Гүлшара Наушақызы, алдымен «Apta.kz» бағдарламасына арнайы сұхбат беру жөніндегі өтінішімізді қабылдағаныңызға рақмет айтамыз. Осы аптаның сүбелі һәм салмақты жаңалығы - елордада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V құрылтайы. Қазіргідей жаһанда діни қақтығыстар көбейіп, ушығып тұрған кезеңде осы конфессиялық келісімді нығайтудағы бұл форумның мән-маңызы қандай болмақ?
- Әрине, бұл істердің маңызы зор. 2003 жылы басталған бұл съезд бесінші рет өткізіліп отыр. Бұл съезге 42 елден әртүрлі дін ұстанатын 80-нен астам өкіл қатысып, пікірлерін білдірді.
Осы съезде Елбасы қазіргі кезде лаңкестік, экстремизм, әртүрлі террористік актілерді ақтау үшін исламды пайдалану дұрыс емес, ол - күпірлік деп атап өтті.
Сондықтан ислам мейірімділікке, шапағатқа, бейбітшілікке, тек жақсы істерге шақыратынын барлық діндер өкілдері атап өтіп, исламды қазіргі кезде жаңаша бағытта азаматтарға жеткізу туралы айтылды.
Сонымен қатар, Елбасы тағы да барлық дін өкілдеріне осы қазіргі жағдайды жеткізе отыра, үндеу жасап, келесі 2018 жылы кездесетінін, келесі съезді асыға күтетінін айтты.
Соған байланысты барлық съезге қатысқан дін өкілдер телевизия арқылы, баспасөз арқылы өз елдеріне съезде болған жаңалықтарды, айтылып жатқан ұстанымдарды жеткізді. Келген өкілдер өз елдеріне барып, осы жөнінде, тағы да біраз жұмыс істейтіндерін жеткізді.
Руханият тақырыбын одан әрі өрбітер болсақ, сіздің Мемлекеттік хатшы ретінде еліміздің рухани-мәдени, әлеуметтік-гуманитарлық салаларды үйлестіруде атқарып жатқан істеріңіз халықтың көз алдында. Әсіресе Мемлекет басшысының шешіміне орай, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы, Ата Заңымыздың 20 жылдығы, сондай-ақ, Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Жеңістің 70 жылдығын елдік деңгейде мерекелеу шаралары өзіңіздің жетекшілігіңізбен үйлестірілуде. Бұл мерейтойлардың халыққа, жалпыұлттық құндылықтарды сіңірудегі рөлі қандай?
- Биыл ерекше жыл. 2015 жылы біраз мерейтойлар бар. Бұл даңғаза бір той жасау деген сөз емес, елдің игілігіне өтетін іс-шаралар. Біз бір жылдық арнайы кесте жасадық. Қазақ хандығының 550 жылдығы - біздің терең тарихымызды білдіреді.
Сондықтан қазіргі кезде барлық оқу орындарында, театрларымызда, өнер, мәдени орындарымызда осы мәселеге үлкен көңіл бөлінуде. Тарихымызды білмей, әрине, болашаққа жол бастау мүмкін емес. Сондықтан басты іс-шаралар қыркүйек айында Тараз қаласында және Астана қаласында өтеді.
Сондай-ақ, Ассамблея жылы бүкіл жыл бойы аталып өтіледі. Мысалы, жылды Елбасы ардагерлерді құттықтаудан бастаса, ары қарай Ассамблея мүшелерінің де, бүкіл халық болып ардагерлерді құрметтеу рәсімдері жүргізілуде. Күн сайын қарап отырсыздар, телевизия, баспада, ардагерлеріміз, аталмай кеткен бұрынғы тарих тағы да көтеріліп, соғыс кезіндегі батырларымыздың ерлігі күнделікті айтылуда.
«Жиырма қадам» деген іс-шаралар бар, ізгі істер бар. Жылдың соңында үлкен форуммен аяқталады деп отырмыз.
Ал, Конституция күнін айтатын болсақ, оның ең үлкен іс-шаралары тамыз айында халықаралық конференцияға ұласпақ. Одан кейін Жеңістің 70 жылдығы.
Тек қана осы бір күн Жеңіс күні ғана ардагерлерді құрметтеп өтпей, жыл бойына марапаттау жалғасады. Оның ішінде, біз батыр қыздарға байланысты іс-шараларды жүргізудеміз. Соғыс кезінде халыққа әлі белгісіз батыр қыздарымыз көп екен. Солар туралы да деректер анықталуда.
Бұл барлық іс-шаралар, біріншіден, Жеңіске байланысты іс-шаралар патриотизмге; Конституцияға байланысты іс-шаралар біздің еліміздің тұрақтылығын, заңға бағынышты екенін әрі қарай осыған байланысты дамитынын көрсетеді. Ассамблея бірлік пен достыққа шақырады. Сондықтан осындай әр іс-шаралардың өзінің белгілі бір миссиясы, бағыты бар.
Гүлшара Наушақызы, бұл мерейтойлар ең әуелі халықтың санасына мемлекеттік құндылықтарды сіңіруге ықпал ету тиіс деп атап өттіңіз. Қазіргі таңда біздің мемлекет «Мәңгілік ел» құру жолында жер жаһандағы ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жөніндегі өршіл мақсат қойып отыр. Яғни, отандастарымызға мемлекеттік сананы қалыптастыруда осы Елбасы ұсынған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының ықпалы қандай болмақ?
- Әрине, «Мәңгілік ел» идеясының басты ұстанымдары - біздің егемендігімізді одан әрі нығайту. Болашақта берекелі, еркін ел құру. Сондықтан қазіргі кезде Президенттің осы идеясы маңында барлығымыз шоғырланып, осы идеяны алға қарай жүзеге асыруымыз қажет.
«Мәңгілік ел» идеясы сонау VIII ғасырда өмір сүрген, 2-ші Шығыс түркі қағанатының басшысы болған Тоныкөк:
«Түнде ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым.
Төрт бұрыштағы халықты бейбіт еттім» деп айтқандай, қазір Елбасының айтып жатқан «Мәңгілік ел» идеясының мәнін ашады.
Сондықтан басты мақсатымыз - 30 дамыған елдің қатарына жету үшін 2050 жылға дейін Елбасының белгілеп берген стратегиясын орындау үшін жаңа «100 қадам» жасалды. «5 институционалдық реформа» айтылды. Соны барлығын бірігіп жүзеге асыруымыз тиіс.
Алдағы айда елдіктің тағы бір үлкен мерекесі - Астана күнін атап өтеміз. Қазақстан Президентінің мына еліміздің бел ортасындағы берекелі мекенге Астананы салдыруы - бұл тарихи ерлік екені ақиқат. Сіз жоғары лауазым иесі ретінде емес, Астана қаласының тұрғаны ретінде елорданың бүгінгі өсіп-өркендеуіне қандай баға берер едіңіз?
- Астана қаласы туралы айтатын болсақ, 1994 жылы Елбасы Жоғарғы кеңеске келген болатын. Ол кезде мен сол Жоғарғы кеңесте консультант болып жұмыс істегенмін. Елбасы депутаттар алдында сөйлегенін өз көзіммен көріп, естідім.
Бұл үлкен тарихи оқиғаға қатысқаныма бақыттымын. Осы кездесу кезінде қарсыластар көп болды. Бірақ Елбасы барлық жағынан жақсы аргументтерді айтты.
Қазір көріп отырсыздар, қанша жұмыс орындары құрылуда. Сонымен қатар, барлық жағынан Астананың қажеттілігі сол кезде дәлелденді. Қазір Астананың, біріншіден, халқының саны өсті, білім-ғылым ордасына айналды. Үлкен халықаралық стандарттағы университет - Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектебі салынуда. «Балапан» бағдарламасы бойынша қаншама балабақшалар ашылды?!
Ал, негізі Астананың демографикалық жағдайы өте жақсы. Жылына 25000-ға жуық бала туылып жатыр. 1-сыныпқа баратындар саны, мысалы, бұрын 4 сыныптан аспайтын болса, қазір 10-15 сыныпқа дейін жетуде.
Астана - жас қала. Халықтың ұнатып келіп жатқан қаласы екенін білдіреді. Қайда барсақ та, іс-сапарға барсақ та, демалысқа барсақ та осы Астанаға тұрғыны ретінде асығамыз. Қазір бауыр басқан сүйікті қаламыз.
Александр Македонскийдің әкесі кезінде: «Афинаға көңіл бөл, Афина - ел емес, Афина - қала емес, Афина – идея» деп айтыпты. Осы сөз Астанаға тікелей айтылғандай. Бұл - Елбасының идеясы. Ал, идеядан әрі қарай көптеген мәселелер шешіледі.
Құрметті Гүлшара Наушақызы, «Apta.kz» саяси сараптамалық бағдарламасына берген салмақты сұхбатыңыз үшін рахмет айтамыз.
- Сіздерге де рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін!