Қазақтың күй өнеріндегі жеті мектеп болса, солардың сүбелісі – Қазанғап мектебі. Қазанғап Тілепбердіұлы – дәуірде бір туатын дара күйші. 124 күйдің авторы. Тек бүгінгі ұрпаққа 50-60 күйі ғана жетті. Әлі толық зерттелмеген.
Қазанғап байдың қозыларын бағып өскен. Әуенге ықыласы барын байқаған әкесі оған жиде ағашынан домбыра жасаттырып берген деседі. Қой соңында жүрген Қазанғаптың күйге деген іңкәрлігі осылай басталыпты.
Ол домбыраны оңқай да, солақай да тарта білген. Сүйретпе қағыс пен ілме қағысты астастыра отырып, ешкімге ұқсамайтын өзіндік күй дәстүрін қалыптастырған.
Ол әлгі домбыраның бетқақпағы бар ғой, соның дыбысын шығарып, саусақтарымен тарсылдатып орындайтындарға «Сенің қолыңдағы дабыл емес, шектің таза өз үнін бер, дыбысты үркітпе» деп ескертіп отырады екен.
Қазанғаптың алпыс екі тамырлы «Ақжелеңінен» басқа ел ішінде сирек орындалатын күйлері көп. «Күй шақырғыш», «Өттің дүние», «Көкіл», «Сауранкөк», «Дүркін-дүркін» дүние т.б. Ал, оларды бүгінге жеткізуші кімдер?
«Аptа.kz» тілшілері Қазанғаптың шәкіртінің шәкіртін тапты. Ол – Жұмабай Жансүгіров. Ол- нота білмегенмен, күйшінің әлі жарыққа шықпаған күйлерін жатқа біледі. Ол бүгінгі ұрпаққа жеткізуші. Қазанғап оның түсіне үш рет кіріп, аян берген. Не айтты?
Жұмабай ақсақал Ақтөбе облысының Шалқар топырағында туған. Домбыраны қолына 8 жасынан ұстаған. Биыл 85-ке келді. Демек, 77 жылдан бері күй тартып келеді. Бұл кісі Қазанғаптың көзін көрген, күйлерін құлаққа сіңірген Қадірәлі Ержановтың шәкірті.
Жұмабай Жансүгіров, күйші:
Кешегі 1944-1945 жылдары Қадірәлі Ержановты тауып алдым. Қазанғаптың тікелей бірінші шәкірті. Сол кісінің түйесін 4 жыл бақтым. Сонда жүргенде Қазанғаптың күйлерін үйреніп алдым. Қазанғаппен екі ортамызда бір-ақ кісі. Шүкір, содан бері Қазанғаптың күйлері менде.
Жұмабай ақсақалдың айтуынша, ұстазы Қадірәлі мен атақты Қазанғап бір ауылдан. Жас Қадірәлі Қазанғаптың қасына еріп, екі жыл ел аралап, күйлерін көкейіне құйып алған. Кейін Қазанғап өмірден өтерінде Қадірәлі Ержановқа домбырасын сыйлап кеткен.
Бұл Қазанғаптың көпшілік біле бермейтін «Домалатпай» деген күйі. Күйші «Аptа.kz»-ке арнайы орындап берді. Қысқаша тарихы былай.
Жұмабай Жансүгіров, күйші:
Қазанғап бір байдың атын байлап келе жатса, көлеңкеде екі қыз ұршық үйіріп отырған деседі. Содан олар Қазанғаптың күйші екенін біліп, иірілген жіпті домалатып жіберіп, «ал қане, күйші болсаңыз, күй шығарыңызшы», дейді.
Бармағынан саз саулаған Қазанғапқа не тәйірі? Әп-сәтте дәл осы күйді күмбірлетіп берген екен. Сол секілді мына күй де Жұмабай ақсақалдың арқасында бүгінге жетті. Эксклюзив. Табиғаты мұңға толы бұл күй «Ұршықтың жұртта қалғаны» деп аталады. Тарихын тыңдаңыз.
Жұмабай Жансүгіров, күйші:
Бір үлкен әже көп жасаған. Өзімен бірге жасасып келе жатқан ұршығын көшкенде табай алмай қалады. Ұршығы жұртта қалып қойған. Содан ол ұршығын таба алмай, зарлайды. «Ойбуй, ойбуй, ұршығым, жұртта қалған екен ғой, жоқ қой, жоқ қой», деп. Содан Қазанғап күй шығарады.
Бұл бүгінге дейін бәймәлім болып келген, Қазанғаптың шәкіртінің шәкірті құлағына құйып өскен, жүзден астам күйдің тек бір-екеуі ғана. Жұмабай ақсақалдың Қазанғаптың күйлеріне ғашық болуы бекер емес. Тыңдап көріңіз.
Жұмабай Жансүгіров, күйші:
1971 жылы Қазанғап бабамыз түсіме кірді. Аян беріп, «балам, менің «Домалатпай» күйімді көптен тартпай жүрсің, тарт», деді. Тартып бердім, содан кетті. Екіншіде 12 жылдан кейін тағы аян берді.
«Торы атымның бөгелек қақпайын» тартып бер», деді. Тартып бердім. Содан бір аптадан соң, тағы келді. «Балжан күйімді» тартып берші», деді. Міне, содан бері, 83 жылдан бері әлі келген жоқ.
«Күйлерін қайта-қайта орындатуы - туындылар ұмыт қалмасын, ұрпаққа жеткіз» дегені шығар. Себебі, қасиетті тұлғалардың аян беруі тегін емес қой. Бірде сырқат қысқан Жұмабай қарияның түсіне күйші баба тағы кіріпті.
Жұмабай Жансүгіров, күйші:
Мына қолымды ауыртып алдым. Ат басып кетті. Аттың тұқайы қатты ғой. Өзім салдым. Бірақ, түспеген. Содан Қазанғап түсіме кіріп, «Балам, налыма. Жазылады. Содан бері қолым ауырмайды. 83 жылдан бері ауырған жоқ.
Жұмабай ақсақал 40 жыл қой баққан. Қой бағып жүріп, Қазанғаптың барлық күйін еш нотасыз-ақ, мида сақтап келген. Бұл енді кез келген пендеге қонбайтын қасиет шығар.
Жұмабай Жансүгіров, күйші:
Қазанғап консерватория бітірген жоқ. Алланың құйған өнері сол жарыққа шығып тұр. Оны халық қабылдап алып, үлкен мұра қылып, тартып жүрміз. Сол көкірекке құйған күйді мен әлі халыққа таратып келемін. Менің тартқан күйімнің нүктесі бәрі түзу. Қайта нотасы дұрыс емес. Аттап өтіп кетемін.
Ауылдан ұзап шықпаған Жұмабай қарияның Астанаға алғаш келуі. Аса қуанышты. Ол бұл сапарында Елордадағы үлкен концертке қатысып, Қазанғаптың күйін орындады. Өнерден алыс емес ағайын да бабаның күйіне, домбыраның үніне шөліркеп қалса керек. Бірі көзіне жас алып, бірі ерекше қол соғып, қарияға ізет-ілтипаттарын көрсетті.
Бүгінде Жұмабай Жансүгіров жасы 85-ке келгенмен, Қазанғаптың күйлерін ұрпаққа жеткізу үшін тынбай еңбектеніп жүр. Шәкірттері көп. Оның бер жағында танымал өнертанушы Әбдулхамит Райымбергенов секілді ұлтжанды азаматтар Қазанғап атындағы республикалық «Ақжелең» күйшілер байқауын өткізіп келеді. Демек, Жұмабайдай қарттарымыз барда, ұмыт қалған Қазанғаптың кесек күйлері халқымен әлі қауышары хақ.
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ