Ел түлектері алтын ұя мектептерімен қоштасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел түлектері алтын ұя мектептерімен қоштасты

21.06.2015
Ел түлектері алтын ұя мектептерімен қоштасты

Аттандық сапарға, көңілде мол арман! Осы апта ел түлектері қолдарына аттестаттарын алып, алтын ұя мектептерімен қоштасты. Биыл 124 мың 346 оқушы бала шақтан болашаққа қадам басты. 79 мың оқушы ҰБТ-ға қатысты. «Алтын белгіге» үміткер 4 397 оқушының 44 пайызы білімдерін ақтады. 5 түлек 125 балл жинады.

Бұл күнді балалармен бірге ата-аналар да асыға күтті. Инемен құдық қазғандай 11 жылдық оқу бір жапырақ қағаз аттестат болып оқушылардың қолына табысталды. Ал кейбір түлек үшін бұл 11 жылдың маңызы одан зор. Өйткені еңбек ақталып, кілең бестік бағалар «Алтын белгі» болып кеуделеріне қадалды.

Соңғы жылдары «Алтын белгі» иегерлеріне ерекше құрмет көрсетіледі. Облыс әкімдерінің өздері құттықтап, орталық алаңдарда салтанатты кештер өткізу дәстүрге айналған. Білімді балаға, алтын алған «алтын» балаларға қандай құрмет  те лайық. Мұндай әсерлі, әдемі кеш Астанада да өтті.

Әдетте, у-шу болып жататын мектеп іші бүгін тып-тыныш. Бүгін оқушылар да әдеттен тыс сыпайы, мұғалімдер де мейірімді. Түлектер мектеп қабырғасында оқушы ретіндегі соңғы күндерін өткізді. Акт залы хош иіс гүлдерге толған. Бойжеткен біткен сұлуланып, бозбалаға батылдық біткен. Енді санаулы сәтте қолдарына аттестат тиіп, мектеп өмірімен қоштасады.

Бұл күнді оқушы, ата-ана, ұстаздар асыға күтті. Барлығы үшін сын сағат болған Ұлттық бірыңғай тест те артта қалды.  Астанадағы №66 мектептің нәтижесі жаман емес.

«Алтын белгі» иегерлері сенімді ақтады. Қуаныштан жүзі бал-бұл жанған балалардың ішінде «Алтын белгі» иегері Айым Сарқытбек те бар. Ұлттық бірыңғай тесттен 118 балл алды. Ендігі арманы – журналист болу.

Ресми шара аяқталды. Қуанған, толқыған балалар  бірін-бірі құттықтап жатыр. Баланың мәртебесі ата-ананы көкке көтереді. Бұл күнді Айымның анасы да көп күткен.

Зәмеш Кеңесқызы, Астана қаласының тұрғыны:

Менің бір көңілге түйіп қуанатыным - баламыз біздің абыройымызды асқақтатып жатқаны. Бұл – бір жағынан, тәуелсіз елімізде, мемлекетімізде осындай жағдай жасалып, балаларымыз терезесі тең  елдермен таласып, жоғары деңгейде білім алып жатқаны - сол ерекше шексіз қуаныш сыйлайды бізге.

Айым бұл көңілді топтан оқшаулана берді. Өз партасына тағы бір отырып, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» класына келді.

Айым Сарқытбек, Астана қалалық №66 мектеп-лицейінің түлегі, «Алтын белгі» иегері:

Бұл орындық, бұл парта, бұл кабинет  маған өте ыстық. Себебі, біз осы жерде білім алып, мұғалімдермен, сыныптастармен өте көп көңілді сәттерімізді өткізгенбіз.

Әрине, қимастық сезім, толқу да, қуаныш та бар. Тақтаға шық деген кезде, жүрегіміз дүрсілдеп, қорқып шығатынбыз. Мұғалімдер сұрақ қоятын, есеп  шығаратынбыз, қазақ тілінен ереже жазатынбыз. Соның бәрін өткіздік.

Жыл  бойы  кітап-дәптерден белі қайысқан партада бүгін аттестат пен мақтау қағаздары ғана тұр. Біле-білгенге бұл бір жапырақ қағаздың құны қымбат. Енді бірер сағаттан соң қала әкімінің қолынан «Алтын белгісін»  алады.

Әдетте, «Қазақ елі» алаңында елге танымал жұлдыздар жүреді. Бүгін, бір сәт оқушылар өзін жұлдыз сезінді. Суретке түсті, биледі, қызыл кілеммен жүріп сахнаға шықты.  Жүректе жалын, көзде от, көңіл алып-ұшып тұрған сәт.

Айнұр Омар, тілші:

«Жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс». Бүгінгі түлектерге қарап дана Абайдың осы сөзі еріксіз ойға оралады. Албырт жастық, алға жетелеген аппақ армандар. Бүгін алаңға жиналған түлектер қандай марапатқа болса да лайық. Өйткені, 11 жыл бойы төккен тер бүгін «Алтын белгі» болып өңірлеріне қадалады. 

Міне, сол «Алтын белгілер». Шараны ұйымдастырушылар рет-ретімен қойып жатыр.

Эльмира Суханбердиева, Астана қалалық Білім басқармасының басшысы:

Жалпы алтыннан жасаған, пробасын арнайы Қазақстанда «Монетный Двор» жасайды. Кәдімгідей алтыннан жасалған. Балалардың ата-ана, ұстаздардың үлкен жұмысы деп ойлаймын. Астана қаласы осы оқу жылы бірінші орынға ие болды. Оған біз өте қуаныштымыз.

Бұл төсбелгі қанша балаға арман болды, қаншасы осыған жете алмады. Ал, қолы жеткендері өмірдің биік белесіне шыққандай әсерде. Бір асу бір асудан биік. Өмірімнің ең маңызды сәті осы шығар деп ойлаған еді, тест тапсырарда.

Енді тағы бір асу күтіп тұр, ол дұрыс мамандық таңдау. Биыл республика бойынша 5 бала Ұлттық бірыңғай тестіден 125 балл алып, ең жоғары межені бағындырды. Соның – бірі Риана Мұстафина.

Риана Мұстафина, Астана қалалық №59 мектеп-лицейінің түлегі, «Алтын белгі» иегері:

Негізі мен 120-123 балл аламын, деп ойлаған едім. Бірақ, 125 балл алғанымды көргенде өте қатты қуандым. Анам қуаныштан жылап жіберді. Әпкелерім де жылады. Мен медициналық оқу орнына барғым келеді. Өзімнің арманым хирург болу.

Салтанатты кешке «Алтын белгіні» ақтаған 112 түлек пен оларға тілеулес болған ұстаздары достары да қатысты.

Жанат Молдабекова, Астана қалалық №59 мектеп-лицейінің ұстазы:

Балаларымызды әрине қимаймыз, біздер үшін олар өте қымбат. Бірақ, өмірдің заңы. Өйткені, бұлар мектепті бітіргенгнен кейін белгілі бір мамандық иесі болу керек.

Әрине, бұлардың қазіргі жағдайы мен біздің жағдайымызды салыстыруға болады. Бұлар үшін жағдай өте жақсы жасалған. Егер білетін бала болса оқып, қалаған оқу орнының есігі бұлар үшін айқара ашық.

Астана ғана емес, бұл күні барлық өңірдегі түлектер марапатталды. Көтеріңкі көңіл, жарқын жүз. Өйткені, барлық оқушыны облыс, қаланың бірінші басшылары арнайы құттықтады. Кей облыстарда жыл бойы жақсы көрсеткіш көрсеткен оқушыларға арнайы сыйлықтар да тапсырылды. Ал, сыйлықтың төресі-олардың өңіріне тағылған «Алтын белгі» болды.

Барлық құрмет, барлық сый бүгін осы қызғалдақтай құлпырған қыз-жігіттерге. Олар бүгінгі кешті ұмытылмастай өткізгісі келеді. Әр сәтті қалт жібермей жан-жақтан түсірген камера, фотоаппараттар, олар үшін шырқалған әндер-бүгінгі түлектің расында да бақытты екенін тағы бір дәлелдеді.

Айнұр Омар, тілші:

Тай құлындай тебісіп бірге өскен сыныптастар бүгін бірін-бірі қимай жүр. Мектеп бітіру кешінің ең әсерлі кезеңі-осы  мектеп бітіру вальсі. Қазір бірге билейік.

Құшақтар айқасып, көңіл үмітке, жүрек арманға толған ең әдемі сәт. «Алтын белгісін» мақтанышпен жарқырата ұстаған Айым да ата-анасына қарай асықты. Жастар не кисе де, не істесе де жарасымды. Әдемі вальс енді ойнақы әнге ұласқан. Топ-топ болып әнге басып, бидің көрігін қыздырған жастар.

Бұл түні оларға ұйқы жоқ. Салтанатты шарадан соң мейрамхана, одан кейін әрине, бірігіп таңды қарсы алады. Бұл енді классика болған үлгі. Арайлаған ақ таңда олар бір-бірімізді ешқашан ұмытпаймыз деп уәде береді.

Бес жылдық, он жылдықта кездесеміз, деп жарыса айтар. Олар көңілдегі мол арманмен сапарға аттанды,  олар алдан ақ жол тосарына кәміл сенеді.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу