31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

31.05.2015
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық  құрбандарын еске алу күні

«Озбырлардың қылған лаңы,

Орға құлап кіл ардағы.

Опынтады елді мәңгі,

Отызыншы жылдар зары...». Ақын Ғайсағали Сейтақтан шумақ алуымыз бекер емес. Біздің ұлт үшін тарихтағы трагедиялы күн бүгін. Ашаршылық пен саяси қуғындардың құрбаны болған ата-бабаларымызды еске алатын күн бүгін.

1997 жылы Президенттің Жарлығы шыққан болса, биыл 18 жыл Алаш баласы мамырдың соңғы күнін қара жамылып қарсы алады. 1915 жылға шегінсек, Ахмет әке Байтұрсыновтың қазақтың саны алты миллионға жеткенін айтып, Аллаға шүкірлік қылғаны бар.

Ұлт қайраткерінің бұл сөзін патшалық Ресейдің 1897 жылғы жүргізген санағы да айғақтай түседі. Халқымыздың саны сол кезде 4 миллион 980 мың деп жазылыпты. Бірақ, 1916-1945 жылдар аралығында сол қайран алты миллион қазақ мың өліп, мың тірілді.

Бірінші жаһан соғысы, Ақпан, Қазан төңкерістері, әскери коммунизм. Бір-біріне мінгесе келген қос бірдей ашаршылық нәубеті, саяси репрессия, одан кейінгі екінші жаһан соғыс тауқыметі ұлтымыздың қастерлі дәуренін қасіретті дәуірге айналдырды.

Бас-аяғы 30 жылдағы осынау ойранда ормандай жұртымыз орны толмас шығынға ұшырады. Қазақтың үштен екісі қырылып, 1,5 миллионы ғана аман қалды. Мұстафа Шоқай да жазып кеткен.

Айтуынша, 30 жылдары аштан өлген қазақтардың саны 2 миллион 287 мыңға жеткен. Ал, бүгінгі тарихшылар: қос ашаршылықта қырылғандар 4 миллионнан асады деп жүр.

Саяси қуғын көріп, қорлықпен қаза болғандарға келсек. 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 118 мың адам репрессияға ұшыраған. Оның 25 мыңнан астамы атылған. Кеңес одағы бойынша 1930 жылдан 1953 жылға дейін саяси пиғылмен 3 миллион 778 мың 254 адам сотталған. Оның  786 мың 98-і ату жазасына кесілді.

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу