, деді. Ол деген сөз - біздің осы жылғы бюджетті қабылдаған уақытта макроэкономикалық көрсеткіштердің бір ретін инфляциялық көрсеткішті 6-8 пайыз, деп белгілеген болатынбыз.

Сол 6-8 пайыздың арасында қалуға мүмкіншілігіміз бар. Бүгінгі таңда 3,7 пайыз. Сондықтан, осы инфляцияны осы дәлізде ұстай білсек, онда бағаның өсуі соның ішінде халықтың тұтыну тауарларының бағасы осы инфляциялық көрсеткіштің арасында болады.

Тоқсаныншы жылдардан бері 4 дағдарысты еңсеріпті біздің ел. Бірлік пен берекенің жемісі. «Бұл жолғы сын сағатта да, ауызбіршілік керек, сонда сүрінбейміз»,- дейді зиялы қауым.

Еркін Әбіл, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Теңге бағамының өзгеруінің біз үшін тиімділігі – енді біздің өндірушілер өз өнімдерін Ресей нарығына шығара алады. Соның есебінен олардың жағдайы жақсарады. Ал, сол кәсіпорындарда жұмыс істейтін өзіміз. Сондықтан, бізде жұмыс та болады, ақша да болады. 

Шағангүл Жанаева, филология ғылымдарының кандидаты:

Тәуелсіздік алған жылдары біздің мемлекетіміз үшін өте ауыр болды. Еңбекақыны айлап ала алмаған кездеріміз болды. Жұмыссыздық басым еді. Бірақ сол қиындықтардан біз төзімділікпен, қажырлылықпен, қайраттылықпен өттік.

Нарық пен халық. Екеуі егіз ұғым. Нарықта қандай жағдай орын алса, халыққа әсер етеді, ал нарықты халықтың өзі қалыптастырады. Қарапайым азаматтар қысылтаяң уақытта Елбасымен біргеміз, дейді.

Марат Қабижанұлы, зейнеткер:

Президентіміздің өзі айтты, барлық кезде ауызбіршілік керек. Халықтың ынтымағы керек. Осындай жерде басқа шетелдерден келген, не басқа адамдардың айтқан сөзіне ермей, халықтың бірлігін, ынтымағын сақтау дұрыс, деп есептеймін.

Нұрболат Мешітбаев, қала тұрғыны:

Теңге бағамының өзгеруінен өз басым ешқандай зардап шегемін, деп ойламаймын. Қайта бұл бүгінгі күннің талабы, экономика тұрақтылығын сақтап қалудың ең тиімді жолы.

Негізінен, нарықтық экономиканың екі қағидасы болады. Алғашқысы - таңдау мүмкіншілігі. Екіншісі - үнемшілдік.  Бізге қазір қолда барды үнемдеу керек, ысырапшылдыққа жол бермеген абзал. Үнемділік – ырыс, ысырапшылық – шығыс.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу