Ұлыбритания мен Грекия Еуропа одағынан шыға ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбритания мен Грекия Еуропа одағынан шыға ма?

17.05.2015
Ұлыбритания мен Грекия Еуропа одағынан шыға ма?

Осы аптада халықаралық ақпарат құралдарының назарынан тыс қалмаған экономикалық проблемалар да аз болған жоқ. Ұлыбритания мен Грекия Еуропа одағынан шыға ма? Бұл сауалға әзірге нақты жауап жоқ.

Бірақ, осы мәселені зерттеп жүрген сарапшылар «грексит» және «брексит» деген екі жаңа сөзді жиі қолданатын болды. Екеуі де «шығу» деген мағынаны білдіреді.  Франция қаржы министрі мәлімдегендей, бұл проблема алдағы апталарда қызу талқыға салынатын болады.

Жалпы алғанда, биылғы жыл дүниежүзілік экономика үшін сонша ауыр деуге келмейді. Мардымсыз болса да, кейбір аймақтар мен мемлекеттерде өсім бар. Алайда, дағдарысты толық еңсере алмай отырған мемлекеттер де жеткілікті.

Шығыс Еуропада экономикасы ес жия алмай келе жатқан мемлекеттердің бірі -  Венгрия. Мұндағы 10 миллион тұрғынның 17 пайызының арманы – шетелге кетіп, жұмыс табу. Өйткені, туған жерде тұрмыстары өте төмен.

Осыдан бірер күн бұрын ұрандатып Будапешт көшелеріне шыққан демонстранттар – денсаулық сақтау саласының қызметкерлері. Әдетте, ақ халатпен жүретін медиктердің бір бөлігі өздерінің мүшкіл халінің символы ретінде орталыққа қара киім киіп шыққан. Айтуларынша, жергілікті үкімет оларды айлықты дұрыс төлемей, Батыс Еуропа елдерінен жаңа кәсіп іздеуге мәжбүрлеп отыр.

Будапешт тұрғыны:

Бұрын ешқашан ойлаған емеспіз. Енді көріп отырсыздар, қара киіммен көшеге шығып, үкіметке «жетеді енді», деп ескерту жасап тұрмыз.

2014 жылы Венгрия экономикасы 3,6 пайызға өскен. Әрине, бұл Еуропа үшін үлкен даму көрсеткіші. Алайда, жергілікті министрлер кабинеті жариялаған статистика әзірге көптің көңіліне медеу болмай тұр.

Тұрмысы әбден төмендеген дәрігерлер өндірістің өркендегені туралы сандарды мысқылдай қабылдап, парламенттен жалақыны көтеруді талап етіп отыр. Болмаса, Венгрия дәрігерсіз қалады, дейді олар.

Экономикалық стагнация, өсімнің марзымсыздығы Италияның білім саласына кері әсер етіп отыр. Мұнда 25-64 жастағы азаматтардың 56 пайызында ғана орта білім бар.

Премьер-министр Маттео Ренци бұл саладағы жағдайды түзеу үшін жақында «Жақсы мектеп» реформасын ұсынды. Бірақ, үкімет басшысының жоспары мұғалімдерге ұнамады.  Олар Рим, Неаполь, Палермо қалаларының көшелеріне шығып, Ренциден реформаны тоқтатуды талап етті.

Өйткені, демостранттардың ойынша, министрлер кабинеті ұсынған идеяның астарында мемлекеттік білім беру мекемелеріне бөлінетін қаржыны қысқарту ниеті жатыр. Шеруге оқушылардың ата-аналары да қатысты. Олардың пікірінше, мектептің бюджеті ортаятын болса, оқу сапасы міндетті түрде төмендейді.

Паула Мерканти, оқушының анасы:

Мен осы шеруге 8 жасар ұлымды ертіп келдім. Оның дұрыс білім алғанын қалаймын. Бірақ, балам өскенде кім болады: жұмысшы ма, әлде сәулетші ме? Оны өзі таңдауы керек.

Жаңа реформаға сәйкес,  уақытша келісімшартпен жұмыс істеп жүрген 100 мыңдай мұғалім тұрақты жұмысқа алынуы керек. Алайда, сол тұрақты орынға қолы жетпеген ұстаздардың саны қазір Италияда 300 мыңға жуықтап қалған. Демек, Ренцидің жоспары жүзеге асатын болса, 200 мыңдай адам жұмыссыз қалайын деп отыр.

Жалпы алғанда, Еуропа одағындағы экономикалық жағдай айқын емес. Еуровалютаны қолданатын 19 елде өсім 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,4 пайызға өсті. Ал, былтыр даму жолына түскен Грекия рецессияға қайта оралды.

Дәлірек айтсақ, оның жалпы ішкі өнімі биыл қаңтар-наурызда 0,2 пайызға қысқарды. Биыл Еуропаның локомотиві – Германияның да жағдайы мәз емес. Неміс экономикасы бірінші тоқсанда бұрынғы болжамдағыдай 2 жарым пайызға емес, небәрі 0,3 пайызға дамыған.

Германияға қарағанда, реформаға тым шабан Францияның өндірістік өсім көрсеткіші екі есе тәуір болып шықты – 0,65 пайыз. Париждің ендігі жылдан да үміті зор. 

Мишель Сапин, Франция қаржы министрі:

Біз келесі жылы 1,5 пайызға өсу межесін көздеп отырмыз. Яғни, қазіргі деңгейден асу жоспарымыз бар. Осы сандармен салыстырып көрсек, 2014 жылы жағдайымыздың тым нашар болғанын көреміз.

30 жыл бойы орта есеппен 10 пайызға өсіп отырған Қытай экономикасы биылғы жылдың бірінші тоқсанын 7 пайыздық дамумен қорытындылады. Сондықтан, бұл мемлекет үшін қазір өндірістің белсенділігін арттыру өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Сол ниетпен жақында Қытай орталық банкі пайыздық ставканы өткен жылдың қараша айынан бері осымен үшінші рет төмендетті.

Ал, Жапонияда өнеркәсіптік өндірістің азайып келе жатқанына екі айдан асты. Мұнай бағасы түсіп, құнды қағаздар қымбаттап жатса да экономиканың бұл саласын даму жолына қайтару әзірге мүмкін болмай тұр.

Жапон банкі болса, қазіргі монетарлық саясатын инфляцияны 2 пайызға көтеру мақсатында әрі қарай жалғастырмақ. Өйткені, тауар бағасы тым төмен болғандықтан, бизнестің ынтасы жоғары емес.

Америка Құрама Штаттарына келсек, мұнда жұмыссыздық бойынша алғаш рет жәрдемақы алушылардың қатары күрт көбейді. Олардың саны соңғы бір аптаның өзінде 10 мыңға артқан екен. Сөйтіп, АҚШ-та кәсіпсіз қалып, мемлекеттен қаржылай көмек сұрағандардың жалпы саны 275 мың адамға жетіп отыр.

Айта кетсек, Құрама Штаттарда жұмыссыздар саны үш ай бойы 300 мыңнан төмен болып отыр. Бірқатар сарапшылардың ойынша, осының өзі Америка экономикасында құлдырау қаупінің азайғанын білдіреді.

Джон Лонский, «Moody’s Analitics» компаниясының нарықтық экономика жөніндегі бас маманы:

Еңбек нарығы күшейіп келеді. Оның жағдайы бұрынғыдан тәуір. Сондықтан, экономикаға төнген рецессия қаупінің деңгейі  өте төмен деуге болады.

Ресей болса, жақында субсидия бөліп, автоконцерндерді дағдарыстан құтқару жоспарын ұсынды. Себебі, биыл наурыз айында мұнда көлік саудасы 42 жарым пайызға қысқарған екен.

Жалпы алғанда, Ресейде автомобиль өнеркәсібін қолдауға мемлекеттік қордан 25 миллион рубль немесе 424 миллион доллар жұмсалайын деп отыр. Бұл қаражаттың бір бөлігі машина сатып алуды ынталандыру шараларына, ендігі бір бөлігі мемлекеттік мекемелерді көлікпен қатамасыз ету арқылы автозауыттардың өніміне сұранысты арттыруға кетеді.

Ал, Венесуэла ОПЕК елдеріне мұнай бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік беретін келісім әзірлеп жатыр. Бұл жөнінде осы елдің президенті Николас Мадуро Катардың әмірі Тамим бин Хамад әт-Танимен Каракаста өткен кездесуден кейін мәлімдеді. Мадуроның  сөзіне қарағанда, қазіргі мақсат - «қара алтынның» 1 баррелінің бағасын 100  долларға дейін көтеру.

Николас Мадуро, Венесуэла президенті:

Бүгінде біз осы мәселе бойынша келісім жасау жолында жұмыс істеп жатырмыз. ОПЕК елдерінің және басқа да мұнай өндірушілердің өкілдерімен кездесіп, маусым айында бір мәмілеге келеміз.

Бірақ, «Reuters» агенттігінің мәліметіне жүгінсек, расында да маусымның 5-де бас қосатын ОПЕК елдері мұнай құнының әлі бірнеше жыл бойы 100 долларға дейін өспейтінін болжап отыр.

Дегенмен, келесі жылы бұл энергетикалық шикізаттың бір бөшкесі шамамен 70 долларға сатыла бастайды деген үміт бар.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу