Астана – EXPO-2017 көрмесінен кейін халықаралық қаржы орталығына айналады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана – EXPO-2017 көрмесінен кейін халықаралық қаржы орталығына айналады

17.05.2015
Астана – EXPO-2017 көрмесінен кейін халықаралық қаржы орталығына айналады

Астана – EXPO-2017 көрмесінен кейін халықаралық қаржы орталығына айналмақ.  Мұны Мемлекет басшысы 5 мамыр күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.

Президент былай деп еді: EXPO үшін салынған зәулім ғимараттар мен кеңселер көрмеден кейін қаңырап бос қалмауы керек. Керісінше, EXPO қалашығы – қаржы орталығы болады. Сөйтіп, әлемнің үздік 10 астанасының қатарына кіру ниеті бар Астана тауар-ақша қатынасының шыңына шығады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Халықаралық қаржы орталығын құру барысында біз Дубайдың тәжірибесін негізге алуымыз керек. Сол елдің инвестициялық резиденттік принципін енгізуіміз қажет, ал клиенттік қарым-қатынасты нормативті-құқықтық, келісім-шарттық реттеуге алмастыру керек.

Мен Дубай шейхімен сөйлестім, ол жақта біздің делегация да болып қайтты. Енді біз алмасқан тәжірибеміздің арқасында бірге құрамыз. Біздің орталықта өз заңдылығымыз болады және бәрі шетелдік құқық бойынша жүргізіледі.

Қаржы орталықтарын құру жаһан тәжірибесінде бар. Ең ірі негізгі қаржы орталықтары Дубайдан бөлек, Франкфурт, Лондон, Токио, Гонконг, Сингапурде орналасқан. Әлемдік қаржының қомақты қоры осы орталықтарда айналымға түседі. Енді бұл тізімнен бұйырса, қазақтың Астанасын да көріп қалармыз.  

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу