Сонымен, Қырым үшін қырқыстың түбі осындай тығырыққа тіреді. Көрші Ресей жаһанның азулыларын өзіне жау қылды, қаптаған санкциялардың құрсауында қалды. Одан мұнай бағасы құлдырады. Рубль құнсызданды. Қоңсылас Қытай юанінің де қәлі қиын. Долбарымызша, дағдарыстың жойқын дауылы тағы күшіне мініп, жаһан экономикасын есеңгіретіп тастау қаупі бар.
Осы аптаның басты жаңалығы – Қазақтың Үкіметі мен Ұлттық банкі теңгемізді еркіне жіберді. Басқа амал-айла жоқ. Күрделі кезең – экономикамызды қос бүйірден қысқалы тұр. Теңге туралы сәл кейін, қазір жалпы экономикалық ахуалға тоқталық.
Жоғарыдағылардың есебіне қарағанда, биылғы бюджеттің кірісі 22 пайызға аз. «Қара алтын» бағасының арзандауынан қомақты қаражат ел қазынасына түспей қалды. Сауда көлемі де өндірістің қай саласында болмасын, мардымсыз. Сондықтан, биыл шығыстарды тағы да ықшамдауға тура келеді. Себебі, бұл дағдарыс экономиканың барлық жетекші саласын сансыратқалы тұр.
Билік қамсыз емес әрине, қиындықты еңсерудің жолын іздеуге кірісті. Осы сәрсенбіде Мемлекет басшысы экономикалық саясаттың жүйелі шаралы жөнінде кеңес өткізді. Үкімет мүшелерінің есебі көңіл көншітпеді. Өткен 7 айда ішкі жалпы өнім көлемі бір жарым пайызға құлдыраған.
Рубль девальвациясы отандық азық-түлік өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге оңайға соқпады. Түсті және қара металлургияда да кіріс аз. Төмен баға әлі бес жыл бойы сақталады, дейді жаһандық сарапшылар, кім білсін?!
Ал, инвестиция дамушы елдерден «қаша» бастайды. Сондықтан, кейбір кәсіпорындардың көп ұзамай банкрот болуы да ғажап емес. Елбасының айтуынша, негізгі серіктестеріміз Ресей мен Қытай тарапынан сұраныстың азаюынан қазақтың өнімдерін өткізу нарығының аясы тарыла түскен.
Президент жаңа экономикалық жағдайды ескеріп, мұнай баррелінің 30-40 доллар деңгейіндегі бағасына бейімделу қажеттігін де атап өтті. Қысқасы, мәжбүрлі шара көп. Соны бірі - түрлі бастамаларға 2018 жылға дейін мораторий жариялау ұсынылды. Тағы бір міндет - республикалық бюджет тапшылығын 2018 жылға 1 пайызға төмендетті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әлемдегі экономиканың ахуалы өте нашар. Барлық бағалар төмендеді. Мұнай бағасы 115 доллардан 50-ге төмендеді. Барлық Қазақстан сататын металл бағасы 30 пайызға төмендеді. Темір, мыс, қорғасын, хром барлығы.
Онымен қоймай сыртқа сататын көрші Ресей, Қытайдың қабілеті төмендеп біздің нарық қысқарды. Мұндай жағдайда бюджеттің ауқымы жарты триллион теңгеге азайды. Сондықтан, былтырғы есебіміз, 70-90 доллар деп санағанымыз биыл орындалмады.
Іс насырға шаппасы үшін Мемлекеттің басшысы Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынын өткізді, осы аптада. Кеңес мүшелеріне «сыртқы нарықтағы процестерді, болуы мүмкін қауіптерді мұқият бақылауды және алдын алуды» тапсырған.
Президент әлеуметтік-экономикалық даму, тұғырлы бес реформа мен «Нұрлы Жол» бағдарламасын жаһандағы және ел ішіндегі жағдайды талдап барып, іске асыру қажетін айтқан.
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ