Әбілғазы Құсайынов Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әбілғазы Құсайынов Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына барды

05.04.2015
Әбілғазы Құсайынов Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына барды

Қазақстан Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары  күн сайын өткізіліп жатыр. Мұндай жұмыс кестесі үміткердің аймақтардағы сайлаушылардың басым бөлігімен жолығып, пікірлесуі үшін жасалып отыр.

Осы аптада кандидат Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына барды. Жұртшылықпен жүздесуде өз  сайлауалды тұғырнамасының негізгі мақсаты – халыққа өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерін ескерту екенін айтты.

Таза су, саф ауа, жайқалған жасыл желек. Бұл да Әбілғазы Құсайынов бағдарламасының негізгі өзегі.

Әбілғазы Құсайынов сайлауалды сапары барысында Қызылжар ауданындағы Бескөл кентінде орналасқан сүт өнімдерін шығаратын зауытқа арнайы барды. Сайлаушыларды бағдарламасының басты бағыттарымен таныстырды.

Әбілғазы Құсайынов,  ҚР Президенттігіне кандидат:

Ірі өнеркәсіп объектілері өз қызметін техногенді апаттар тәуекелі болмайтындай етіп жүзеге асыруға міндетті. Мұндай апаттар әлемде көптеген адам өмірін әкетті және кейінгі ұрпақтың денсаулығына келеңсіз түрде әсер етті.

Кандидат өнеркәсіп орнында ғаламдық табиғи ауыртпалықты сауықтыру жолдарының да жоқ еместігіне жұмысшылардың көзін жеткізді. «Биосфераны дамыту заңдарын, оның азып-тозуының ықтимал себептерін түсіну маңызды екенін» еске салды.

Облыс орталығындағы «СолтүстікҚазақстанЭнерго» акционерлік қоғамында болған кандидат сайлауалды тұғырнамасындағы бастамаларына ғана тоқталмай, құрылыс салу барысында  біздің бай табиғатымыз зардап шекпеуі қажеттігін тілге тиек етті.

Кандидат жаһандық экология жағдайына тәрбие тұрғысынан қарауды да ұсынды. Жерді жамылған жасыл әлемді, ортақ үйімізді барынша кіршіксіз ұстау – адами асыл борышымыз екендігін айтып, сол парызды өскелең ұрпақ бойына сіңіру қажет, деп сөзін сабақтады.

Әбілғазы Құсайынов Солтүстік Қазақстан облысындағы сапары кезінде сайлауалды штабының жұмысымен танысты.  Бұл жер – үміткердің үгіт-насихат шараларын үйлестіріп отырған бірден бір орын.

Штаб жетекшісі Ольга Клишина кандидат Құсайыновтың аймақтағы науқаналды шараларын басқарады. Жауапкершілігі зор міндетті мойнына алған өңірдегі өкіл «Біз азаматтық құқығымызды еркін жүзеге асырудамыз. Әрі бұқаралық ақпарат құралдарына есігіміз ашық», дейді.

Ольга Клишина, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың облыстық сайлауалды штабының жетекшісі:

Облыстық штаб қазір үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Сенімді өкілдер республикалық штабтың бекіткен жоспарына сәйкес әрекет етуде. Бүгінде кандидаттың билбордтары мен плакаттары белгіленген орындарға ілінді.

Қазір біз Әбілғазы Құсайыновтың сайлаушыларға арналған сайлауалды тұғырнамасын таратудамыз. Жұмысқа ешқандай кедергі жоқ.

Су көздерінің тұнық болуы, ауа қабатының азбауы - кандидат  Құсайынов бағдарламасының негізгі желісі. Сондықтан, оның жергілікті тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етіп отырған «ҚызылжарСу» мекемесіне келіп, жұмысшы қауыммен әңгімелесуі түсінікті.

Әбілғазы Құсайынов,  ҚР Президенттігіне кандидат:

Топырақтың тозу процесінің нәтижесінде жыл сайын 7 миллион гектарға жуық құнарлы жер әлемдік ауыл шаруашылығы айналымынан шығады.  Адамның табиғатқа деген ұқыпсыз қарым-қатынасын уақыт талабы ретінде қабылдауға болмайды.

Қостанайға атбасын тіреген Құсайынов мұнда да су мекемесіндегі сайлаушылармен жүздесті. «ҚостанайСу» кәсіпорнының жұмысшылары экоқауіпсіздік жөнінде біршама деректерге қанықты.

Азон қабаттарының бұзылуы, әлемдік мұхит суларының ластануы бағдарламасында көрініс тапқанын атап өтті. Кандидаттың басты ұстанымын насихаттаушы топ оның аймақтағы сайлауалды штабы.

Бауыржан Тибеев, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың облыстық сайлауалды штабының жетекшісі:

Аймақта сайлауалды штаб қызу жұмысқа кірісті. Алдағы уақытта үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүргізіліп, бірқатар іс-шаралар өткізіледі.

Әбілғазы Құсайынов Қостанай жұртшылығына сайлауалды тұғырнамасының тетіктерін тәптіштеп түсіндірді.

Рүстем Жоламан, ҚР Президенттігіне үміткер Ә.Құсайыновтың сайлауалды штабының жетекшісі:

Біз халықты экология ғылымдарының негізгі бағыттарымен ақпараттандырғымыз келеді. Осы мәселеге мұқият көңіл бөлуге шақырамыз. 

Үміткер осылайша көпшілікті әлемдік экологиялық мәселелерге назар аударуға шақырды. Оны қастерлеп күтіп ұстау керек. Ол – әр адамның, әрқайсымыздың басты міндетіміз деп сөзін қорытты.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу