«Талибанның» шабуылдары жиілеп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Талибанның» шабуылдары жиілеп барады

28.06.2015
«Талибанның» шабуылдары жиілеп барады

Исламның атын жамылып, Ирак пен Сирияның ойранын шығарған ИГИЛ-дің баскесерлері қанға тоймай тұр. Жұма күні олар «араб көктемінен» кейін демократиялық жолға түскен жалғыз ғана ел – Тунисті жылатты. Рамазанда. Ал, айтыңызшы, қасиетті айда адамдарды айуандықпен өлтіретін қандай Ислам мемлекеті олар?

Содырлардың Сус курортында жаудырған оқтан 39 адам қаза тапты. Тек, Тунис қана жапа шеккен жоқ. Атыс-жарылыстардан Кувейт елінде 27, Сирияда 150, Сомалиде, 30, Францияда 1 адам опат болды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тунис және Кувейт басшыларына террорлық оқиғаларға байланысты көңіл айтты. Ал, Украина үшін бет шайысқан Путин мен Обама телефон арқылы сөйлесіп, өздерінің бас дипломаттары Лавров пен Керриге «ИЛИМ» баскесерлерімен күрес жолдарын талқылауға тапсырма берді.

Осынау «қара тулы» қарулы топ кейінгі кездері Ауғанстанды да мазалай бастады. Онсызда бұл елде Батыс әскерінің басым бөлігі кеткелі «Талибанның» шабуылдары қайта жиілеп барады. Қысқасы, бір экстремистік топқа екіншісі қосылды. Орталық Азия үшін осылардың қайсысы қауіптірек?

«Ислам мемлекетінің» Ауғанстан мен Пәкістандағы тарихы биыл қаңтардың 26-да басталды. Сол күні бұл қарулы топ «Хорасан» деген провинция құрғанын жариялап, өз қатарына «Талибан» қозғалысынан түңілген бұрынғы дала командирлерін қабылдады. Хорасанға Ауғанстан мен Пәкістан ғана емес, Тәжікстан, Түрікменстан, Иран және Өзбекстанның да кейбір территориялары кіреді.

Тәліптер неліктен «Ислам мемлекетіне» кете бастады? Оның көп себептерінің бірі - «Талибан» 2001 жылдан бері Ауғанстанда билікті қолына алмақ түгіл, жер аумағын да кеңіте алмады. «Ислам мемлекеті» болса, қысқа мерзімде Ирак пен Сирияның  айтарлықтай бөлігінде «Халифат» құрып үлгерді.

Алайда,  «Талибан» бірқатар командирлерінен айрылса да, Ауғанстанды «Ислам мемлекетіне» қолдан бермек емес. Тәліптердің  осы айдың ортасында «Ислам мемлекетінің» лидеріне жіберген хатынан ұққанымыз осы.

«Егер кімде-кім біздің жерде өзге бір жиһадшыл билік орнатуға күш салса, оның соңы тайталас пен қантөгіске ұласады. Яғни, «Ислам мемлекеті» Ауғанстан істеріне араласатын болса,  «Ислам әмірлігі» әрекет етуге мәжбүр болады. Америкалық басқыншылар мен олардың Ауғанстандағы құлдарына қарсы жиһад бір тудың, бір биліктің аясында жүргізілуі керек».

Бұл жерде «Ислам әмірлігі» деген «Талибанның» ресми атауы. Бірақ, Кабулдегі үкімет пен Құрама Штаттар өкілдерінің сөзіне сенсек,  Ауғанстанға «Ислам мемлекетінен» материалдық көмек көп барып жатқан жоқ.

Ең қауіптісі – идеологиялық жаулау. Өйткені, ауған халқының басым бөлігі - жастар мен жұмыссыздар. Оларды радикалдық идеяларға еліту аса күрделі шаруа емес. Десек те, Таяу Шығыс мемлекеттеріндегі соғысқа кеткен ауғандардың саны қазақтардан да аз.

Есесіне, «Ислам мемлекетін» қолдайтындардың  белсенділігі Ауғанстанның өз ішінде артып отыр. Бірнеше апта бұрын ғана олар осы елдің шығысындағы Нангахар провинциясына шабуыл жасап, тәліптермен шайқаста  Кот деген округті басып алды. Қазір де кейбір аудандарда қақтығыс жалғасып жатыр. Соның салдарынан мыңдаған адам үйлерін тастап кеткен.

Сирия мен Иракты ойрандаған экстремистердің Ауғанстанға жетуі осы аптада Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде де айтылды.

Николас Хэйсом, БҰҰ-ның Ауғанстандағы көмек миссиясының жетекшісі:

Алаңдататын бір жайт – қазір ИЛИМ немесе Даеш қарулы тобы Ауғанстанға орнығудың жолын іздеп жатыр. Бұл ортақ қауіп үлкен аймақтық ынтымақтастықты қажет етеді.

«Талибан» да, «Ислам мемлекеті» де жаулап алған жерлеріне шариғат заңдарын енгізіп, діни мемлекет құруды көздейді. Екеуі де сүнниттік қарулы қозғалыс. Алайда, тәліптер ұлттық мәдениетті, ұлттық мемлекетті мойындаса, «Ислам мемлекеті» бұл екеуін де теріске шығарып келеді.

Кейбір зерттеушілердің пікірінше, осы айырмашылықтардың өзі ИЛИМ-нің Ауғанстанда таяу арада үлкен күшке айналуына жол бермейді. Оның үстіне бұл екі топты билікке оңай жібермейтін тағы бір күш бар. Ол – бүгінде сарбаздарының саны 350 мыңға жеткен, НАТО мен Пентагоннан қару ғана емес, тәлім алған – ауған армиясы.

Захир Танин, Ауғанстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

Алғаш рет Ауғанстан армиясы биыл қорғаныстан шабуылға көше бастады. Оның қарым-қабілеті, әлеуеті, ептілігі артып отыр. Жауынгерлеріміз дұшпандардың Ауғанстанды хаос пен тәртіпсіздікке ұрындыруына жол бермейтінін жақсы дәлелдеп жүр.

Мұндай мәлімдемелерге сенетін болсақ, «Ислам мемлекетінің» Ауғанстанды бүгін-ертең алуы екіталай. Алайда, кейінгі кездері Сирияға аттанған ортаазиялықтар көбейіп келеді.

Лондондағы Халықаралық кризис орталығының мәліметіне жүгінсек, олардың саны 4 мыңға жуықтап қалды: 2014 жылдың қазан айынан бері Араб Республикасындағы соғысқа Өзбекстаннан - 500, Түрікменстаннан - 350, Қазақстаннан - 250, Қырғыз Республикасы мен Тәжікстаннан - 100, Ауғанстаннан - 50 адам кеткен.

Солардың қатарында Тәжікстан ОМОН-нының бұрынғы жетекшісі Гүлмурод Халимов та бар. Сәуірде жоғалып кеткен 40 жастағы полковник өткен айдың соңында Сириядан табылып, Ресейге жиһад жариялады.

Қазір бұл азаматтардың  Таяу Шығысқа мыңдап кеткені ғана емес, күндердің-күнінде еліне оралып, «Ислам мемлекетінің» аумағын кеңейтуге күш салуы мүмкін екені де қауіп болып тұр.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу