Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет құрамын қайта бекітті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет құрамын қайта бекітті

03.05.2015
Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет құрамын қайта бекітті

Апта соңында Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет құрамын қайта бекітті. Президент үш партияның Парламенттегі фракция жетекшілерімен кездесіп,  Премьер-Министр қызметіне Кәрім Мәсімовты ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен бағдарламамды жарияладым, барлығыңыз да естідіңіздер. Жеңіл шаруа емес, оның үстіне қазіргі кезең де күрделі. Мұндай кезеңде уақыт тапшы. Сондықтан, Конституцияға, Заңдарға сәйкес инаугурацияны өткіздік.

Енді үкімет ешқандай кедергісіз жұмыс істеуі керек. Сондықтан, мен Мәсімовтің кандидатурасын Премьер-Министрлікке ұсынамын. Ол үкіметті жасақтап, жұмысты жалғастыруы тиіс.

Кәрім Мәсімовті ел біледі. Бұған дейінгі дағдарыстарды еңсерген тәжірибелі. Сондықтан, фракция басшылары да ұсынысты қолдады. Ел үшін Үкімет пен Парламенттің үйлесімді жұмыс істегені маңызды. Қазір экономикалық қатынастар әлемде күрделене түсті. Қаржылық дағдарысты өткерген жиһан бірден геосаяси текетіреске килікті, ол кикілжің экономикалық сипат алып отыр. Яғни, уақыт оздыруға болмайды.

Президенттің осы пайымын Мәжілістегі комитеттердің төрағалары мен фракциялардың жетекшілері қолдады. Мемлекет басшысы ел алдына қойылған міндеттерді жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру үшін бес институционалдық реформаны жүзеге асыру керектігін айтты. Ол үшін Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылды.

Бұл комиссияны Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов басқарады. Ал, оның орынбасары қызметіне Президент Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматуллин бекітілді. Сонымен қатар, Жаңғырту мәселелері жөніндегі Ұлттық комиссияның құрамындағы бес жұмыс тобын бес адам басқарады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кәсіби мемлекеттік аппарат құру жөніндегі жұмыс тобын Президенттің көмекшісі Е.Орынбаев, заң үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобын Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Т.Донақов, экономика мәселелері жөніндегі жұмыс тобын Ұлттық экономика министрі Е.Досаев, біртектілік және бірлік жөніндегі жұмыс тобын Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.Майлыбаев, есеп беретін мемлекет қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобын Парламент Мәжілісінің төрағасының орынбасары Д.Назарбаева басқарады.  

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу