Биыл 124 мың 346 оқушы мектеп бітіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл 124 мың 346 оқушы мектеп бітіреді

24.05.2015
Биыл 124 мың 346 оқушы мектеп бітіреді

Ертең – соңғы қоңырау. Биыл 124 мың 346 оқушы бала шақтан болашаққа қадам басады. Алда оларды нағыз сын сағаты күтіп тұр. Ол әрине,  Ұлттық бірыңғай тестілеу. Біреулерін қуантқан, біреулерін құлатқан, жылатқан емтихан маусымның 2-сі мен 15-і аралығында өтеді.

ҰБТ-дағы биылғы жаңалық мынау. Мысалы, бұрын мектепті 5-ке бітіргендер тестілеуден 3 алған жағдайда ол аттестатқа 3 болып түсетін, енді, мектепті 5-ке тәмамдаған оқушы ҰБТ-дан 3 алған жағдайда бұл баға аттестатқа 4, ал 4 алған жағдайда 5 болып түсуі мүмкін. Алайда, бұл жайдары жаңалық жылдар бойы тер төгіп, журналға жаман баға түсірмеген оқушыларға ғана қатысты. 

Айтпақшы, биыл мектеп бітіретін 124 мың 346 қыз-жігіттің тек 79 мыңы ғана тестілеуге қатысады. Заңды сұрақ, сонда қалған 45 мың 346 бала қайда? Естуімізше, қазір мұғалімдердің өзі нашар оқитындардан қашқақтайды екен. Оларды ҰБТ-ға қатыспай, колледжге баруға үгіттейді. Өйткені, шындығы мынау.

ҰБТ мектеп, аудан, қала, тіпті облыстардың арасындағы жарысқа айналып кетті. Сондықтан, мектеп басшылығының ойынша, аз балл алып «мектеп абыройын төгетін оқушы тып-тыныш колледжге кеткені дұрыс».

Хабарламаларға жазылу