Алаш ардақтыларының ұрпақтары Шымкенттегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алаш ардақтыларының ұрпақтары Шымкенттегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайына барды

31.05.2015
Алаш ардақтыларының ұрпақтары Шымкенттегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайына барды

Тағы бір дерек. Қуғын-сүргiн жылдары Ақмоладағы әйелдер түрмесiнде, яғни «АЛЖИР»-де 30 мың әйел жазықсыз жапа шеккен. Түрмеде 1 мың 507 нәресте дүниеге келген.

ГУЛАГ архипелагындағы ең iрi түрмелердiң бiрi – «КарЛАГта» 1932 жылы 22 мың адам отырған. Бұлардың 87 пайызы - қазақтар болған. 1931-1956 жылдары «халық жауы» деген желеумен 1,5 миллион адам «ҚарЛАГта» азап шеккен.

Жылдағы дәстүр. Биыл да Шымкенттегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайына кезінде «халық жауы» деп танылған Алаш ардақтыларының ұрпақтары барды. Ұлт мүддесі мен азаматтық ұстанымы үшін құрбан болған ұлыларды терең күрсініспен еске алды.

Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллиннің көзін көрген Кәбира Қарабалина –  алаштың біртуар ұлы Ұзақбай Құлымбетовтың ағасы Қарабаланың қызы. Қиын-қыстау кезде жетім қалған бес жасар  бүлдіршінді-атасы бауырына басып, туған қызындай көрді. Алайда, қамқоршысынан ерте айырылды.

1937 жылы Ұзақбай Құлымбетовты  «халық  жауы» деп ұстап әкетеді. Содан бері қаршадай қыз қиындықтың құрсауына түсіп, аш-жалаңаш та жүрді. «Халық жауының қызы» деп үнемі шеттетіле берді. Тек,1993 жылы арада жарты ғасырдан астам уақыт өткенде  Елбасы Жарлығымен Алаш ардақтылары толық ақталды.

Кәбира Қарабалина, Ұзақбай Құлымбетовтың қызы:

Содан бері менің көрген жақсылығым, халықпен бірге жүрдім, «халық жауының қызы», деген атты ұмыттым. Бірақ, қанша ұмытайын десем де, маңдайға таққан қара дақ қолмен жусаң кетеді, ал жүректе тұрған қара дақ, оны жүрегімде ұстай алмаймын.

Шыны керек, Мемлекет қайраткері – Ұзақбай Құлымбетовтың еңбектері туралы жұртшылық аз біледі. Өйткені, тарихтың қойнауында зерттелмеген талай дүниелер әлі де баршылық.

Ұлт зиялысы – республикадағы өнеркәсіптің дамуына, Түрксіб теміржол құрылысының салынуына, Алматы, Қызылорда қалаларының астана болып қалыптасуына тікелей басшылық жасады.

Олардың ұрпақтары бүгінгі елдің беделді ұландары. Шахматтан төрт дүркін әлем чемпионы, әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік  Кәбира Қарабалинаның шөбересі.

Білім беру саласында талай жыл тер төккен Кәбира әже осындай перзенттерім барда, зұлматты кездер  ұмыт қалады, дейді. Жылына бір осы бір даталы күнде тоқсанның екеуіне келген әжей саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайына асығады. Ана мен әкенің ыстық алақанын аңсайтыны анық аңғарылады.

Кәбира Қарабалина, Ұзақбай Құлымбетовтың қызы:

Шын мәнісінде мені шақырғанда, әкем де, шешем де өлмеген екен ғой, деп солардың тамағын ішіп кеткендей болып, қанша ауырып тұрсам да, дірдек қағып қызым Анардың қолынан жетектеп келемін осында.

Елім деп еңіреген қазақ зиялыларының басы оққа байланса, әйелдері «АЛЖИРде» қара жұмысқа жегілді. Қазақстан мен Орталық Азияның  көрнекті мемлекет қайраткері - Сұлтанбек Қожанов та мұндай жалалы жазадан шет қалмады.

Мына фотосуретте Сұлтанбек Қожанов жары Гүләнда, қызы Зибамен бірге. Светлана Тыныбекова – сол Зибадан қалған ұрпақ. Қорлық пен қуғында өткен күндер туралы өзгеден емес, өз  әжесінің  аузынан естіген.

Светлана Тыныбекова, Сұлтанбек Қожановтың жиен немересі:

Апам «Алматы-Қарағанды арасында қой бағып жүрмін. Жарық-Батұқ даласында қойды көзімнің қарашығындай сақтаймын. Қойдан басқа ешбір ой болмай қойды деп айтатын.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының  облыстық мұражайына  келушілердің қатары сиреген емес. Мұнда жылына мыңдаған адам келеді. Ал, 31 мамыр жақындағанда олардың қатары қалыңдай түседі.

Ханбибі Есенғарақызы, саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры:

Жазықсыз атылып кеткен азаматтар ғой бұлар, олардың ешқайсысының жаназасы шығарылған жоқ, иманы үйірілмеді. Халық үшін құрбан болғандар, солар үшін ас береміз, Құран бағышттаймыз. Біз қалаға ғана қызмет көрсетіп қоймаймыз аудандарға да шығамыз, күні ертең Созақтан 200 адам келеді.

Олар ұлт мүддесі жолында ұлы істерге барған ұлдар. Шымкенттегі «Қасірет мемориалына» жылдағы дәстүрге сай гүл шоқтары қойылады. Қазақ қауымы  жазықсыз шейт болған арыстарын  үнемі еске алып, руһына тағзым етеді.

 Гүлсара НҰРЛАН

Хабарламаларға жазылу