Волгоград аумағынан қазақстандық бірнеше жауынгерге қатысты жаңа деректер шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Волгоград аумағынан қазақстандық бірнеше жауынгерге қатысты жаңа деректер шықты

10.05.2015
Волгоград аумағынан қазақстандық бірнеше жауынгерге қатысты жаңа деректер шықты

Сұм соғыстың тартқызған тауқыметі аз болған жоқ. «Aptа.kz» бүгін тағдырлары қилы кейіпкерлерді сөз қылмақ. Оларды соғыс ерте есейтті. Бірі – сәби шағынан фашистердің тұтқынында, концлагерде болған кейуана.

Енді бірі – екі жасынан жетім қалып, 17 жылдан соң анасын тапқан тыл ардагері. Тағы бірі – үйіне «қара қағаз» келіп, өлдіге саналып, бірақ, соғыс біткен соң оралған майдангер.

Ал енді бір кейіпкер – жауынгерлердің от пен оқтың арасында жүріп жазған хаттарын жатқа оқып, оқығанда да әуенмен баяндайтын әже. Бұлардың барлығы- соғыс зардабын тартқан Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданында тұрады. 

Жәнібек станциясы соғыс жылдары Сталинград майданының жақын тылы болды. Аралары қашық емес. Тікелей тартқанда, шамамен 200 шақырым. Сондықтан, 1942 жылы Сталинградқа кірген неміс фашистері Жәнібек, Сайқын, Шоңғай ауылдарын да әуеден талай атқылады. Дерек бойынша, 538 бомба тасталған.

Айтпақшы, сол Жәнібекпен шекаралас Сталинград, қазіргі Волгоград аумағынан бірнеше қазақстандық жауынгерге қатысты жаңа деректер шықты.

Мейіржан Әлібекұлы, тілші:

Ресейдің Волгоград облысына қарайтын Эльтон селосы. Сонау Сталинград шайқасы кезінде осы Эльтонда №415-ші әскери госпиталь болған. Сол госпитальде талай жауынгер емделген. Жан тапсырғандары жерленген. Арасында қазақтарымыз да бар.

Әскери госпиталь әлі күнге бар. Бұрын тек жауынгерлерді емдесе, бүгінде жалпақ жұртты емдейді. Санаторияға айналған. Жекеменшік ғимарат. Сондықтан, біз кіре алмадық. Ал, осы госпитальде қаза болған барлық қарулас Эльтон төріндегі мына «Бауырластар» зиратында жатыр.   

Ахмедьяр Батырханов, өлкетанушы:

Ресми деректерге жүгінсек, осы госпитальде 325 жауынгер жерленген. Осы біз келіп тұрған бауырластар зиратында. Біз 5 қазақстандық жауынгердің осында жерленгенін анықтадық. Әлі зерттеу керек. Себебі, қазақша фамилиялар өте көп. Мысалы, Өмірзақов, Қадырболатов.

Енді Эльтон селосында жерленген 9 қазақстандық жауынгер туралы мағлұматқа назар аударыңыз. Бәлкім, іздеушілері бар шығар.  Аспатов Баягит, Торғайдан.  Ахметов Садар, Қостанай облысынан. Жүзбаев Әбден, Жамбыл облысынан. Аяпов Елубай, Қызылорда облысынан.

Миронов Василий, Шығыс Қазақстаннан. Ламин Матвей, Ребров Александр, екеуі де Батыс Қазақстан облысынан. Ульянов Алексей, Шығыс Қазақстан облысынан. Соркин Григорий, Алматы қаласынан соғысқа аттанып, бәрі Эльтонда қаза тапқан.

Бұл мәліметтер Подольскі мұрағатынан алынған. Айтпақшы, осы зиратта жерленген 325 жауынгердің 33-нің аты-жөні белгісіз. Арасында қазақстандықтар болуы мүмкін.

Шекара бөліп тұрған Эльтон мен Жәнібек соғыстың құқайын көп көрді.  Аралары 45 шақырым. Жол бойында соғыс жылдарынан қалған «қызыл жұлдызды» қорым көп. Белгісіз солдаттар жатыр. «Бауырластар зираты» да кезігеді. Ересектер мен емшектегі сәбилер дәл осы маңда қырылып қалған.

Ахмедьяр Батырханов, өлкетанушы:

1942 жылдың күз айында Сталинград қаласындағы «Баррикада» және «Красный октябрь» зауытының жұмысшылары мен отбасыларын көшіріп бара жатқан уақытта эшелонды жау ұшақтары бомбалап, 1200-ден астам адам қаза тапқан.

Мына қасымыздағы «Бауырластар зиратына» «Баррикада» зауытының жұмысшылары жерленген. Мына жерге Сталинград қаласындағы «Красный октябрь» зауытының жұмысшылары мен отбасылары жерленген.

Ал, Жәнібектен соғысқа аттанған Үркін мен Қарес Ақыбаевтардың тағдырлары аянышты. Ағайындылардың екеуі де тұтқынға түсіп, соғыс біткен соң, босап шыққан. Ал, оған дейін екеуін де бүкіл ауыл «өлдіге» санаған. Өйткені, аналарына «екі ұлың да өлді» деп, «қара қағаз» келген.

«Өлді» деген мәліметтер интернеттегі «обд-мемориал» сайтында әлі күнге өзгеріссіз тұр. Қараңыз, Қарес Ақыбаев. 1944 жылы туған. Винницк облысының, Оратово деревнясында жерленген.

Әлібек Қаресов, Қарес Ақыбаевтың ұлы:

«Қаралы қағаз» келгенде әжем: «мен жылаған жоқпын. Себебі, көңілім сенген жоқ өлгендеріне. Содан ағайын-тумалар «қалай қаттысың сен?», деп таңғалды. Бірінші баладан да, екінші баладан да «қара қағаз» келгенде де сенген жоқпын», дейді.

1941 жылы Сталиннің  №270-ші бұйрығы шықты.  Жауынгерлерден тұтқынға түспеу талап етілді. Түсті ме, өзін өлтіруге міндетті болды. Елге оралғандары «сатқын» есебінде сотталды. 1941 жылдың күзінде 3 миллион 900 мыңнан астам Кеңес жауынгері тұтқынға түскен.

Ағайындылардың үлкені Үркін Қаресов 5 жыл Сібірге айдалып, отбасымен тек 1953 жылы қауышқан. Ал, інісі Қарес түрмеден аман қалған. Талай жыл «өлдіге» саналып келген екеуінің бір күні үйге оралғанда, отбасының қандай күйде болғанын көзге елестету  қиын.

Әлібек Қаресов, Қарес Ақыбаевтың ұлы:

Әжем де, баласы да қуанған шығар. Біз өзіміз екі жыл әскерден келгенде әке-шешені көріп қалай қуансақ, мына соғыс тіпті ұзақ болды. Содан тірі келгенде қуаныштарында шек болмаған шығар, деп есептеймін.

Бұл «Отан қорғаймыз» деп кетіп, керісінше солақай саясаттың кесірінен «Отанға опасыздық жасады», деп сотталған миллион тағдырдың бір-екеуі ғана.  

Сейсенғали Бейсенғалиев соғыс кезінде шырылдап, екі жасында жетім қалған. Үш бауырының бүгінде өлі-тірі екенін білмейді. Бір жігіт ағасының мұны асырап алып, кейін өзі де соғыста қаза тапқанын айтады. Жетімдер үйінде өсіп, аштықтан аман қалғанын айтады.

Сейсенғали Бейсенғалиев, тыл ардагері:

Бір бала ісініп кетіп, өліп қалды. Біздің сүйектеріміз жарылды. Сөйтсем, аштықтан сүйек жарылады екен. Сосын жұрттар мал сойғанда, қанын алып, ұйытып жедік. Сосын арам өлген малдардың етін отқа қақтап жедік. Басқа амал жоқ.

Сейсенғали қария да тағдырлы кісі. Жетім бала соғыс біткен 17 жылдан соң, жоғалып кеткен туған анасын тауыпты. Бірақ, бауырлары белгісіз. Бұл кісі ұзақ жыл математик те болды.

Жұбайын былтыр жерлепті. Қазір жалғызілікті. «Кейде жалғыздықтан жылап аламын», дейді. Кейде жылаңқы дауыстарға толы «жетімдер үйі» түсіне кіретінін айтады.

Сейсенғали Бейсенғалиев, тыл ардагері:

Сталинге риза боламын. Ол бұйрық берген ғой. «Қаңғыбас, жетім балаларды жинаңдар, оқытыңдар, қамқор болыңдар», деп. Міне, бізді адам етті. Мен мұғалім болып шықтым. Әйтпесе, кім біледі, дымсыз қалады екенбіз.

Біз кетер тұста, Талов ауылына арнайы Жәнібектен шекара қызметі келіп жатыр екен. Ардагердің көңілін аулау үшін.

Осы Талов ауылында тағдыры жүректі ауыртар тағы бір жан тұрады. Евгения Меньших. Дәл соғыс басталған 1941 жылы қазіргі Калининград облысында туған. Бұл кісі Освенцим, Заксенхаузен десе, жүрегі аузына тығылады. Өйткені, 1,5 жасынан анасымен бірге концлагерде болған. Фашистердің тұтқынында.

Евгения Меньших, зейнеткер:

Үйлер өртеніп жатыр. Ауыл тұрғындары өзен бойымен қашып барады. Мен жылауық болған екенмін. Содан ауылдастар анама: «қызды тастап кет, қазір фашистер ұстап алады», деген.

Содан анам  мені көрпеге орап тастап кеткен. Өйткені, фашистер соңымыздан атқылап жатқан. Содан анам айтады, «соңына қарасам, екі фашист қуып жетті. Біреуі сені көтеріп алған, дейді. Келді де автоматты бетіме тақап, «бізде де кішкентай бала бар. Егер балаңды тағы тастайтын болсаң атып өлтіреміз», деген. Сөйтіп, мен тірі қалған екенмін...

Соғыс жылдары фашистердің 22 концентрациялық лагері, екі мыңнан аса филиалы болған. Ол жерлер нағыз тозақ болғанын қайталап айтудың қажеті жоқ. Осы лагерьлерде Евгенияның екі әпкесі мен екі ағасы да болған.

Кеңес жауынгерлері тұтқыннан босатқан жылы Евгения 4-5 жаста екен. «Аязға да, ыстыққа да, аштыққа да шыдауға болар, бірақ, фашистер қашан атып тастар екен» деп өлімді күткен үрей бәрінен жаман екен», дейді Евгения Меньших. Калининградтың тумасы Жәнібек ауданында 1964 жылдан бері тұрады.

Евгения Меньших, зейнеткер:

Анамыз айтатын «соғыстан басқасының бәрін де төзу оңай», дейтін. Бейбітшілікті қадірлеңдер дейтін. Талай еврейлерді тірілей көмгенін көрдік. Өз офицерлеріміздің миналарды басып қырылып қалғанын да көрдік. Бала болсақ та сүйектерін жинадық. Балалық шақ деген бізде болмады...

Евгения Меньшихтың немерелерінің бәрі әскери екен. Кешегі Астанадағы парадта өнер көрсетіпті. «Бізді қорғасын», деп әдейі әскери мамандықты таңдаттық», дейді. Қазір жолдасы екеуі ауылда бақ өсіреді.

Германиядан ай сайын моралдық өтемақы ретінде 11 мың теңге алады. 74-ке келген ол концлагерді еске алса, ауырып қалатынын айтып, ашыла қоймады.

Талов пен Жәнібектің ортасында Қамысты дейтін ауыл бар. Бұл кісі сол Қамыстыға аты шыққан, кезінде шопан болған Айман Ғұмарова. Бұл апаның қасиеті майдан даласынан келген жауынгерлердің хаттарын жатқа оқиды. Айтуынша, әкесі төрт ағайынды, төртеуі де соғысқан. Төртеуі де ақын болған. Мәселен, мына өлең көкіректі кернеген кектен туған.

Айман Ғұмарова, зейнеткер:

«Сол күні күні бойы атыс болды,

Етпеттеп жер бауырлап, жатыс болды.

Жалғыз оқ маңдайынан тура тиіп,

Жолдасым қасымдағы қайтыс болды.

Тигенін жалғыз оқтың біліп қалдым,

Не болды, бауырым, деп жетіп бардым.

Етпеттеп, жер бауырлап қалған екен,

Көтеріп маңдайынан қолыма алдым...»

Айман апа хат келген соғыс жылдары 2 сыныпта оқыпты. «Түнімен әуендетіп, осылай жаттайтынбыз, үлкендер егіліп жылайтын», дейді. Бұл кісіде хаттардың түпнұсқасы сақталмапты. Бірақ, миында сақталған хаттар тізбегін мөлдіретіп төркөз дәптерге түсіріп қойған. Ұрпағына аманаттап.

Бұл тарихы тереңде жатқан Жәнібектегі 3-4 кейіпкеріміз ғана. Тағдыры мен тауқыметі соғыспен байланысты кейіпкерлер жүздеп саналады. Тек өкініштісі, олардың қатары күн санап сиреп барады...

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу