ҰБТ: Биыл 51 370 заң бұзушылық тіркелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҰБТ: Биыл 51 370 заң бұзушылық тіркелді

14.06.2015
ҰБТ: Биыл  51 370 заң бұзушылық тіркелді

Түркияда депутаттардың түн ұйқыларын төрт бөлген парламенттік сайлау қорытындыланса, бізде оқушы, мұғалім, ата-аналарды сарсаңға салған Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. А.Сәрінжіпов басқаратын Білім және ғылым министрлігі биылғы нәтижені жариялап та үлгерді.

Биыл 124 346 түлек алтын ұямен қоштасты. Оның 88 мыңдайы, яғни 71 пайызы емтихан тапсырамын деп өтініш білдірген. Бірақ олардың шамамен 5 мыңы белгісіз себептермен тестілеуге бармаған.

Биыл ҰБТ-ның орташа балы - 79,5 болды. Ал, межелі 50 балды 15 368 түлек жинай алмады.

100 балдан жоғары алғандар саны - 14 420. Немесе 17 пайыз.

Ал, 11 жыл оқып, көңілге тоқып, «Алтын белгіге» үміткер балалардың 2000-нан астамы үмітті ақтады.

Ал, ең жоғары балл - 125-ті Астана, Алматы, Тараз, Батыс Қазақстан облысы, Оңтүстік Қазақстан облысынан  барлығы 5 түлек жинаған.

Әрине, тест болған соң, у-шусыз да болмады. Биыл 51 370 заң бұзушылық тіркелді. Салдарынан 48 түлек аудиториядан шығарылды.

Осы жылдың тағы бір ерекшелігі - 12 жылдық білім беретін мектеп оқушылары тест тапсырды. Олардың орта ұпайлары - 82,4 болды.

Ұлттық тестілеу орталығы келер жылы да жаңашылдықтар болады, дейді.

 

Хабарламаларға жазылу