Өткен аптада қойны-қонышы долларға толы жиһан инвесторларын жинаған ресми Астанаға осы сәрсенбіде дүниежүзінің дінбасылары келді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезі. Үш жылда бір өтеді.
Ең алғашқы жиын есте болса, осыдан он екі жыл бұрын, яғни 2003 жылдың қаңтарында болған еді, әлемнің 17 елінен 17 делегация келді сол кеңеске.
Ол кез жер жүзінде діни ахуалдың аса күрделенген кезеңі болатын. 2001 жылы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін әлем халқы сәлде орап, сақал қойғанның бәрін «терроршы» санап, секемдене қарайтын.
Мұсылмандарға деген көзқарас өзгеріп, хақ дінге күйе жағушылар көбейген шақ. АҚШ тың №1-лаңкесті іздеп, ауған жерінің астаң-кестеңін шығаратын, Ирактың билігін төңкеріп, басшысын дарға асатыны да сол жылдар.
Тап сол дінаралық алауыздық асқынған шақта Орталық Азияда орналасқан Қазақстан өзгеше мінез танытты. Әлімсақтан бері көзқарасы қабыспайтын, бір-біріне амандаспақ түгілі, қатар отыруды қор санайтын діндер басшыларын бір үстел басына жинады.
Әуелгіде «Бұл қалай болар екен?» деп, көпшілік күмәндана қарап еді. Алайда «ат кісінескенше, адам түсініскенше». Бастапқыда қыңырайып отырғандардың кейіннен иіні жібіді, ортақ мәселені алқа-қотан отырып шешетін болды.
Крылов мысалындағы «аққу, шортан һәм шаян» секілді өзді-өзінің мүддесін күйттемей өртеніп тұрған тақырыпты талқылағанда өгізді өлтірмейтін, арбаны сындырмайтын жол іздестірді.
Кейіннен бұл съездің салмақ-абыройы артып БҰҰ, ЮНЕСКО, ИСЕСКО секілді халықаралық ұйымдар қатысуға ықылас танытты. Қысқасы, үш жыл сайын Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайынан әлемдік деңгейдегі діни көсемдер керісіп емес, келісіп аттанатын дәрежеге жетті.
Жер жаһандағы бірде-бір дін зұлымдықты, соғысты, ұлттар арасындағы араздықты насихаттамайды. Бірақ, сенімді желеу етіп, дін туралы көзқарасы таяз топты айдап салып, немесе ақша ұстатып, көздеген мақсаттарына пайдаланатындар бар.
Олар – экстримистер, лаңкестік топтар. Есірткі тасымалы мен қару жарақ саудасын қыздырған қылмыстық ұйымдар. Рухани көшбасшылар – дінді желеу ететіндердің қатарында саясаткерлер де бар дейді...
Ияд Амин Мадани, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы:
Терроризм бұл - саясаттың құралы. Оны жеңу үшін алдымен саяси мәселелерді шешу керек.
Бұл жолғы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі «Бейбітшілік пен даму жолындағы діни және саяси қайраткерлердің үнқатысуы» айдарымен өтті.
Демек, адамзатқа ортақ рухани мәселелерді дін көшбасшылары саясаткерлермен бірлесе отырып шешуі керек. Сондықтан жиынға биыл Мемлекет басшылары шақырылды.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Гу Мун кейбір мемлекеттер жүргізіп отырған бөлу, бөлшектеу саясатын рухани дипломатия ғана жұмсарата алады дейді.
Мемлекет басшысы съезд аясында БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті. Тараптар әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысын талқылады және ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолдарын қарастырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіз экономика мен саясатқа, конфессияаралық мәселелерге қатысты алмағайып кезеңдегі жұмысбастылығыңызға, БҰҰ-ның 70 жылдығына дайындық жұмыстары жүріп жатқанына қарамастан, біздің елімізге келіп отырсыз. Сонымен қатар, сіз ядролық полигонды жабу жөніндегі бастамамызды қолдадыңыз. 29 тамыз -Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде атап өтіледі. Қазақстан бүгінгідей форумдар өткізу арқылы жер бетінде бейбітшілік орнату ісіне өз үлесін қосып келеді .
Пан Ги Мун, БҰҰ Бас хатшысы:
Сіздің көрегендігіңізді және қазір аса маңызды болып отырған осы съезді шақыру жөніндегі бастамаңызды лайықты бағалауға тиіспін. Сіз бұл бастаманы осыдан 15 жыл бұрын, жағдай қазіргіден мүлде басқаша болған тұста көтердіңіз. Бүгінде бүкіл әлем діни экстремизмнен және лаңкестіктен зардап шегіп жатқанда өшпенділікке қарсы тұруға шақырған діни көшбасшылардың қатары көбейгені және үні баршаға жеткені қажет.
Жаһандағы көп түйткілдің түйіні ресурс тапшығында жатыр. Тіпті қарулы қақтығыстардың астарында – мемлекеттік мүдде емес, су, жер, қара алтын дауы бар.
Алып мемлекеттердің арасында тепе-теңдікті сақтауға ұмтылыс жоқ. Гегемонияға ұмтылу - сенім дағдарысына ұласты. Алыптар бір-бірінен алшақтап, арбасқан сайын үшінші елдер соның зардабын шегуде.
Террор, бейбіт тұрғындардың шейіт болуы, мешіттердің қирауы, көшедегі көтерілістердің жиілеуі - дінге қатысы жоқ, бірақ дінді өзмақсатына жаратқысы келетін күштердің ойы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әлемдік әлеуметтік желілер діндер мен дін қызметкерлеріне қарсы толассыз шабуылға толып кеткенін көрмей қалуға болмайды. Әлемдік діндердің барлығы да сабырға, шыдамдылық пен ұстамдылыққа шақыруда. Адамдар арасында қақтығыстарды тоқтатып, бейбітшілік пен келісімге үндейді. Әлемнің басқа діндері секілді ең толерантты діннің бірі - бұл ислам. Исламды экстремизм мен лаңкестіктің кез-келген формасын ақтау үшін пайдалануға тырысу – күпірлік. Осынау күрделі кезеңде барлық діни қайраткерді өз жамағаттарын татулық пен келісімге, толеранттылық пен кешірімділікке үндеуін еселей түсуге шақырамын.
Астанада 2003 жылдан бері тұрақты түрде өтіп келе жатқан дін көшбасшыларының съезінің өзіндік тарихы қалыптасып үлгерді. Рухани лидерлер ортаға тастаған ұсыныстар, салмақты ойлар, құнды пікірлер - ұрпаққа аманат етуге болатын құндылық.
Сондықтан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезінің қорытынды отырысында мемлекет басшысы Бейбітшілік және келісім сарайында арнайы музей ұйымдастыруды ұсынды. Бұл рухани орда съезд тарихынан сыр шертіп қана қоймай, діндер мен халықтар достығын, бірлігін паш етпек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен осы ғимаратта бейбітшілік пен келісім музейін ұйымдастыруды ұсынамын. Өздеріңіз білетіндей, бұл ғимарат 2003 жылғы өткен 1-ші съездің шешімімен осындай форумға арнайы салынған. Сонымен қатар, Бейбітшілік пен келісім музейі съезд жанындағы ғылыми мекеме де болады. Ол діндер мен мәдениеттер диалогының тарихын зерделейді. Осы ғимаратта айтылған барлық идеяларды жинақтайды.
Елбасының енді бір ұсынысы - арнайы сыйлық тағайындау жөнінде болды. Түрлі діндер мен этностар арасындағы рухани келісімді насихаттап, халықтарды өзара түсіністікке, төзімдікке шақыруды өзінің азаматтық миссиясына айналдырған тұлғалар бар.
Олардың ерен еңбегі елеусіз қалмауы керек. Елбасы адамзаттық құндылықтарды насихаттап жүрген мұндай тұлғаларға құрмет көрсету маңызды екенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Рухани әлем мен келісімді дамытуға және нығайтуға қосқан үлесі үшін сыйлығын, сонымен бірге осы жерде бас қосатын көрнекті адамдар үшін құрмет белгісін бекітуді ұсынамын. Бұл сыйлықтарды діни лидердер кеңесі шешімімен тағайындап, съездің жалпы отырысында табыс етуге болады. Егер сіздердің тараптарыңыздан қарсылық болмаса, мен съезд хатшылығына осы екі мәселемен айналысуды тапсырамын.
«Жаһандағы бейбітшілік пен келісім үшін Астана диалог алаңы айрықшы маңызды». Діндер лидерлері съезінің пленарлық отырысына қатысқан Иордания Королі осылай деп мәлімдеме жасады.
Басқосудың маңызды болатыны жаһанда жамағатты рухани құндылықтар мен шынайылыққа шақыратын, әртүрлі дін өкілдерінің байланымын тоғыстыратын мұндай басқосулар сирек өтеді. Дінаралық диалогқа ұдайы әлем назар аударатын Қазақстанға, қазақ билігіне көшбасшылар риза.
Абдалла Ибн Хусейн, Иордания королі:
Бүгінгі таңда мұндай пікірталас, диалогтық алаң әсіресе маңызды. Өйткені, біз өз дінімізге, бейбітшілігімізге мейлінше қатер төндіретіндермен бетпе-бет келіп отырмыз. Жаһандық террор туралы әңгіме болғанда бұған жан-жақты қарсы тұру қажет. Бұдан бөлек, бүгінгі күні дағдарысты өңірлерде жапа шегіп жатқандарға халықаралық көмектер, саяси шешімдер арқылы болатын жәрдемдер аса қажет. Өйткені, ондай отты нүктелерде қалған адамдар дүниеден оқшауланған сезімде болмауы керек. Біз бірігуге тиіспіз, бірімізге біріміз жақынбыз, жақындауға тиіспіз.
Съезді қорыта келе, шараның мәртебелі меймандары Астана декларациясын құптады. Бұл құжатта дін көшбасшыларының ұсыныстары топтастырылған және ортақ ойлар көрініс тапқан.
Олар жер-жаһанда қақтығыстың, лаңкестіктің болмауын қалайды, әлемге солай деп үндеу тастайды. Бейбіт жолды таңдайды. Сол ниетпен көкке көгершіндер де ұшырылды.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС