Кедергісіз кеден қазақстандық нарыққа қалай әсер етеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кедергісіз кеден қазақстандық нарыққа қалай әсер етеді?

23.08.2015
Кедергісіз кеден  қазақстандық нарыққа қалай әсер етеді?

5 миллион халқы бар Қырғыз Республикасы Еуразиялық экономикалық одаққа толыққанды мүше болды. 12 тамызда қазақ пен қырғыз шекарасындағы кедендік бақылау алып тасталынды. Енді бұрыннан ауылы аралас, қойы қоралас жатқан айыр қалпақты ағайынмен ары-бері қатынас, тіптен жақындай түседі.

Қырғыз Республикасы Дүниежүзілік сауда ұйымына 1998 жылдан бері мүше. Импорттық кедендік салық бізге қарағанда төмен, әрі көршіміз жеңіл өнеркәсіпті өркендетіп отыр. Демек, саудагерлердің айы оңынан туады. Басқасын айтпағанда, бұл күнді арзан көлік іздегендер көп күтті.

Көлік демекші, мына ақпаратты айтпасқа болмас. Статистика агенттігінің 1 шілдеде берген мәліметі бойынша  елімізде 4 миллион 718 мың 062 көлік бар. Жыл басынан бері 700 мыңнан аса автокөлікке көбейіпті.

Әрине, еліміздің автонарығының жаңарғаны жақсы. Жол апаттары азаяды, экологияға да залал келмейді. Дегенмен, «қырғызға бардым, көлігімді алдым» деген сөз емес. Олардан арзан көлік әкелу үшін қазақтың Ішкі істер министрлігі бірқатар ереже бекітті. Ол қандай ереже?

Айнұр Омар, тілші:

Еуропа елдерімен салыстырғанымыз артық болар, бірақ, Қазақстанның автонарығында  ескі, тозығы жеткен көліктер өте көп. Тіпті  ТМД көлемінде де бұл жағынан мақтана алмаймыз.

Алайда, соңғы жылдары біздің автонарық біршама жаңарып қалды. Ресейден, қырғыздан бір тасысақ, отандық көлік шығарушылар да қарап қалмай түрлі шаралар қабылдады. Халық көліктің жаңасына, сапасына, әрине, бірінші бағасына қарайды.

Баға. Сапа. Қырғыз бен қазақ шекарасындағы кеден бақылауы алынғаннан бері баға түсер деген үмітпен автодиллер де, қарапайым азаматтар да сол жаққа мойын соза қараған. Ескісін сатып, көлігін тағы бір жаңалап алуға үміттенген.

Кедендік кедергі болмағанымен, Ішкі істер министрлігі бекіткен ережелер көптің үмітін үзді. Қырғыз территориясына 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін әкелінген көліктер ғана Еуразиялық экономикалық одақтың тауары болып саналады. Бізге еркін кіреді. Бұдан бөлек...

Әсет Оспанов, ҚР ІІМ әкімшілік комитеті бөлім бастығы:

Алдымен, блокқа қарсы қою жүйесі, міне АБС деген белгісі. Екіншіден, фронталдық қауіпсіздік деңгейі сияқты белгілер болу керек.  Осындай белгілер автокөліктерде «Иззофикс» балалар отырғыштары бар екенін көрсетеді. Сонымен қатар, көліктер төртінші экологиялық топқа жатуы қажет. Осындай талаптар қойылады.

Жаңа көліктің барлығы дерлік бұл талапқа сай. Бірақ, ешкім қыр асып, қырғызға барғанда ескі көлік алып қайтпасы анық. Су тегін болмаса да кедергісіз кеден  қазақстандық нарыққа қалай әсер етеді?

Сұңқар Жұртбай, «Колесо-Астаны» газетінің директоры:

Қырғыз мемлекетімен шекара ашылғаны нарыққа айтарлықтай әсер етпейді. Әсер еткеннің өзінде ол әсер 5-10 пайыздан аспайды. Және ол әсері уақытша болады. Көбінесе, мына қырғызбен шекаралас облыстарда болуы мүмкін. Ол әсер Алматы облысы, Жамбыл облысы, ал толығымен Қазақстанға әсерін тигізбейді.

Сұңқар Жұртбай автонарықты бес саусағындай біледі. Айтуынша, халық шама-шарқынша ескі көліктен арылғысы келеді. Жылы ескі болса да сенімді, әрі қосалқы бөлшектері тез табылатын «Тайоталарға» сұраныс жақсы.

Ал, несиеге кірсем де жаңасына отырамын, дейтіндер «Хюндай акценттерді» алып жатыр. Мүлде ескі көліктер ауылдағы ағайынға «аттанған».

Сұңқар Жұртбай, «Колесо-Астаны» газетінің директоры:

Былтыр жыл соңында Ресей рублінің бағамы долларға шаққанда күрт төмендеуіне байланысты әрине, Ресейден көлік алған тиімді болады. Қазақстанның халқы түгелдей Ресейден көлік алды. Сондықтан, өзіміздің автосалондарда сұраныс өте төмендеді. Тауарлары біраз тұрып қалды.

Халық қалтасына қарайды, бұйырғанын алады. Бірақ, алыстан арбалап жүргенде отандық көлік құрастырушылар қиын жағдайды бастан өткерді. Сұраныс азайған соң арзан несие арқылы тығырықтан шығып бақты.

Отандық автоөндірісті қолдау үшін 4 пайыздық несиемен көлік бергені де есімізде. Бірақ, халыққа «тегін» көрінгендей бұл акция бірнеше күн ішінде бітіп те қалды. Небәрі 17 миллионға толар-толмас халық. Оның жартысынан көбі зейнеткер мен кәмелетке толмағандар.

Ресей арзан десе сонда ағыламыз, қырғыз кедені ашылса, онда жүгіреміз. Сонда да көліктің жетер түрі жоқ. Статистика бойынша Алматының 1000 тұрғынына 345 көліктен келеді екен.

Андрей Лаврентьев, Қазақстандық автобизнес қауымдастығының президенті:

Біздің сараптама бойынша соңғы 8 айда Қазақстанға шеттен 150 мың көлік әкелінген. Өкінішке қарай, оның көбі ескі. Жыл басынан бері отандық автоөнеркәсіп те табысты жұмыс істеді. 62 мың су жаңа көлік сатылды.

Осыған дейін автоөндірісті қолдауға 20 миллиард теңге жұмсалса, осы жолы да жұмыс орындарын сақтап, өндірісті кеңейтуге 10 миллиард теңге бөлінді. Мұның барлығы отандық автонарықты жаңалау жолында жасалып жатқан қадам.

Андрей Лаврентьев, Қазақстандық автобизнес қауымдастығының президенті:

Біздегі көліктердің көбі 18 жылдан жоғары. 40 пайызы 20 жылдан аса тебілген. Бұл өте нашар көрсеткіш. Осының салдарынан көлік апаттары да, өлім-жітім де көп. Экологиялық зардаптары және бар. Соңғы 4 жылда 500 мыңға жуық автокөлік жаңартылыпты. Мұндай қарқынмен 4-5 жылда Ресейді, 8-10 жылда Еуропа елдерін қуып жетеміз.

Көлік саудасы осы қарқынмен жүре берсе, қуып жетпек түгілі көп елді басып озамыз. Бірақ, Ресей рублінің бағасы өскен соң ол жақтан да тасушылар азайды. Көбі қырғызбен арадағы кеден кедергісі алынғанда алақанын ысқылаған еді. Ойланып қалды...

Қырғызстан азаматының атына тіркелген көлік қойылған талаптарға сай болмаса, Еуразиялық  экономикалық одақ аумағында жүруге тіпті уақытша пайдалануға тыйым салынған. Ал, ел экономикасындағы соңғы өзгерістер  көлік бағасына көп әсер етпеген.

Жексенбі базар барғандар көлік құнын доллар емес, теңгемен сатылып жатқанын айтты.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу